Алматыда XІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтіп жатыр
28.09.2016, 09:52

Алматыда XІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтіп жатыр

ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің мұрындық болуымен қаламызда өтіп жатқан XІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі биыл да өнерсүйер қауымды қуанышқа бөледі деп хабарлайды almaty-akshamy. 

Республика сарайының алдындағы алаңда өткен фестивальдің ашылу салтанатында есімі елімізге белгілі кино және театр тарландары, қоғам қайраткерлері мен шетелдік өнер жұлдыз­дары қызыл кілемнің үстінен жүріп өтті. Мерекенің ашылу салтанатында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаме­диұлы құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Мемле­кеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, салтанатты кеште қала әкімінің орынба­сары Арман Кырықбаев Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қаламыздың мәдени өміріндегі маңыздылығын атап өтті. Мерекенің құрметті қонақтарының ара­сында Валерий Тодоровский мен Асанәлі Әшімов болды. Ал ақын Олжас Сүлей­менов Ұлттық кинематография өнері және ғылымдары академиясының жүлдесіне ие болды.

Дәстүрге айналған Халықаралық кино­фестивальдің қазылар алқасының құра­мында Валерий Тодоровский, Реза Мир­карими, Нинг Инг, Актан Арым Кубат, Досхан Жолжақсынов, Гримур Хако­нарсон тәрізді белгілі кинемато­графистер бар.

Айта кетерлігі, негізгі бағдарламасы «Kіnopark 11 ІMAX Esentaі» кинотеатрында өтетін биылғы фестиваль махаббат тақы­рыбына арналған. Фестиваль кезінде қаладағы дәмхана, саябақ сынды жиыр­мадан астам алаң қосымша пайдаланы­лады. Фестиваль шеңберіндегі іс-шаралар үш бөлімге бөлінген. Атап айтқанда, «Қалаға деген махаббат» бөлімінде кино туындылар қоғамдық орындарда көрсеті­леді. Ал, «Киноға деген махаббат» бөлімінде  негізгі байқау және байқаудан тыс бағдар­лама; «Кәсіпке деген махаббат» бөлімінде шеберлік сабақтары, баспасөз мәслихат­тары мен дөңгелек үстелдер, индустрия өкілде­рімен кәсіби кездесулер ұйымдас­тыру көзделіп отыр. Қазақстандық кинема­тографистерге арналған жаңа жобалардың тұсауы кесіледі. Фестивальдік кино көрсетілімдеріне алыс және жақын шет елдер, Қазақстан мен Орталық Азияда түсірілген 100-ден астам фильм енгізілген. Толықметражды картиналар байқауына қоса қысқаметражды фильмдердің халықаралық конкурсы өтеді. «Еуразия» ХКФ шеңберінде тұңғыш рет түрлі жанрда түсірілген араб фильмдері жұртшылық назарына ұсынылады.

Өткен жылғы дәстүрдің жалғасы ретінде деректі фильмдер мен балалар киносы көрсетілмек. Ең үздік деп танылған деректі фильм Ораз Әбішев атындағы жүлдемен, ал, бәйгеден озып шыққан бала­лар киносы Абдолла Қарсақбаев атындағы жүлдемен марапатталады. Негізгі мара­паттардан бөлек, әділқазылар алқасының НЕТПАК (NETPAC – Азия киносын дамы­ту желісі) және ФИПРЕССИ (FІPRESCІ – Халықаралық кинемато­графиялық баспасөз федерациясы) жүлде­лері де табыс етіледі. «Шәкен жұлдыздары» бағдарламасы шеңберінде отандық және орталықазиялық киногер­лердің жұмыстары бірнеше номинация бойынша сарапқа салынып, «Тұлпар» ұлттық сыйлығымен марапатталмақ. 2016 жылы «Ұлттық кине­ма­тография өнері және ғылымдары академиясы» қоғамдық бірлестігі тара­пынан тағайындалған сыйлыққа Алматы қаласы әкімдігі зор қолдау білдіріп отыр.

30 қыркүйекке дейін жалғасатын фестиваль аясында көрермен қауым көрсетілімдерді тегін тамашалай алады

Балнұр Ахмет

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер