Заң қазақ тілінде жазылуы тиіс
18.05.2018, 18:07

Заң қазақ тілінде жазылуы тиіс

Әр халықтың өзгеге ұқсамайтын өз тілі бар. Әр халық өзін тек ана тілінде ғана толық таныта алады. Тілдің түп-тамы­рын, құндылығын, маңыздылығын, ерекшелігін, елдің терең тарихын жан-жақты түсіну үшін қасиетті тіл ұр­пақтан-ұрпаққа мұраға беріліп отыратыны бесенеден белгілі.

Еліміздің тарихи тұғыры берік болу үшін ұлттық тіл мен ділді, салт-дәстүрді, тәуелсіздікті ғаламдық өзгерістердің ықпалынан қорғап отырып, сақтап қалуымыз керек. ­Мысалы, Жапон, Корей мемлекеттері қаншама жаһандану процесіне етене арласып, экономикалық, технологиялық жағынан озық мемлекеттердің бірі бола тұрып, салт-дәстүрлерінің ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық түрлерін сақтап, оны мемлекеттің, қоғамның, корпоративтік қызмет дамуы барысында тұрақты қолдануда (бас иіп сәлемдесу, үлкенге ізет-құрмет, жиындарда ұлттық киім кию дәстүрлері, ана тілінде сөйлесуі). Бұл жерде Сергей Аверинцевтің «тілді ауыстыру – ойлауды ауыстыру» деген пікірі еске түседі. Яғни басқа тілде сөйлесетін болсақ, онда біздің ойлау ұстанымымыз, көп жағдайларға көзқарасымыз сол тілдің мәдениетіне қарай бейімделіп, өзгереді деген сөз.
Ұлттық тіл, сонымен қатар мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Бүгінгі таңда Ресейде де қазіргі заманға сай пайда болған ағылшын тіліндегі сөздердің орыс тілінде аудармасы жоқ болғандықтан, не ағылшын тілінде сөйлесуді сәнге айналдырғандықтан, «сары» газет-журналдарда сленг қолдануда мәтіннің жартысы ағылшын тілінде жазылып кетуіне байланысты бірте-бірте орыс тілі жоғалып кете ме деген қауіп төнуде. Орыстың әйгілі сыншысы В.Белинскийдің пікірінше, «шет тіліндегі сөзді, оған тең орыс тіліндегі сөз тұрғанда қолдану – ол дұрыс мағынаны да, дұрыс талғамды да қорлау болып саналады».
Қазіргі таңда мемлекеттік органдарда қазақ тілінде іс жүргізу республикамыздың оңтүстік өңірлерінен басқа аймақтарында тек формальды түрде жүзеге асырылуда деп айтуға болады.
Қолданылып жатқан заңдар бірінші орыс тілінде жазылып, кейіннен қазақ тіліне аударылуда. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде үш Заң ғана жазылған, ал қалған заңнамалық актілер Ресей заңнамасынан, не шетелдік үлгілік заңдардан көшіріліп, қазақшаға аударылуда. Егер сол заңдар қазақ тілінде жазыла бастаса, жоғарыда атап өткеніміздей, «тілді ауыстыру – ойлау қабілетін ауыс­тыру» дегендей, заң жобаларын жазу барысына ұлттық менталитетіміз қамтылатындай болар еді.
Заң актілерінен басқа, мемлекеттік мекемелерде ісқағаздарын жүргізу тілінде де көптеген шешілмеген мәселелер бар. Олардың бірі, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазының айтуынша, «ісқағазын қазақ тілінде жазып, министрлікке жолдасаңыз, ондағылар орыс тіліндегі нұс­қасын сұрайды, өйткені көп қызметкерлер қазақ тіліндегі жазыл­ған құжатты оқи да, түсіне де алмайды». Сондай-ақ заң актілерінің не құжаттардың орыс тіліндегі мәтінімен қатар қазақ тіліндегі мәтіні болғанымен, оны оқитындар өте аз (сондықтан нормативтік қаулылардың қазақ тіліндегі мәтінінде өрескел қателер өріп жүр). Егер заң актілерін не қызметтік хаттарды қазақ тілінде ешкімнің жазуға құлшы­нысы жоқ болса, онда «орыс тілінде жазылған мәтіндерді аударудың қажеті қанша?» деген сұрақ туындайды.
Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік органдарда, әсіресе Ішкі істер министрлігіне қарасты органдарда қызметкерлердің ісқағаздарын толтыруда қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар орыс тілінде де грамматикалық, орфографиялық қателер жіберетіні аңғарылуда. Мұндай өрескел қателерге жол берілуінің басты себептері – мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, әсіресе жас мамандардың арасында жиі кездесетіні, бұрынғыдай кітап, журнал оқымай, тек интернетте ауызша сөйлеу тілінде тілдесіп, бос уақытын өткізетінінде, мектеп мұғалімдерінің сол оқушылардың білімсіздігіне көз жұмып қарайтынында деп ойлаймыз. Оқушылар мектеп қабырғасында алған білімімен озат студент болып, одан кейін ұстаз атанып, келешек ұрпаққа терең білім бере алмауда. Елімізде мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін мұғалімдерді, оқытушыларды жұмысқа қабылдағанда конкурстан, емтиханнан өткізіп алған жөн деп есептейміз.

Ләззат Тұрғанбаева,
ҚР Әділет министрлігі жанындағы
«Заңнама институты» лингвистика
орталығының ғылыми қызметкері,
заң ғылымының кандидаты

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер