Енем үйретті – 18 жасында отау құрған қыз қалай үлгілі кәсіпкер келінге айналды
18.04.2018, 13:28

Енем үйретті – 18 жасында отау құрған қыз қалай үлгілі кәсіпкер келінге айналды

Қазіргі қоғамда тұрмысқа шығып, үйде отырып қалудан немесе тұрмыс құрмай, мансаптың жолында кетуден қорқатын қыздар көп. Кем дегенде  4-5 жыл оқып алған дипломын  шаңнын астында қалдырмай қалай отбасының ұйытқысына айналуға болады? Бұл бүгінгі қыздырдың көкейіндегі мәселелердің бірі екені жасырын емес. Today.kz 18 жасында тұрмыс құрып, сыйлы келінге айналып, қызметін қоса атқарып, жеке кәсіппен айналысып жүрген жаңаөзендік Рысгүл Амантұрлиевамен әңгіме құрды. Керек кеңес болса, түртіп қойыңыз.

Рысгүл Амантұрлиева Жаңаөзен қаласында туып өскен. 11 сыныпты аяқтауына 2 ай қалғанда, мектепті бітірмей тұрмысқа шыққан. Қазір 1 ұл мен 1 қыздың анасы. Офис менеджер, кәсіпкер әрі модель.

Фото -

– Рысгүл, қайырлы күн! 18 жасыңызда тұрмысқа шығыпсыз. Алғаш келін болып түскенде қандай қиындықтар болды?

– Мен үйдің кенжесімін. Әкемнің қызы болдым. Өте ерке едім. Қолымнан іс келген жоқ. Келін болып түскен жерім өте керемет жер. Мені қызындай көрді, ұрысып көрген жоқ. Маңдайымнан сыйпап, білмегенімді үйретті. Жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып жүреді үнемі. Осындай келін болғаным енемнің арқасы деп ойлаймын. Барлығын енемнен үйрендім. Ата-енем менің кемшіліктерімді, тамақ пісіре алмайтынымды жақсы қабылдады. "Бәріміз біліп туған жоқпыз, үйренесің" деді енем. Менің артымнан жеңгелерім келіп "Құдағай, бұл ерке қыз. Жерге иіліп іс істеп көрген жоқ. Ертең өкпелеп жүрмейсіз бе?" дегенде енем "Бәріміз де ерке болдық. Онда тұрған ештеңе жоқ. Өзім үйретемін бәрін. Рысгүл менің келінім болады" дегені әлі есімде. Барлығы енемнің арқасы.

Фото -

– Сіз қоғамдық өмірде де, әлеуметтік желіде де өте белсендісіз. Келін болып барлығына қалай үлгеруге болады?

– Жас болған соң өмірді жақсартуға тырысу керек. Сол үшін еңбектеніп жүрміз. Осы келін болып барлығына қалай үлгеруге болады деген сұрақты көп қояды. Бірақ мен осы сұраққа жауап бере алмай, дал боламын. Мен өзім табиғатымнан осындай адаммын. Анам "оттан көйлек киген адам" деп айтушы еді. Мен ол үшін еш жерден мотивация да іздемейді екенмін. Оны істеуім керек пе, істеймін. Ол менің міндетім. Таңертең ерте тұруым керек пе, тұрамын. Оған мен үлгеремін бе, үлгермеймін бе – ол талқыланбайды. Келін болуға мен аса күш жұмсамаймын. Мен салақ келіндерді түсінбеймін. Қазіргі техника дамыған заманда істейтін не жұмыс бар? Оның үстіне қалада тұрса барлығы бір батырмамен бітіп жатыр. Тек ерінбей, сәл пысық болып, шапшаң қимылдасаң болғаны. Қаратауды қайырып, Алатауды айырып жатқан ештеңеміз жоқ.

Фото -

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда ауыз толтырып айтуға болатын оқырманыңыз бар. Отбасыңыздағы жағдайды, басыңыздан өткен оқиғаларды сол жерде бөлісіп отырасыз. Бұған жолдасыңыз қалай қарайды?

– Оқырмандарым көбейе бастағанда жолдасыма мән-жайды түсіндіріп айттым. Ол қарсы болған жоқ. "Өзіңе ұнаса, қарсы емеспін" деді. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысқаны жөн ғой. Оларға да менің қуанып, күліп жүргенім жақсы. Ал ата-енем үнемі "Жассыңдар, қалмаңдар, өмір сендердікі, жас кезде барлығын істеңдер" деп қолдап отырады. Енем "Келінім – жұлдыз. Көшеге шықсақ бәрі танып жатады" деп күліп қояды.

Фото -

– Күйеуге шыққан кейін қоғамнан алыстап кетпеу үшін қыздар не істеуі керек?

– Мен негізі әйел адамның үйде отырғанын жөн санаймын. Өйткені әйел – үйдің берекесі. Үйде отырып та заман көшінен қалмауға болады. Мен тұрмысқа шыққаннан кейін 4 жыл үйде отырдым. Сабағымды оқыдым, 2 баламды дүниеге әкелдім. Бірақ заманнан қалып қойдым деп айта алмаймын. Қазір мүмкіндік көп. Үйде отырып, компьютермен жұмыс істеп, табыс табуға болады. Қоғамнан шеткері шығып қалмау үшін міндетті түрде сыртқа шығып, жұмыс істеу керек деген қағида жаңсақтық.

– Сұқбатыңызға көп рақмет! Барлық салада жетістік тілейміз.

Рысгүл тағы да балалы болып, отбасымен саяхатқа шығуға ниеттеніп жүр.

Фото -

Фото -

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер