Р.Тәжібаева: Аиданы да, Баянды да бренд қылған мен едім
03.11.2016, 15:53

Р.Тәжібаева: Аиданы да, Баянды да бренд қылған мен едім

Халық маркасы қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Римма Тәжібаева «белгілі продюсер Баян Есентаева мен дизайнер Аида Қауменованың бизнесіне алғаш ықпал еткен мен едім» деп отыр. Римма Тәжібаева Baq.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында бүгінде брэндке айналған қос ханымның өткенінен бірсыпыра сыр шертті.

 

2011 жылы Азиаданың, кейін Лондон Олимпиадасының негізгі атрибуттарының авторы Римма Тәжібаева бүгінде брэндке айналған Баян Есентаеваны да, сән әлемінен ойып тұрып орын алған Аида Қауменованы да қанаттандырған мен едім дейді.

«2006 жылы мен бала күтіміне байланысты үйде отырдым. Белгілі себептермен қаражат та тапшы болды. Бірақ, бір іс бастасам деген идеям бар еді. Бір ақшалы құрбыма хабарластым, ол бастамамды бірден қолдады. Қаржы бөліп, элиталық журнал шығаруды қолға алдық. Содан кейін, Баянмен кездесіп, осындай «Collection» деген журнал шығаратын едік, соған бас редактор болыңыз деген ұсыныс айттым. Баян көп ойланбастан келісімін берді. Сөйтіп, журналды жақсы шығарып кеттік. Баянның бизнеске деген алғашқы қадамдары осы кезде жасалған болатын. Алғашқы демеушісімен де мен таныстырып, мен кездестірген едім. Кейін, өздері тіл табысып, Баян продюсерлік орталығын құрып, үлкен жобаларға кірісті» - дейді Римма Тәжібаева.

Осы журналды шығарып жүрген кезде Римма ханым, тағы бір жұлдыздың шырағын жағыпты. Өзінің айтуынша, бүгінде әбден танымал болған Аида Қауменованың «тұсауын кесіп», сән әлеміне шығарып салған.

«Сол журналды шығарып жүргенімізде біз жалпы мода туралы, стиль туралы бір орталық ашуды ойластырдық. Сол кезде осы Аида Қауменованы таптық. Өзі дизайнер екен. Жалпы, Аиданың стилі маған ұнады. Сөйтіп, Аиданың атынан мода үйін аштық. Міне, осы қыздар бизнесін осылай бастаған еді. Солардың бизнесті жаңа бастаған кездерінде, солармен бірге қаражат іздеп, тауып, солардың басы-қасында жүріп, оларға қаражат түрінде, моральдық жағынан да қолдау көрсеткен едім. Яғни, солардың брэндтерінің бастауында тұрған адамдардың бірімін. Оны мақтанышпен айта аламын», - дейді Р.Тәжібаева.

Яғни, осыдан 10 жыл бұрын осындай брэндтердің қалыптасуына ат салысып, ықпал еткен болсам, бүгінгі таңда Халық маркасын енгізіп, Ұлттық брэнд таңдауға толық хақым бар деп есептейді. Римма Тәжібаеваның Ұлттық брэндтерге қатысты толық сұхбатын алда жариялаймыз.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер