Балаға ақшаны дұрыс жұмсауды қалай үйретеміз?
19.04.2018, 13:17

Балаға ақшаны дұрыс жұмсауды қалай үйретеміз?

Бала ақша туралы не білуі керек? Қаржылық сауаттылыққа қай жасынан бастап бейімдеген дұрыс? Осы туралы және басқа да пайдалы кеңестер.

Бала 2-3 жасқа толғанда ақшаға назар аудара бастайды. Әлбетте, оның құнын білмесе де, үлкендердің ұстайтынын көріп, қызығады. Тиындармен ойнайды. Алайда бала бұл кезде ақшаның сомасын емес, жалпы санын ғана есептей алады. Мысалы, “менде барлығы 500 теңге бар” деп емес, “менде барлығы 10 тиын бар” деп ұғады.

Бала 5-6 жасқа келгенде оның “жеке” ақшасы бола бастайды: ата-әжесі туған күніне 1000 теңге, анасы балмұздақ алуға 200 теңге, әкесі “бес” алғаны үшін 50 теңге береді… Осылайша, жыл өткен сайын балаға берілетін ақшаның сомасы да көбейе береді. Бірақ оған ақшаның не екенін, оны жұмсау туралы дұрыстап түсіндірмесе, қаржылық сауаты жоқ болып өседі.

Көптеген ата-ана отбасының бюджетін жоспарлаған кезде балаларын араластырмайды. Ал бұндай жағдайда бала үйге ақшаның қалай келіп жатқанын, оның қайда жұмсалатынынан хабарсыз. Көбінесе осындай отбасынан бір көргенін “алып бер” деп қиғылық салатын бала өсіп шығады.

Ал кішкентай кезінен ақшаның қалай келетінін, оның құнын, жинау және жұмсау жолдарын біліп өскен бала өскенде жаман болмайды. Ақшаның қадірін түсінетін, үнемді, сауда жасауды біледі. Ол үшін ақша айналымы туралы күрделі терминдерді айтудың қажеті жоқ, әр жастағы балаға әртүрлі түсіндіру керек.

3–4 жас Балаға “арзан” мен “қымбат” деген сөздерді түсіндіріңіз. Мәселен, “Мына ыдыста бес кәмпит бар. Олар мына жеті кәмпиттен арзан тұрады” деген сияқты мысалдар келтіріңіз. Бір затты алу үшін орнына басқа зат беру қажет екенін айтыңыз. “Бірінші береміз, сосын аламыз”. Мәселен, бір тақпақ айтып берсе, бір кәмпит беріңіз. Келісім жасаңыз. Дүкенге барарда балаңызға тек бір ғана зат сатып алатыныңызды айтып, келісіңіз. Есесіне, қандай зат алатынын бала өзі шешсін. Бұл балаға таңдау жасауды да үйретеді. 5–7 жас Балаға сауда жасауды үйретіңіз. Дүкенге барғанда қолына ақша беріп, оны кассаға төлетіңіз (өзіңіз қарап тұрыңыз). Кейін нақты бір зат алып келуге жұмсап, қолына нақты ақша беріңіз. Мысалы, 240 теңгеге сүт алып келуге жұмсап, қолына тура 240 теңге ұстатыңыз. Бұдан соң дайын тізім бойынша сауда жасауға бейімдей беруге болады. Ақша жинауды үйретіңіз. Бір затты сатып алу үшін оған өздігінен ақша жинасын. Мысалы, балаңыз велосипед алып беруді өтінсе, бірігіп ақша жинаңыздар. Мысалы, сіз оған сабақтан алған әр бестік бағасына 50 теңге беріп тұрыңыз, балаңыз оны жинасын. Осылайша, бір жыл ішінде велосипедке жететін сома жинауға болады. Балаңызға ненің тиімді болатынын түсіндіріңіз. Мысалы, бір балмұздақ алудың орнына 1 литр сүт алғанның тиімді екенін айтыңыз. “Сүттен бәрімізге тамақ істеуге болады, шайға қатып ішеміз. Ал балмұздақты тек бір адам ғана жейді. Қайсы тиімді?”- деп сұраңыз. 7–10 жас Баланы дүкенге жұмсап тұрыңыз. Бұл оның жауапкершілігін арттырып қана қоймайды, сонымен бірге, тізім жасап, ақшаны жоспарлауға үйретеді. Ақшасын қалай, қайда жұмсайтынын бақылаңыз. Барлығына шоколад алды ма, әлде өзіне пайдалы дүниеге жұмсады ма? Балаға коммуналды қызмет ақысы, отбасы бюджеті, жеңілдіктер, несие туралы айтып беріңіз. Лекция оқымаңыз, жай ғана әңгімелесіп отырып, түсіндіріңіз. 11–14 жас Ақшаны мақсатты түрде жұмсауға үйретіңіз. Мысалы, аптасына 2000 теңге беріп тұрасыз, бірақ бала оны бір апталық жол ақысына, түскі асына жеткізуі керек. Баланы ақырындап еңбектенуге бейімдей беріңіз. Үйді жинап шыққаны үшін азын-аулақ тиын беріп қойыңыз. Бұл ештеңенің тегін келмейтінін ұғындырады. 15–18 жас Балаңызды кішігірім жұмысқа шығарыңыз. Бұл кезде оларға алғашқы жалақы, “еңбекпен келген нанның тәтті” болатынын түсіндіру керек. Осы арқылы оның болашақ мамандығын таңдауына да көмектесесіз. Баланың жеке бюджетіне араласпаңыз. Тапқан ақшасын өзі жұмсасын. Егер түкке тұрмайтын заттарға жұмсап жатса да, ештеңе демеңіз. Бұл оның қателіктерінен сабақ алуына, есейгенде қаражат жағынын ұтылмауға үйретеді.

©Әсел Сарқыт

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер