Балаңызды ғаламторға отыруын шектейсіз бе?
06.02.2018ж.

Балаңызды ғаламторға отыруын шектейсіз бе?

XXI ғасырды ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Еңбектеген сәбиден, еңкейген қартқа дейін ғаламторға тәуелді. Әсіресе, тілі әлі шықпаған жас сәбилердің қолынан смартфон телефондар түспейді.

Сарапшылардың жүргізген зерттеуіне сүйенсек, елімізде балалардың 54 пайызы күн сайын түрлі әлеуметтік желілерді қолданады екен. Ал Лондон университеті мен Лондондағы Корольдік колледждің ғалымдары смартфон, гаджеттер кішкентай баланың ұйқы дағдысын бұзып, оның салдарынан ағзаның дамуында өзгерістер пайда болатындығын дәлелдеген. Ғалымдар осындай ақпаратты таратқан күннің өзінде біз заман талабына қарсы шыға аламыз ба? Олай болса, осы тақырып аясында жүргізілген сауалнамаға зер салыңыз.

Ақтөре Құлбекова, жас ана:

Ғаламторда балалардың отыруына өз басым қарсымын. Мен оларға телефон немесе планшетті өзімнің рұқсатымсыз ұстатпаймын. Тек осылай қыдырыстап шыққан да, өзімнің қадағалауыммен ғана пайдалануға рұқсат етемін. Әрине, басында қарсылық танытады. Бірақ, кейіннен оған еті үйреніп кетеді.

Назерке Әмірова, қала тұрғыны:

Мен ғаламторды жиі қолданатын адамдардың қатарынанмын. Уақытымның 30-40%-ын ғаламторда өткіземін. Көбіне кешке қарай, жұмыс уақытынан кейін, әлеуметтік желілерге кіріп, жаңалықтармен хабардар боламыз. Көбінесе, “YouTube” каналынан, қызықты фильмдер көремін.

Демеу Батырбаева, зейнеткер:

Менің немерелерімнің алды 9 оқиды. Олардың ғаламторға тәуелденіп отырғанын байқымаппын. Тек, сабақтарын қарап, өз керектеріне пайдаланып отырады. Мен оның бәрін өзім жіті қадағалап жүремін. Көбінесе телефондарынан «Шаншар» немесе басқа да сахна жұлдыздарының өнерлерін тамашалап отырады. Мен де немерелерімнің көмегімен ғаламторға кіріп, теледидардан көре алмай қалған концерттерді қараймын.

Рабиль Қапсалымов, студент:

Иә, мен ғаламторды жиі пайдаланамын. Әр күнімнің 40%-ын әлеуметтік желігер арнаймын. Нақтырақ айта кетсек, қазірдің өзінде сұранысқа ие «инстаграм»  желісінде көп отырамын. Ал “YouTube” каналындағы видеоларға келсек, ондағы пранк немесе күлкілі видео-роликтерге аса көп назар аударамын. Сондай-ақ, сайттар мен желілерді пайдаланған кезде, қоғамға пайдасыз жарнамалар шығып жатады. Оларға кіріп ешқашанда қызыққан емеспін. Тек өз керегімді іздеп, уақытымды ғаламторда тиімді пайдалануға тырысамын.

Роза Молдашева, психолог:

Ғаламтор қазірдің өзінде сәнді дүниеге айналды. Көп жастардың назарлары да осында. Ғаламтор алдауына ілініп қалған жастар саны қаншама, олардың есебі жылдан-жылға өсіп келеді. Дегенмен, маман ретінде кеңес берер болсам, мен ғаламтордан гөрі кітаппен дос болып, бос уақыттарын сонда өткізсе деймін. Кітап оқыған адамның, өмірге көзқарасы,ойлау қабілеті әлдеқайда алда болады.

Нұрболат Иманбай, студент:

Менің ойымша, әлеуметтік желі немесе сайттар, барлығы заманның өтпелі кезеңдерінде пайда болып, кейін уақыт өткен сайын қала беретін нәрсе сияқты. Әлемді жаулаған дөңгелек ғаламторға тәуелді адамдардың бірі – мен. Шыны керек, ғаламторсыз, соның ішінде инстаграмсыз мен өзімнің күнделікті өмірімді елестете алмаймын.  Оның ішінен өзіме керек ақпаратты іздеп табамын.

Ернар Адилов, мектеп оқушысы:

Желілерде отырып, өз уақыттарын бос өткізіп, ғаламтор құрбандарына айналған адамдарды мүлдем түсінбеймін. Олардың көздері қазір көк экранға тәуелді болып қалған. Айналада қаншама қызықты дүниелер бар. Оны көре білетін адам бір бөлек, қысқа өмірді білгенмен, көргенмен өткізген адам бір бөлек. Иә, заманнан қалма, сен керісінше заманнан оз, ұшқыр ойларыңмен жең. Өзімді айтар болсам, әр күнімнің 10 пайызы сайттарда өтеді. Мен онда еріккеннен немесе айналысатын іс таппағаннан емес, өзімнің ой дамуыма керек нәрселерді қараймын. Ғаламтор − уақытша дүние, ал оқу мен ізденіс, өмір бойғы тәжірибең сенің жемісің.

Анар Қыдырболат, мектеп оқушысы:

Мен де ғаламторды жиі пайдаланамын. Сабақ кезінде қосымша материалдарды ізденетінмін. Ал қазір жазғы демалыс болғандықтан, сайттардан кинолар көремін. Әрине, ата-анам ғаламторды жиі пайдалануыма тыйым салады. Ондай кезде теледидар қарап, кітаптарды жиі оқимын.

Бибіжан Оразалиева, студент:

Иә, мен де ғаламторды басқа да жастар сияқты жиі пайдаланамын. Әлеуметтік желі мен сайттарды тең дәрежеде қолданыста ұстаймын. Үйімдегі жас бүлдіршіндерді қатты қадағалаймын деп айта алмаймын, бірақ олардың мультфильмнен басқа нәрсемен әуестенбейтіндерін білемін.

Әйгерім Өтепбергенқызы, жеке кәсіпкер:

Әр күнімнің 3 сағатын ғаламторда өткіземін. Өйткені, одан өз өміріме пайдалы кеңестерді алу үшін қолданамын. Соның ішінде: үй тұрмысы дизайні, жаңа топтамадағы кітаптар сөресі, сүйікті шетелдік кино жұлдыздардың өмірімен хабардар болып отырамын. Ғаламтордың пайдасы басым, егерде тұтынушы өз іздегенін тауып, ақылмен пайдаланса. Әрине, зиянды жақтары бар, қоғамға пайдасыз зиянды жарнамалар мен видео-мәліметтер адамның психикалық ой өрісін улайды. Сонымен қатар, міндетті түрде кішкентайлардың ғаламтор желісін пайдаланудағы тәртіптерін қарап, өзім қадағалап отырамын. Себебі, қазір заманның ауыр кезеңдерін бастан өткерудеміз.

©zhasatyrau.kz

 

Асем Жамбулова

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер