ОҚО-да саятшылық өнерді ұлықтауға арналған шара өтті
15.02.2018, 08:34

ОҚО-да саятшылық өнерді ұлықтауға арналған шара өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Салбурын - мереке ғой саятшыға» атты этнографиялық шара өтті. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы  аясында өткен басқосуды облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Түлкібас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.  Шараның мақсаты - саятшылық, құсбегілік өнерді қайта жаңғырту. Мұнда қазақтың төл өнерін жанына серік еткен облыстағы жігіттер қауымы бақ сынады, деп хабарлайды silteme.kz АА  ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Этно-танымдық шараның ашылу салтанаты қатысқан белгілі жазушы Мархабат Байғұт, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Абданбекұлы, белгілі саятшы Мұхтар Атахан ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы мәні жайын сөз етті.

«Саятшылық, аңшылық – бұл қазақтың қанға біткен төл өнері. Мұнда ердің - жігіттігі, батылдығы, ептілігі сынға түседі. Бүгінгі заманда біз осындай ұмыт бола бастаған, өскелең ұрпаққа үйретуге тиіс құндылықтарымызды жаңғыртып, көрсетіп отыруымыз керек. Бұл – әрқайсымыздың парызымыз», - деді Мархабат Байғұт.

Шара аясында бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында ой-пікірлер айтылып, іс жүзінде ел алдында көрсетілді. Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сыры туралы мағлұматтар беріп, саятшылық дәстүріміз туралы толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ, саятшылық пен аңшылық жайлы қысқа метражды бейнефильм түсірілді. Танымдық шара соңында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев атсалысқан азаматтарға алғыс  білдіріп, шарада ерекше көзге түскен саятшыларды марапаттады.

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер