Еліміздегі ең үздік қазақтілді интернет сайттар марапатталды
27.11.2018ж.

Еліміздегі ең үздік қазақтілді интернет сайттар марапатталды

Бүгін Астанада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры ұйымдастырған «Ең үздік қазақтілді интернет-сайт» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың арасында silteme.kz порталы да бар, деп хабарлайды silteme.kz АА тілшісі.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, байқауға ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын, қазақ тілінде ақпарат тарататын үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатысқан. Қазылар алқасы сайттарды мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, қазақ тілі мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, патриоттық тақырыптардың үздіксіз көтерілуі, көркемдігі, идея ерекшелігі, тартымдылығы секілді талаптар бойынша саралаған.

Сайысқа республиканың барлық аймақтарынан 30-ға жуық өтінім келіп түскен екен. Соның ішінен 17 сайт іріктеу кезеңінен өтіп, оның 8-і түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанды. Шара мақсаты - интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді ресурстарды анықтау мен насихаттау және интернет ресурстардың саны мен сапасын жақсартуға  үлес қосып жүрген отандық қазақтілді сайттарды қолдау.

«Біздің қор қоғамдық маңызы бар жобаларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бұл байқау ана тіліміздің қазіргі интернет тілімен сөйлеуіне мүмкіндік береді. Байқауға қатысушылардың саны жыл санап артып отыр. Осымен үшінші жыл ұйымдастырылып отырған бәсекеге 100-ден астам қазақ тілді сайт қатысты. Үздік атанған сайттар қазақ тілінің ғана емес, елімізде түрлі нақты жобаларды жүзеге асыруға үлес қосады деп санаймын", - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова.

Бұл ретте silteme.kz порталы бас редакторы, «United Citizens Fund» Қоғамдық қоры төрағасы Абылайхан Қалназаров мұндай шаралардың қазақ тілі үшін күресуші қауымға дем беретінін айтты.

"Портал 2015 жылдан бері жұмыс жасаса да, қарқынды жұмыс жасаған уақыты өткен жылдың желтоқсаны мен биылғы маусым айлары еді. Біз осы аралықта қазақстандық сайттар рейтингісінде 28 орынға дейін көтерілдік. Бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Әзірше қаржылық қиындықтарға байланысты біршама баяулады. Дегенмен, бұл жүлдені біз атымызды қамшылау деп түсініп отырмыз. Болашаққа берілген сенім авансы. Қазақ тілінде контент жасауды жалғастыра береміз. Елеп, ескеріп, назарға алғандарыңыз үшін мың алғыс!", - деді ол.

Сонымен, «Өткір тіл» аталымы бойынша - www.silteme.kz  порталы, «Рухани азық» аталымы бойынша - www.sal-seri.kz порталы, «Шынайы өмір» аталымы бойынша - www.qazir.kz порталы, «Спорт тынысы»  аталымы бойынша - www.argymaq.kz  порталы, «Білім бұлағы» аталымы бойынша -  www.эрудит.kz  порталы, «Жастар әлемі» аталымы бойынша - www.univerlife.kz  порталы, «Аймақ айнасы» аталымы бойынша - www.mediaon.kz порталы, «Балаларға базарлық» аталымы бойынша - www.dapter.kz  порталы үздік интернет-сайт атанды. 

Шара соңында кішігірім бас қосу болып, жеңімпаздар мен көрермендер бірлескен фотоға түсті. 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер