«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз өмірі естімеген, білмеген, көрмеген, зерттемеген проблемалар пайда болды. Тәуелсіздік болмаса, ол мәселелер болмас еді. Соның бірі – қазақ диаспорасы. Ұлтымыздың үштен бірі сыртта қырықтай елде жүр екен. Шашырап кеткен. Тоталитаризмнің қуғын-сүргінінен қашып, бала-шағасы, үрім-бұтағын аман сақтау үшін Қытайға, Ресейге, басқа да мемлекеттерге тарап кеткен. Елбасы Н.Назарбаев бағдарлама жасатып, осы мәселені зерттеуді 1991 жылы Философия институтына тапсырды. Қазақ диаспорасын зерттеуді бастадық. Диаспора туралы бірнеше кітап шығардық. Осы саланы зерттеу арқылы сыртта тарыдай шашылып жүрген қазақты елге тартуға себепкер болдық» деп атап өтті ол.
«Шетелде іргелі білім алған қандастарымыздың әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Себебі, алғашында оларды бауырымызға тарта алмай, шеттеткен кездеріміз болды. Тіпті «Біздің жеп отырған нанымызға ортақтасатын болды. Өзімізге жетпей жатқан дүниені бұларға неге береміз? Керегі жоқ» деп кейістік танытқандар да кездесті. Анығы – бұл дұрыс емес. Бізге ұлттың бірлігі керек. Қай жерде жүрсе де қазақ рухани жағынан бірлікте болуы тиіс. Рухани жағынан бірлікте болмаса тіл де, мәдениет те, құндылықтар әлемі де жойылып кетуі оп-оңай. Құндылықтар әлемі жойылғасын, ұлт жойылады» деп жәнеден ойын сабақтаған ғалым.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қазақтарды елімізге тартып, балалары өз елімізде білім алсын деп барынша жағдай жасап отыр. Себебі, біз ұлттық тұтастықтан, демографиялық тұтастықтан айырылып қалмауымыз керек. Егер айырылып қалсақ, оны қалпына келтіру оңай болмайды. Сондықтан осы мәселеге Елбасы үнемі зор мән берді. «Шетелдегі қазақтар тілін сақтаса екен» деп осы бағытта көптеген жұмыстар істелді. Бәрімізді сол бағытта жұмыс істеуге жұмылдырды. Диаспоратану, диаспоралогия деген жаңа ғылым пайда болды. Бізден кейін бұл ғылымды өзге елдер де қолға ала бастады» деп жаңалықтарды тізбеледі Ә.Нысанбаев.
Академиктің айтуынша, шетелдегі қазақтар мәселесі ел Тәуелсіздігін алғаннан қолға алынды. Ұлы көш атамекенге қарай бет бұрды. Дегенмен әлі күнге дейін «Сыртта 5 миллиондай қандасымыз бар» деген мәлімет айтылып қалады. Осы мәліметті нақтылайтын кез келді.
«Шын мәнінде, шет мемлекеттерде қанша қандасымыз өмір сүріп жатыр? Олардың шынайы жағдайы қалай? Олардың қаншасы әлі де тарихи Отанына оралудан үмітті? Міне, біз осы мәселелерге сараптама жасап, алдағы уақытта сол бағытта жұмыс істеуіміз керек. Негізі, өз ұлттық диаспорасының жағдайына шынайы мән беріп, көңіл бөле бастаған халықты нағыз есейген, жетілген ұлттың қатарына жатқызуға болады. Жоғарыда да айтып өттім, бұл мәселеде әлі де жауабын күтіп тұрған сұрақтар баршылық. 2005 жылы «Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі» деп аталатын ұжымдық монография жарық көрді. Жинақта қазақ диаспорасының барлық жай-күйін қамтуға тырысқан. Қазақ диаспорасының этникалық және рухани-мәдени ерекшеліктері жан-жақты қарастырылған. Әйтсе де, бұл әлі де зерттеуді қажет ететін сала екенін айтқым келеді» деп түйіндеген ғылым қайраткері.