Бір күні Ұлық Алла Жебірейілге:
– Мен түнді жаратамын. Айдың нұрынан шуақ ал, – дейді.
Жебірейіл қанатымен айдың жүзін үш рет сырып, шұғыласын жинап алды. Алпыс тоғыз шуағын алып, күнге қосады. Күннің нұры артып, бұрынғысынан қатты жарқырапты. Ай тек түнде шығып, шамшырақ болыпты. Нұрының азайғанына қайғырып, өңі түнеріп кетеді. Сол кезде Ұлық Алла:
– Әй, Ай! Сенің адамға көрсетер қызметің күннен бір мысқал да кем болмайды. Түнде шығып, жолаушылардың адаспай жол табуына жәрдем бересің. Күнге нұрыңнан сыбаға бергенің үшін адамдар да сені құрметтейтін болады. Әр туғаныңда саған сәлем беріп, қарсы алады, – дейді.
Ай сабасына түседі. Өзінің бір шуағымен түнде адамдарға жол көрсетеді екен. Жебірейіл періште нұр алуға келген кезде қанатымен айдың бетін жырып алыпты. Ай бетіндегі жырық сызықтар содан қалған деседі[1].
Халық та Айды құрмет тұтып, жақсылыққа ырымдайды екен. Жаңа Ай туғанда:
– Ай көрдім, аман көрдім,
Бұрынғыдай заман көрдім,
Ескі айда есірке,
Жаңа айда жарылқа, – деп сәлемдеседі.
Ел аузында да «Айға қаратып дәрет сындырма», «Айға қол шошайтпа», «Айға қарап күлме, жылама» деген тыйымдар пайда болады. Ай сәулесі адамға түспесін деп терезені түнде жауып жатады екен. Ай сәулесі түскен адам айкезбе ауруына ұшырайды.
[1] Yazıcıoğlu Muhammed. İzahlı Açıklamalı Muhammediye. – İstanbul: Çile Yayınları, 1978.
©degdar.kz