«Атап айтсақ, тарихымызды түгендейтін National Digital History порталы іске қосылды. Әдеби мұраларымызды жинақтайтын Әдебиет порталы жұмыс істеуде. Танымдық El.kz порталы, тек қана қазақ тілінде хабар тарататын Baq.kz ақпарат агенттігінің жұмысы жүйелі жолға қойылды. Қоғамға сөзі өтімді, сан саланы қамтыған интернет-ресурстар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осының барлығы мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асуда», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, министр осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегінің де ескеріліп жатқанын тілге тиек етті.
«Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы Ақпарат және коммуникациялар Министрлігі осы саланың үздіктеріне арналған «Үркер» сыйлығын тағайындады. Бұл шара жалғасын табатын болады», - деп ойын жалғады Д.Абаев.
Бұдан бөлек, сала басшысы сүйіншілейтін жайттардың барлығын да атады.
«Бүгінгі жиынды пайдаланып, тағы бір жаңалықты жеткізгім келеді. Ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің жарық көргеніне алдағы жылы 105 жыл толады. Осыған орай, «Үркер» байқауы аясында «Қазақ» газеті атындағы арнайы сыйлық тағайындауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, қазақтілді ақпарат құралдарының бүгінгідей ауқымды шарада бас қосуы мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да бұқаралық коммуникация мәселелеріне барынша көңіл бөліне бастағанын көрсетеді», - деп түйіндеді сөзін министр.
Айта кетейік, аталмыш шараға «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев, сондай-ақ, журналистер, веб-редакторлар, блоггерлер қатысты.
Форум аясында осы саланың білікті мамандары қазақ тілді сайттарға байланысты өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл форум қазақтілді сайттардың ақпарат кеңістігіндегі орны мен ерекшеліктерін айқындап, контент сапасы, оқырман талабы, жарнама мен қаржыландыру, жаңа медиа мен қазіргі трендтер, жаңа технологиялар сияқты тақырыптарды қамтыды.