«ҚР Тұңғыш Президенті Қоры» жас таланттарды қолдау бағытында «Алтын Тобылғы» әдеби сыйлығын алғаш 2015 жылы тағайындаған. Аталған жабық байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық әдебиетте жаңа есімдерді қалыптастыру және жас қаламгерлердің қоғамдық өмірдегі философиясын көрсете отырып жаңа заман әдебиетіне құлшынысын арттыру болып табылады.
Жобаның серіктестері – Қазақстанның Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
«ҚР Тұңғыш Президенті Қорының» атқарушы директоры Сағындық Нұраханов: «Алтын Тобылғы» әдеби сыйлығы тараптармен жан-жақты сараптап, келісе отырып, рухани көкжиегімізді кеңейту үшін өткен жылы арнайы тағайындалған. Бұл әдеби жоба аз ғана уақыттың ішінде қоғамымызға кеңінен танылып, жас қаламгерлер үшін де айтулы оқиға болды. Аталған сыйлық Қазақстанның шығармашылықпен және ғылыммен айналысатын дарынды жастарын қолдауға бағытталған Қордың дәстүрлі байқау бағдарламаларының қатарына енгізілді. Қордың лауреаттары, стипендианттар мен грант иелері – өздерінің жетістіктерін республика көлемінде ғана көрсетіп қоймай, шетелде де кеңінен танылыған есімдер. Биылғы жылғы әдеби байқау да еліміздің рухани кеңістігі үшін айтулы оқиға болатынына және бүгінгі кезең әдебиетіне тың туындылар ұсынатын лайықты есімдер қатары арта түсетініне сенімдіміз» — деп айрықша атап өтті.
Байқауға Қазақстанның 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады. Жабық бәйгеге бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған (кітаптарда, газет-журналдарда, интернет порталдарда, әлеуметтік желілерде) туындылар ғана қабылданады.
«Алтын Тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балалар әдебиеті» деген төрт номинация бойынша тағайындалған. Әрбір номинацияның жеңімпазына 1 миллион теңге сыйақы беріледі. Сонымен қатар, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай арнайы тақырыптық номинация жарияланды. Бұл номинация бойынша сыйақы 1,5 миллион теңге көлемінде белгіленді.
Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерінен құралған Қазылар алқасы сараптайтын болады.
Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Бұл ерекше байқау, себебі ол жас авторларға арналған және бұдан бұрын жарияланбаған жаңа туындыларға баға беріледі.
Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданады. Автордың толық аты-жөні және өмірбаяны арнайы бөлек конвертке салынып шығармамен бірге жолдануы тиіс. Шығармаларды толық сараптап, бағалап болған соң ғана автор туралы мәлімет салынған конверт арнайы комиссияның көзінше ашылып, Қазылыр алқасына ұсынылады.
Өтінімдер 2016 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында төменде көрсетілген тиісті мекен-жайда қабылданады. Шығармалардың электронды нұсқасын қоса жіберу қажет.
Әр номинация бойынша таңдаулы деп танылған жеңімпаздар 2016 жылғы желтоқсан айында жарияланатын болады.
Толық ақпаратты мына сілтемеден алуға болады: http://www.qazaq-found.kz/kaz/?p=2432