Үш баланы жалғыз өсірген әке: Баланы айқаймен тәрбиелеу – қате
23.05.2018ж.

Үш баланы жалғыз өсірген әке: Баланы айқаймен тәрбиелеу – қате

Ол ғалым да, табысты кәсіпкер де, халықты билеген басшы да емес. Ол - жары дүниеден ерте өтсе де, үш баласын өзі өсіріп жеткізген отбасы тірегі, асқар тау әке. Оның еңбекке құштарлығы мен бойындағы табиғи дарыны - кімге де болмасын үлгі-өнеге. Baribar.kz сайтының журналистері қиындыққа мойымаған батыр әке, бүгінде үбірлі-шүбірлі болып отырған мейірімді ата Қуандық Мырзабековтің шаңырағында қонақта болды.

65 жасты алқымдаған Қуандық Мырзабеков ата-анасы дүниеден өткеннен кейін, Шымкент өңірінен Алматыға қарай қоныс аударады. Көп ұзамай жарынан көз жазған отағасы бүкіл ауыртпашылықты өзі көтереді.

-Марқұм Қалдықыз «бауырым ауырады» деп айтатын еді. Дертін анықтағаннан кейін, төрт ай өткен соң ол да дүниеден көшті. Үш азамат үйде жалғыз қалғандай болдық. Үлкен қызым тұрмыста. Әйел адам бір күн үйде болмаса, береке қашады ғой. Кешке жұмыстан келгенде жарығы, оты жағылмаған үйге кіру ауыр болатын. Мұндайда өз үйіңе өзің кіруге қорқасың. Үйге кіріп, жарықты жағып, шай қайнатқаннан кейін ғана өз-өзіме келетінмін. Ол заман да өтті ғой, – деп шаңырақ иесі өткенін еске алды.

Қуандық Шегебайұлы Қуандық Шегебайұлының жары Қалдықызбен түскен фотосы ©Айгүл Хожантаева

Жары жайлы жарқын естеліктерімен бөліскен Қуандық Мырзабеков анасының жақсы қасиеттері балаларына дарығанын айтады.

-Жарықтық ақкөңіл, жарқылдап қалған жан еді. Өнерге, әнге жақын болатын. Алайда немерелерінің қызығын көре алмай, өмірден ерте кеткені жанымызға батады, – дейді ол.

Отбасындағы үлкен ұл Рүстем мектепке бармай тұрып домбыра тартуды өздігінен меңгерген екен. Ал ұлы болса, бұл қабілеттің әкесі мен анасынан берілген қасиет екенін айтады. Қуандық Шегебайұлы – кезінде музыка мектебін бітірген, жеті аспапта ойнай алатын өнер иесі.

Қуандық Шегебайұлы Қуандық Шегебайұлының шаңырағы ©Айгүл Хожантаева

-Домбыра, гармон, мандол, баян, гитара тартамын. Кезінде оркестрде ойнадым. 70-жылдарда “Замандас” деген бағдарлама болатын. Соған тұрақты түсіп отыратынбыз. Балтық, Тынық мұхиты, Солтүстік әскери теңіз флотында қызмет еттім. Шет жақта жүрсек те, домбыра тартып, жан-жағымызды думанға айналдыруды жанымыз сүйетін.

Нағашы атам домбырашы еді. Далада қандым деген ағаш өседі. Содан кішкентай кезімде маған домбыра жонып жасап берген екен. Интернатта 3-сыныпта қандымнан жасалған домбырамен көпшіліктің өнер көрсеткенім есімде. Қалай үйрендім – ол жағы жадымда қалмапты. Ал ұлдарыма аспапта ойнауды ешкім үйреткен жоқ. Өздері үйреніп, алып кетті. Бала кездерінен жиын-тойдың сәні болатын. Бойда болса, табиғи дарын деген бәрібір шығады екен.

Қуандық Шегебайұлы Қуандық Шегебайұлы немересімен ©Айгүл Хожантаева

Үйде төрт жигули айдадым. Үлкен ұлым кішкентайынан машинаға үйір болды. Қазір жеке транспорттық техникалары бар. Саудамен айналысады. Кенже ұлым да ағасына жәрдемдеседі. Бір жылдан асты, бала күнгі арманын жүзеге асырып келеді. Төрт-бес ән жаздырып, бейнебаянын шығарды. Қазір өнер саласына бет бұрды”, – дейді үш баланың әкесі.

Данияр Мырзабек Данияр Мырзабек ©Айгүл Хожантаева

“Əкем канша қиналса да ешкімге ешкашан мұңын айтып сыр білдірмейді. Бала кезімізде қатты ұрсып, яки ұрып көргені есімде жоқ. Балаға деген махаббатты шексіз. Бұрын бізді бір екі-ай көрмесе көзіне жас алып, көргенінде құшақ жайып қарсы алатын. Осындай жанашырлығын танытатын әкемнің бойындағы қасиеттерін ерекше жақсы көремін”, – дейді ұлы Данияр Мырзабек.

Қуандық Шегебайұлы Қуандық Шегебайұлы ұлдары Рүстем және Даниярмен ©Айгүл Хожантаева

Қуандық Шегебайұлы – бүгінде бар ауырпашылықты артқа тастап, немере сүйіп отырған бақытты ата.

“Түнгі үш-төрт болсын, менің қасымда жатпағанын білсе, жаныма келіп алады. Төртеуі төрт жақтан таласады. Осыларды еркелетіп, сүйіп отыру – қарап тұрсам, өлшеусіз бақыт екен”, – дейді ол.

  Қуандық Шегебайұлы ©Айгүл Хожантаева

Отбасының алтын діңгегі дүниеден өткен соң, бірнеше жылдан кейін Нұргүл Жаулыбаева шаңыраққа шуақ кіргізіп, Мырзабековтер әулетіне келін болып түседі. Бүгінде төрт баланың анасы – отбасының отымен кіріп, күлімен шыққан, үш бірдей азаматтың сыйластығына ие болған жан. Оның жайдары мінезін сырттай бақылаған жанның сүйсінбесіне амалы қалмас.

Нұргүл Жаулыбаева Нұргүл Жаулыбаева ©Айгүл Хожантаева

“Нұргүл жеңгем анамның қазасынан кейін Алланың бізге берген үлкен сыйы деп білемін. Анамыз дүниеден өткеннен кейін, біз бірден ержетіп кеткендей болдық. Екі жылға дейін жылап қалатынмын. Сабақтан келгенде үйде жоқ екенін сезіп, ауыр күй кешетінмін. Оқу бітіріп, еңбекке араласып кеттік. Сол көңілімізге медеу болды. Анамыз дүниеден өткеннен кейін төрт-бес жыл бойы ауыр кезеңдерді өткердік десек болады. Сол кезде уақыт жылдамырақ өтсе екен деп армандайтынмын. Сонда барлық қиындық жеңілдейтіндей көрінетін. Аллаға шүкір, бәрі ретімен болды. Уақыт өте ағаммен бастаған кәсібіміздің тасы өрге домалады. Қазір бала күнгі арманымды жүзеге асыруға да уақыт табылды”, – дейді Данияр Мырзабек.

Ата-анасынан дарыған қасиетті қалайда жарыққа шығарамын деген ниетті көздеген Данияр – өнерге нықтап ден қойған жастың бірі. Осы уақытқа дейін бірнеше ән жаздырған ол бейнебаянын да халыққа ұсынып үлгерді. Қазіргі таңда танымал композитор Бауыржан Есебаевтың шәкірті.

 

“Бала қарапайым отбасыдан шыққан соң осындай қарапайым, тәрбиелі болады” деген қате түсінік. Небір “қарапайым” деген адамдардан сотқар балалар дүниеге келіп жатыр. Ал балаларым мектепте де бұзықтық жасады дегенін естіртпеді. Кішкентай кездерінде бір-бірімен өтірік айтысып ойнайтын. Ер жеткенде де қиналып, “не істеймін?” деп бос жүрмеді. Балалық парыздарын мені қуантумен өтеп келеді” – дейді Қуандық Мырзабеков мерейленіп.

Қуандық Шегебайұлы Сол жақтан: Ұлы Рүстем мен келіні Нұргүл, ұлы Данияр, құдағиы Сәуле әпке және немерелері Асылбек, Іңкәр, Фарида, Асанхан.

Бүгінде айрандай ұйыған отбасыға береке “жалғыз әкенің төзімділігі мен қайсарлығының арқасында келді” десек, жаңылыспаған болар едік. Ұлдары мен қызына үлгі-өнегесін дарыта білген ол оқырмандарымызға да құнды кеңесін берді.

“Мына заманда бала ата-ананың айғайына, ұруына бағынбайды-ау. Оларға жақсы тәрбие беру үшін тек екі нәрсені ойға сақтау керек деп есептеймін. Алдымен, ата-ана не істейді – бала соны қайталайды. Сол себепті ата-ана өзі дұрыс болуы қажет. Екіншіден, балаға жақсы орта таңдауына бағыт беруі керек. Әсіресе, қазіргі уақытта баланың ортасына ерекше мән беру қажет. Ол оның болашағына тікелей әсер етеді”, – дейді Қуандық Мырзабеков.

 Ақжарқын Қыдырханова

Дереккөз: https://baribar.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер