Сіз - Жеңімпазсыз!
19.01.2018, 15:28

Сіз - Жеңімпазсыз!

Сіз – барсыз! Осының өзі жеткілікті.
Адамның, мына сіздің Айнұр, Ақгүл, Ерлан немесе Ержан болып дүниеге келуіңіздің ықтималдығы тарыны жарға лақтырғанда ол сол жарға қадалып қалу ықтималдығымен бірдей. Өзіңіз ойлап көріңізші, тары түйіршігі жарға жабысып қалу үшін оны неше рет лақтыру керек? Міне, тап сондай мүмкіндіктер мен күрестің арқасында Сіз және Сіз ғана дүниеге келдіңіз. Демек,Сіз – Жеңімпазсыз. Құттықтаймын!

Ал дүниеге келген Жеңімпаздың өмірді қалай-солай сүруіне себеп бар ма? Жоқ! Еш себеп жоқ! Әдетте Жеңімпаз өз бағасын білетін, өзін-өзі сыйлайтын тұлға. Ал, өзін-өзі сыйлайтын тұлғаның бейнесі қандай болуы тиіс? Жіктеп көрейік:
1.Әдеп. Өзін-өзі сыйлайтын адамның әрдайым сәлемі түзу. Үлкенге құрмет көрсетеді, ал кіші мен әлсіздерге қамқор болады. Ұжым, бастық, ұстаз, тіпті еден жуушы мен күзетшіге дейін сыйластығы дұрыс. Өзін-өзі сыйлайтын адам ешқашан ортада қызылкеңірдек болып өз ойын дәлелдемейді. Іс-қимылдық, күш қолданатын дау-жанжалға қатыспайды. Аузынан көбік атып ұрыспайды. Себебі, өз деңгейін түсірмейді.
2.Жауапкершілік. Өзін-өзі сыйлайтын адам ең алдымен өзі үшін, адам болып дүниеге келген соң «Адам» болып қалуы үшін жауапты. Өзінің көзі көрген, қолы тиген нәрселермен бірге, берілген уәде, келісім, айтылған сөз және саналы, санасыз әрекеттерінің барлығына жауапкершілік көтереді. Сондай-ақ, ата-ана, бала, қоғамдағы орны, денсаулығы, болашағы. Өзінің өміріндегі болған оқиғалар немесе өмірінің тап осылай өрбуіне мемлекет, қоғам, заман кінәлі емес, тек Өзі жауапты екендігін жақсы біледі. Басына іс түссе, оны абыроймен көтереді.
3.Өсу. Даму. Өзін-өзі сыйлайтын адамның басты мақсаты – өмір бойы өсу, үздіксіз білім алу, тәжірибе жинақтау. Ол бар рухани-танымдық жиған-терген білім, ілім, тәжірибесін өз өмірін дұрыс ұйымдастыру жолында орнымен қолдана біледі және өзгелермен бөліседі.
4.Қоршаған ортасы. Өзін-өзі сыйлайтын адам олар қандай болмасын ешқашан өз ата-анасы, туған бауырларынан бас тартпайды. Себебі, оларды таңдамайды. Ал қалған достары, әріптестері, көршілерін таңдау құқығы бар. Өзін-өзі сыйлайтын адам өзін өшіретін, көреалмаушылығы басым, үйретері жоқ адамдардан айналасын тазартады. Есесіне, мықты ұстаздарға шәкірт болып, адал досқа адал болып бірге өсіп, бірге қуана алатындай өзіне қолайлы орта қалыптастырады.
5.Уақыт. Өзін-өзі сыйлайтын адам уақыт заңдылығын жақсы меңгерген. Бар уақытын өмірін мәнді, әдемі өткізуіне жұмсап, болмашы ұсақ-түйекке уақытын шығындамайды. Өзінің және өзгенің уақытына сақтықпен, сыйластықпен қарай біледі.
6.Көңіл-күй. Өзін-өзі сыйлайтын адам өз көңіл-күйін үнемі бақылауда ұстайды. Яғни, ашу, ызаға жол бермейді. Керісінше, көңіл-күйінің көтеріңкі болуын әртүрлі рухани азықтармен қамтамасыз ете біледі. Ал көңіл-күйі Үлкен себеппен бұзылған жағдайда эмоциясын ешкімге зияны тимейтіндей етіп шығарады. Мәселен, өзін-өзі сыйлайтын адам жұмыс орнында ағыл-тегіл, беті қызарып, көзі ісіп жыламайды. Ол үшін дәретхана немес өз үйі, өз бұрышы бар.
7.Сөзі мен ойы. Өзін-өзі сыйлайтын адамның сөзі әрдайым мейірімге толы, жан жылытарлық болады. Ортада сөйлеген сөзі нақты, қысқа, түсінікті. Сөз арасы ешқашан лас сөзбен былғанбайды. Өзін-өзі сыйлайтын адам санасын үнемі керітартпа ойлардан тазартып отырады. Көп ойының ішінен басты ұстаным, мақсатын бөле алып оларды басшылықта ұстайды. Өзін-өзі сыйлайтын адам ешқашан бос уайымға берілмейді. Шығар жолын іздеп тауып, тезірек амалға кіріседі.
8.Өзіндік қолтаңба. Өзін-өзі сыйлайтын адам барлығынан үйренеді. Бірақ, ешкімді қайталамайды. Оның қай нәрсеге де қатысты өзіндік тұжырымы, көзқарасы бар. Көппен бірге ілесе шаппайды. Себебі, адамзат тарихында, табиғатында ол ешқашан физиологиялық тұрғыда қайталанбайтындығын біледі. Сол секілді ол тұлға ретінде – бірегей! Ол — өмірде өзіндік қолтаңбасы бар қайталанбас тұлға.
Себебі, ол – Жеңімпаз! Ал Жеңімпаз әрдайым өзінің бағасын жақсы біледі және өзін-өзі сыйлайды.

Динара Болат ak-kelin.kz

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер