«Қыздар, таза болмасаңдар, кейін күйеулерің де тастап кетеді»
06.12.2017, 09:38

«Қыздар, таза болмасаңдар, кейін күйеулерің де тастап кетеді»

Қызым, саған айтам

Үлкен қалада пəтер жалдап жүріп, түрлі қыздармен бірге тұрдым. Бір пəтерлесім екі аптада бір рет кір жуатын. Сенбі күні кіржайғышта 10-15 ішкиім тізіліп тұрады. Жігітіне кездесуге шығып бара жатқанда, «Түу, жігіті бұның ішкиімін өстіп жинап жуатынын көрсе, қашып кетеді ғой», – дегенді де қыздар күбірлеп айтып қалады. Бірақ, оның жылтыраған бетіне қарап, олай деп ешкім ойламас еді.

Қыз баланы кішкентайынан тазалыққа үйрету – əрбір ана мен əпкенің міндеті. Əпкемнің 3-сыныпта оқитын қызы да күн сайын ауыстырған ішкиімін жинап қойып жүреді екен. Аптаның соңында анасы кір жуғанда жуады. Мұны көргенде қаным басыма шапты. Сөйтіп, кішкентай сіңлімнің екі ішкиімін ғана қалдырып, қалғанын лақтырып тастадық. «Күніге осы екеуі кезекпен жуылып тұратын болсын. Бір жапырақ шүберекті өзің де жуа аласың!» – деп қатаң тапсырдық. Айналдырған екі ішкиім қалғасын «кірін» жинап қою деген проблемадан оңай-ақ құтылдық. Бір айдан кейін қадағалауды да қойдық. Өйткені, ол əдетке айналып кетті. Қыздар, бүгін сендермен жеке бастарыңның тазалығы жөнінде ашық əңгімелескіміз келеді. «Ақ əлем» клинингтік компаниясының директоры Ақмарал Башировамен бірге қыздардың тазалығы жөнінде түрлі мысалдарды талқылап көрдік. Ақмарал – үш қыз, екі ұл тəрбиелеп отырған ана. Екі жыл бұрын тазалық жұмыстарын жүргізетін компания ашқан. Оған дейін өзі де ақыға пəтер тазалаған екен. Ақмарал апайдың əңгімесі қоғамдық дəретханаларда қалай болса солай отыратын адамдарға аз да болса, ой салса дейміз.

***

«Қыз – жатжұрттық» деп өсірген қазақ. Ертеңгі күні келін боп түскенде бірдеңе істей алмай жатса, «шешесі не үйреткен?» деп айтады. Баяғыда менің шешем: «Қызым, үйіңнің дəлізі, асханасы, қонақ бөлмесі əрқашан қазір жуғандай жарқырап тұрсын. Үйіңе келген адам тазалығыңа қарап сөйлеп, сыйлайды. Өзіңе деген құрметті өзің қалыптастырасың. Егер салақ болсаң, сенің үйіңде қалай болса солай жүріп, сыйламай кетуі мүмкін», – дейтін.

***

Біздің қызметкерлер үй жинауға барады ғой. Мысалы, бір пəтер иесі аптасына бір рет шақыруы мүмкін. Сонда таңғалып келеді, келесіде барғанда көшейін деп жатқан үй сияқты дейді. Адамның еңбегін сыйламайды. Үй тазалаушыларға менсінбей қарайды. Əйел адамға біреудің үйін тазалау, ішкиім, шұлықтарына дейін жуу оңай емес. Ол жұмысты өзіңнің анаң немесе өзің де істеуің мүмкін. Ешкім үй тазалаушы жұмысына жетіскеннен бармайды. Бəрі жетіп тұрса, несі бар біреудің үйін тазалап?! Адамдардың сыйламағанын көріп, үй тазалаушылардың рухы одан бетер басыла береді. Оларға қалай болса солай сөйлейді. Компаниямды құрмай тұрып, өзім де біреудің үйін тазалағанмын.  Мені де əке-шешем аялап өсірді. Бірақ, бала-шағаны асырау үшін тіршілік ету керек. Жұмыстың жаманы жоқ. Ең бастысы, адал жолмен еңбек етсем болды дедім. Бірақ, жұмыс берушілер маған менсінбей қарап, көңіліме келетін сөздерді айтатын. Ыза болып, жылаймын. Сонда бір үлкен апа: «Қызым, сен ең сауапты жұмыс істеп жүрсің. Лас жерді тазалау арқылы сен өзіңдегі күнəларды жуып жатырсың», – деп жұбатты. Кейіннен оқысам, дінімізде шынында да солай екен.

***

Компаниямыз – əлеуметтік жоба. Яғни, біз жалғызбасты аналарға жұмыс тауып береміз. Өткенде телеарнадан келіп біз туралы түсіріп жатса, қыздар камерадан қашып жүр. «Қыздар, сендер ешкімнен алақан жайып ақша сұрап жатқан жоқсыңдар. Жалғыз өздерің 4-5 баланы асырап отырсыңдар. Сендер сияқты аналар барлық мақтауға лайық», – деймін. Осындай еңбекпен тапқан ақша да берекелі болады екен. Осының бəрін түсіндіру үшін бізде психолог та жұмыс істейді. Өзім де қыздармен бірге үй жинаймын, компанияның директорымын деп отырмаймын. Менің олармен бірге тазалық жұмысын істеуім психологиялық тұрғыдан көмек болады деп ойлаймын. Олар намыстанып, рухы сынып кетпесе деймін.

***

Өзіңіз де кеңседе жұмыс істейсіз. Сондағы дəретхананың жағдайын көріп жүрген боларсыз? Сіздің жұмысыңызда оқыған, сауатты адамдар істейді. Бірақ, дəретхана сол оқыған, көзі ашық адамдар тұтынатын орын сияқты ма? Ал, ойын-сауық, сауда орталықтарындағы дəретханаларды тазалайтын кездегі жағдайды мүлде айтпай-ақ қояйын. Мектептердегі дəретханаларда да тазалық жоқ. Яғни, біз баланы тазалыққа отбасынан үйретпейміз. Содан кейін адамның көзі қарауға шыдай алмайтын жағдайларды көресіз. Əр отбасында тазалыққа баланы кішкентайынан үйретсе, ондай болмас еді. Біздің үйде отағасы ұлдарға: «Сендер ұл баласыңдар. Кіші дəретке отырмас бұрын, бірінші унитаздың қыздар отыратын пластмасса бөлігін жоғары көтеріп қойыңдар. Сосын қолдарыңа дəретхана қағазын үзіп алыңдар, содан кейін ғана дəрет сындырыңдар. Сендерден кейін қыздар да осы дəретханаға отырады. Сендер ластап кетсеңдер, олар қалай отырады?» – деп айтып отырады. Баланы ең əуелі өзінің жақындарын сыйлауға үйрету керек. Ол осындай ұсақ-түйек тазалықты сақтаудан да көрінеді.

***

3-сынып оқитын балам бір күні кешкісін сабақтан қайтқанда, қолына бір пакет қоқыс ұстап келіп тұр. Түсінбей қалдым. «Балам, мынауың не?» десем: «Жоғары сыныпта оқитын балалардың соңынан жүрдім. Олар ішкен-жегендерін жолға тастап кетіп жатты. Сіздер адамдарға тазалықты ісіңмен көрсет деп айтасыздар ғой. Сосын олар да мен қоқыстарын жинағасын ұялар деп салып алдым», – дейді. Балалармен көшеде келе жатқанда көлікте отырған ер адамдардың темекі шегіп, қағаз, қораптарды лақтырып кетіп бара жатқанын көрген сайын балаларға ондай қылық дұрыс емес екенін айта береміз. Темекінің тұқылын көшеге лақтыра салатын жігіттердің жанында балалары болады. Ата-анасы солай істегесін, бала оны қалыпты жағдай санайды.

***

Негізінде ерлердің дəретханасына қарағанда қыздардың дəретханасы лас болады. Гигиеналық төсемшелерін қоқыс шелегіне ашық тастап кететін қыздар өте көп. Қағазға орап тастау соншалықты қиын ба? Дəретханаға отырған соң артымнан «із» қалмады ма деп, бір рет қарауға болмай ма? Етеккірі келсе, унитаз түгілі, кафельге дейін былғап кететін қыздар бар. Еденге дейін дəрет сындырып тастайды. Əрине, осы сөздерді оқыған адам жиіркенетін шығар. Бірақ, соны істеп жатқанда неге өздері ойланбайды? Өзіңнен кейін кіретін адамға, еден жуушының еңбегіне сыйластықпен қарамаған адамнан жақсылық күтуге болмайды. Оның психикасы дұрыс емес.

***

Жаңа жылдан кейін «Үй тазалаушылар мектебін» ашпақшымыз. Оның бəрін тегін оқытып, жұмыс тауып береміз. Өткенде əлеуметтік желіде «үй тазалаушылардың қандай қылықтары ұнамайды?» деген сауалнама жүргізіп көрдік. Көп үй тазалаушылар химиялық сұйықтықтарды, тұрмыстық техникаларды дұрыс қолдана алмайды екен. Сосын отбасылық проблемаларын жұмысына алып келетіндер де көп. Негізі артық сөйлемей, өз жұмысын істеп болған соң қайтқан жөн. Сондықтан, біз психологтың көмегіне көп жүгінеміз. Байлардың үйіне барғанда, «мыналарда бəрі бар, неге менде жоқ?» деген қызғаныш сезімі де пайда болады. Қызғаныш бар жерде ұрлық та, жаман ниет те пайда болады. Осындай мектеп ашамыз дегенді естігесін байлар балаларын оқытайық деген ұсыныс айтыпжатыр. Үйінде бəрін үй тазалаушылары істегесін балалары үй тіршілігіне жоқ. Енді соларды арнайы мектепте оқытқысы келеді. Біз онда үйді қалай жинау, киімді қалай жуу, үтіктеу, ілу дегеннің бəрін үйретсек дейміз. Қыз баланы үй тіршілігіне, тазалыққа үйрету ағылшын тілі мен шахматқа қатыстырғаннан да маңызды. Өйткені, ол – болашақ ана. Нені əдетке айналдырса, баласына болашақта сондай тəрбие береді.

***

Көрші жігіт бар. Вахтамен жұмыста істейді. Ажырасайын деп жатыр екен. «Неге?» деп сұрасам: «Тəте, мен басқа əйел тауып, соған кетейін деп жатқан жоқпын. 15 күн демалыста үйге балаларым үшін ғана келемін. Əйелімнің жанына жақындауға жиіркенем. Өте салақ. Иісі бар. Тазалыққа үйретуден шаршадым», – дегенде не дерімді білмедім. Тазалықты жастайыңнан үйренбесең, ертеңгі күні күйеуің де тастап кетуі мүмкін. Əр қыз балаға ұйқыға жатар алдында жуынып, ішкиімін ауыстыруды аналары үнемі ескертіп отыруы керек. Тағы бір көршіміз болды. 11 жастағы қызы бар. Үйге ойнауға келеді. Жағымсыз иіс шығады. Сосын бір күні: «Ішкиіміңді қашан ауыстырдың?» деп ақырын сұрадым. «Мамам моншаға түскенде ауыстырған», – деді. Олар моншаға жексенбі түскен. Сонда əлгі қыз бір апта бойы ішкиім ауыстырмай жүрген. Сосын шешесіне айттым. «Ой, күніге кір жуу оңай дейсің бе?! Стиралкаға салсаң, светтің соры. Оның үстіне жуа берсең, тозып кетеді. Аптасына бір рет ауыстырса жетеді, кішкентай қыз ғой», – деді. Жеке гигиена үшін дəретханаға кірген сайын дəрет алып, ішкиімін күнделікті ауыстырып тұру лəзім. Осыны аналардың бəрі қадағаласа ғой.

ҚЫЗДАРҒА КЕҢЕС:

*Ешқашан етегіңді ашып, талтайып отырма, талтайып тұрма;

*Жеке бас гигиенасына арналған тарағың мен денені ысатын ысқышың бөлек болсын;

*Ешқашан біреудің дезодорантын, далабын пайдаланба;

*Шаш тараған соң жерде шашыңның түсіп жатпауын қадағала;

*Қоғамдық көлікте, асүйде ұзын шашты жайма;

*Ешқашан төсемшелеріңді қоқыс шелегіне ашық тастама;

*Ішкиіміңді əкеңнің, аға-ініңнің көзіне көрінетін жерге жайма;

*Сөмкеңе əрқашан ылғалды салфетка, айна, тарақ, төсемше салып жүр;

*Сырттан кіргенде қолыңды міндетті түрде сабындап жу;

*Дəретхананы, жуынатын бөлмені ұзақ пайдаланба;

*Қонаққа барғанда, қонақ екенмін деп шалқайып отырма. Əдепті қыз дастарқан жинасуға, ыдыс жууға көмектесіп жүреді;

*Дауыс көтеріп сөйлеме, қарқылдап күлме;

*Жерді тесіп жіберердей тарсылдатып жүрме;

*Үй тірлігін істегенде, заттардың орнын алмастырғанда, дыбысы қатты шықпасын;

*Үлкен кісілер мақтаған өздеріңнің жақын əпкелеріңнің жақсы қасиеттерінен үлгі алуға тырысыңдар.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №48
28.11.2017

Пікір  

Sveta
+ +3 Sveta 07.12.2017 11:48
Keremet
Жауап беру
Гаухар
+ +1 Гаухар 08.12.2017 07:43
Керемет, коп нарсе айтылган
Жауап беру
Арайлым
+ 0 Арайлым 08.12.2017 13:45
Болашак кыздар осыны окысаго
Жауап беру
Арайлым
+ 0 Арайлым 08.12.2017 13:46
Болашак келин ана болатын кыздар окысаго!Сизбен только келсем интернет автор!
Жауап беру
Арайлым
+ +1 Арайлым 08.12.2017 13:48
Сизбен толык келисемин автор! (Басында кате кетипти кешириниздер)
Жауап беру
Гулсум
+ 0 Гулсум 09.12.2017 04:51
Толык келісемін
Жауап беру

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер