Ақпарат көзіндегі деректерге қарағанда, бірқатар этнограф тарихшылар қыпшақтарда да шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың көшпелілердің де байырғы мейрамы екенін жазған.
Айталық, оған дәлел Мұрат Әжінің «Қыпшақтар» атты кітабында «Шыршалар мерекесі» атты тарау бар.
«Онда әуелде бұл мереке Құдайлар мен аруақтар мекені — жер шарының тура кіндігінде тіршілік ететін Жер-Судың құрметіне арналады. Тап сол маңда үнемі ақ сақалды Үлкен есімді шал жүрсе керек. Түркілер оны ылғи қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көреді екен. Мұрат Әжінің дәлелдеуінше, ежелгі алтайлықтар шырша мерекесін 25 желтоқсанда, күннің түнді жеңгеніне орайластырып тойлаған екен. Тілек, дұғалары Тәңірінің құлағына шалынсын деген ниетпен, шыршаны үйлеріне әкеліп, оған неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Сонан соң әлгі әсем шүберектермен көмкерілген шыршаны айнала би билеп, ән салатын болған» деп танымал ғалымға сілтей дәйектеген басылым.
Расымен де, егер дәл осылай болып, Жаңа жылды шыршамен қарсы алуды түркі халықтарының байырғы мейрамы деп санайтын болсақ, онда Еуропаға бұл мереке кейінірек келген болып шығады.
Айта кетейік, белгілі тарихшы, этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде де Жаңа жылдың көшпелілердің байырғы мейрамы екені жөнінде мағлұмат берілген.