Facebook неге қазақша білетін маман іздеп қалды?
12.01.2018, 11:05

Facebook неге қазақша білетін маман іздеп қалды?

Белгілі блогер Нұрлан Жанай Facebook парақшасында Facebook компаниясының қазақ тілді маман іздестіруіне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды silteme.kz.

"Осы кезге дейін айтып-айтып шаршадық, тағы да айта кетейін. KazNET - бұл қазақша сөйлейтін, ойлайтын, жазатын қолданушылар ортасы. Орысша жазатын қолданушылар қай елде, әлемнің қай түкпірінде болса да, ол RuNET-ке қызмет қылады. Домендердің KZ, RU болуы маңызды емес, контенті қай тілде сөйлейді - сол маңызды. Өйткені интернетте ешқандай шекара жоқ, тек қана тілдік барьер бар.

Біздегі трендсеттер, басқа да блогерлер орыс тілінде жазсақ та, Қазақстанға жанымыз ашиды деп ақталып, орыс тілімен нан тапқанмен, Facebook Қазақстандық нарықты зерттейтін қазақ және ағылшын білетін мамандарды іздеп жатыр. Өйткені орыс тілін, орысша аудиторияны зерттейтін Ресейде мамандар отыр. Қазақстандағы орысша жазатын блогерлер мың жерінен тырысса да, Ресейдің мамандарына жете алмайды, себебі олардың ана тілі - орыс тілі.

Facebook қазақша контенттің көбейгенін, қазақша аударма жасауға қанша мың қазақтың көмектескенін анализ жасады. Қазақстан үшін филиал ашылмас, дегенмен қазақ тілін зерттеу бастауы біріншіден - жетістік, екіншіден - экономикалық бәсеке. Бұған дейін Facebook-та SMM жасап, парақшалармен нәпақа табушы едік. Өсек, төс, төсексіз-ақ қызықты контентпен аудитория жинауға болушы еді. Кейін парақшалардың конверсиясын азайтып, әдейі қолдан таргетинг деген дүниеге сұранысты көбейтті. Таргетинг жасап береміз, соны үйретеміз деп бастап жатқанда, Қазақстандағы ірі медиа xолдингтер мен компанияларға сіздерді жарнамалап, пиарлап берейік деп Facebook-тың өзі шыға бастаған. Тағы естуімше, бізде бірнеше медиа компаниялар өз кадрларына Facebook-тың ішкі курстарын оқытып, сертификаттарын алып беріп жатыр. Демек, Google Adwords, Analytics сияқты сертификаттары бар Facebook-ке партнер қазақ мамандары арамызда қазірдің өзінде бар. Сондықтан қазақ тілін білетін маман іздеуі таңғалатын құбылыс емес, табиғи hәм нарықтың сұранысы бойынша жасалып жатқан дүние...

Егер қазақша жазып жүрген жігіттер ағылшынша үйреніп, әлемдік деңгейге шығып кетсе, қызықтың көкесі, орысша жазатындарға xана сонда болады. Бұдан былай ағылшын мен қазақ тілінің мерейі үстем бола береді. Дайындала беріңіздер..." деп жазды ол.

Айта кетейік, компания өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында жариялаған хабарламада үздік үміткердің Қазақстан нарығын зерттеумен айналысатын командамен бірге жұмыс істейтіні хабарланған. Жұмыс орны Ирландияның Дублин қаласындағы кеңсесінде орналасқан.

Үміткер Қазақстандағы қолданушылардан келген сауалдарға жауап беріп, қазақ тіліндегі контенттің хабарламаларын тексерумен айналысады, қолданушыларға қолдау көрсетіп, аккаунтқа қатысты туындаған мәселелермен айналысады. Үміткер жылдам әрі сапалы жұмыс істеп, Қазақстанда болып жатқан соңғы оқиғалардан хабардар болып отыруы тиіс.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер