Ол басылым өкілінің «Елбасымен де кездесіп қалып жататын шығарсыз?» деген сауалына:
«Әрине, әрине... Сондай бір кездесу үстінде мен Елбасына өз ұсынысымды айттым, елімізде мен сияқты 5 мың жігіт табылса, еліміздегі шамамен алғанда ресми тіркелген 5 мың ауылды бәріміз жабылып көтеріп жіберсек қайтер еді? Сөйттім де, жиған тәжірибеммен бөлістім. «Иә, Жақсылық оның өте жөн екен... Әттең, ол да бір оңай шаруа болмай тұр ғой», деп Елбасы ойланып қалды. Қазақтың жерінен көктеп-көгеріп, өсіп-өніп, дүниесін шетелге шашып жүрген азаматтар туралы ойлады ма екен, білмеймін!? Расында да менің іс-әрекетім бір ауылдың төңірегінде ғана қанат жайған іс, ал ұлан-ғайыр Қазақстанның әр аумағындағы болып жатқан ұлан-асыр әрекеттерден мен хабарсызбын ғой. Ел басқару оңай дейсіз бе? Мысалы, мен Алматы облысының Мыңбаев ауылын өркендетемін деп шаруашылықтың бар қалған дүние-мүлкін қолыма алдым. Халқының саны ол кезде 2000-ға жетеғабыл еді. Қазір 5000 тұрғыны бар. Ауылға газ тарттым, елдің қуанышын көрсеңіз. Әсіресе, әйелдер қалай шаттанды десеңізші! Өз қаражатыммен спорт кешенін салдым, қазір онда 200 бала спорттың тоғыз түрімен айналысады, оның ішінде күрестің төрт түрі бар. Мұның сыртында фитнес-клуб аштым, 100 орындық балабақша салынды, қолжетімді бағамен пәтер берілді. Жоғарыда айтқан 5 мың ауылды дәл осылай көтерсек деген, соған бастамашы болсам деген ниетім еді ғой» деп жауап берген спорт ардагері.