"Амал" мерекесі моңғолдардан келген бе?
18.03.2018ж. 14:08

"Амал" мерекесі моңғолдардан келген бе?

"Амал" мерекесі моңғолдардан келген бе? sputniknews.kz

Шығыс күнтізбесінің Жаңа жылы – Наурыз мерекесіне де аптадан аз уақыт қалды. Ал, Қазақстанның біраз өңіріндегі жұрт жыл басын бүгін, 14 наурыздан бастап тойлап кетті. Еліміздің батысында жұрт Наурыздан бір апта бұрын бір-бірімен көрісіп, ыстан аман-есен шығуымен, жаңа жыл келгенімен құттықтайды. Соңғы жылдары көрісу күні әр аймақтан бір естіліп жатқанмен, "Амал" мерекесі деп аталатын бұл ғұрыпты Батыс Қазақстандағы халық қана сән-салтанатымен тойлайды. 

"Амал" дәстүрін Ресеймен шекаралас қазақтар сақтап қалған

Сонда басқа аймақтарда  бұл дәстүр неге ұмытылды, сол аймақтардың халқы бұл мерекені неге жаңғыртпады деген сұрақтың жауабын іздедік.Тарихшы, ҚР Ұлттық музейі "Қазақстан тарихы" бөлімінің жетекшісі Сырым Хасенов "Амал" мерекесі тарихта ғылыми тұжырымға ие болмаса да, адамдар арасындағы мейірімілік пен бауырмалдылықты оятатын мереке екенін айтады. 

 "14 наурыз – батыс аймағына тән көрісу күні. Әсіресе, Маңғыстау өңірінде "Амал" мерекесі ерекше тойланады. Сонымен қатар, Батыс Қазақстанның Ресеймен шекаралас қазақ жерлерінде сақталған өте көне мереке.  Бұл мереке – ізеттілікке, мейірімділікке, ауызбіршілік пен бауырмалдылыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі", — дейді тарихшы. 

Көрісу күнінің тарихы туралы  халық арасында әртүрлі болжам, әртүрлі пікір бар. Қатынайтын көлік құралы ат пен арба болған заманда алды 3 ай, арты алты ай қыста бір-бірінен байланыс үзген  ана жұрт пен мына жұрт қар еріп, күн жылынғанда қайта қауышып,  көріседі екен. Және де сол күн наурыз айының ортасына тұспа-тұс келген, сол дәстүрден осы Амал мерекесі пайда болды деген болжам бар. Сырым Хасенов "Амалдың" нақты ғылыми тұжырымдамасы болмаса да, тарихта осы күнге қатысты жазба-нұсқалардың барын айтты. 

Наурыз ортақ, салт-дәстүр неге әртүрлі?

"Қазақ халқы жыл басын 22 наурыз, яғни, күн мен түннің теңескен уақытында қарсы алатыны белгілі. Ал бірақ батыс өңір жыл басын осы 14 наурыздан бастап кетеді. Неге? Отан тарихы ғылымында 14 наурыздың ғылыми тұрғыда тұжырымдалған нақты сипаты жоқ. Бірақ әртүрлі болжамдар мен жорамалдар бар. Археолог ғалым Андрей Астафьев бұл дәстүрлі ғылыми тұрғыда түсіндіріп беруге тырысқан. Бұл ғалым Маңғыстау өңірін көп зерттеген адам.  Сол зерттеулерінің негізінде ол "Амал мерекесінің тамыры моңғол  мен тувалық халықтарда жатыр" деген қорытындыға келген. Адай өңірінің аңыздары бойынша, бір заманда адамадар үстірт аймағы арқылы Маңғыстау өңіріне шығыстан келген деген жорамалын айтады. Яғни, шығыстан келген халық өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін де алып келуі мүмкін деген болжамға тоқталған. Моңғолдардың күнтізбесіне сәйкес, бір аптада тоғыз күн болған және қыс 22 желтоқсаннан басталады деп есептелген. Сонда күнтізбедегі төрт маусым тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлініп, 23 желтоқсаннан 14 наурызға дейінгі уақыт тоғыз аптадан тұратын кезеңдерге бөлінеді екен", — дейді Сырым Хасенов тарихшының дерегіне сүйене отырып. 

Сырым Хасеновтің айтуынша, Мәшкүр Жүсіп Көпеев те өз жазбасында сегіз күндік наурызнама өтетінін жазған. Ескіше осы сегіз күндік наурызнама 14-22 наурыз аралығына келеді екен. 

"Тағы бір болжамдар бар. Кемеңгер ақын Абайдың інісі Шәкәрім қажының ұлы Ахаттың жазуынша, 14 наурыз ескіше 1 наурыз деп есептеліп, көктемнің басталғанын болжайды деп айтқан екен. Ескіше айтқанда, 1 март қазақша жаңа жыл екенін  Шәкірім қажы айтып отыратын деп жазған Көпеев", — дейді Сырым Хасенов. 

©sputniknews.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер