Кездесуде Білім және ғылым министрі мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында министрлік алдына қойылған міндеттердің орындалу барысы жөнінде мәлімдеді.
Ерлан Сағадиев мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстың аралық нәтижелері жөнінде баяндады.
«2018 жылы мектепке дейінгі білім берумен қамту көрсеткіші 95 пайызға жетеді. Негізінен, бұл жеке балабақшалар құрылысының есебінен жүргізіліп отыр. 2019 жылдан бастап ерте жетілудің бірыңғай стандарттары енгізіледі. Сондай-ақ, балабақша кезегіне мобильдік құрылғыларды қолдану арқылы да тұруға болатынын айтып өткен жөн», — деді Білім және ғылым министрі.
Сонымен бірге, Ерлан Сағадиев Қазақстан президентіне мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңа мазмұнға көшірудің нәтижелері жөнінде айтты.
Білім және ғылым министрі жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін мұғалімдер даярлау барысы жөнінде мәлімдеді.
«2016 жылы ағылшын тілінде 2 мың ғана мұғалім сабақ берген болатын. Былтыр 11,5 мың мұғалім тиісті ағылшын курсынан өтуге өтініш білдіріп, олардың 3 мыңға жуығы даярлығын аяқтап, сабақ беруге кірісті. 8 мың мұғалім оқуын жалғастырып, қажетті деңгейге ауысуда. Осылайша, 2019 жылы 13,5 мың мұғалім төрт пәнді ағылшын тілінде беруді бастайды», — деді Сағадиев.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.
Дереккөз: 7kun.kz