Қазақстандық студенттер лекцияға бармай-ақ онлайн дәріс тыңдай ала ма?
18.01.2018ж.

Қазақстандық студенттер лекцияға бармай-ақ онлайн дәріс тыңдай ала ма?

XIXғасыр - жаңа технологиялардың дәуірі. Қазақстандық білім беру жүйесінің онлайн платформаға ауысатын кезі келген секілді.

2017 жылы құрылған "Қазақстанның ашық университеті" - OpenU.kz білім беру платформасының дәрістерін 1000-нан астам адам тыңдаған, деп хабарлайды Today.kz

"Ұлттық аударма бюросы" мен "Кселл" АҚ бірлесе жүзеге асырған бұл жобада еліміздің үздік ЖОО оқытушылары онлайн дәріс оқиды. 

"Қазақстанның ашық университеті" білім беру платформасында математика, физика, информатика сияқты ірі ғылым салаларымен қатар бизнесті жоспарлау, бағдарлама тілімен күрделі технологияларды модельдеу мен құрастыру сияқты салалардың кәсіби мамандарына арналған дәрістер де болған. Білім беру контентінің 80 пайызы қазақ тілінде. 

Қарапайым тілмен түсіндіргенде еліміздегі мықты ЖОО оқытушылары өздерінің дәрістерін платформаға салып отырады. Аталған дәрістерді алу үшін ОpenU.kz сайтына тіркелсеңіз жеткілікті. Айтпақшы, ол дәрістерді тек оқушылар мен студенттер ғана емес қызығушылық танытқан кез келген азамат ала алады. 

"Білім беру жүйесі бір орнында тұрмайды. Біз Қазақстанда онлайн білім беру мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Бұл жобаның көңілден шыққаны және қолданушылар саны мыңнан асқаны  қазақстандықтардың digital платформалар арқылы білім алуға дайын екенін көрсетеді. Аталған жоба қоғамның барлық мүшесіне білім алуға мүмкіндік беріп отырған әлеуметтік маңызды жоба болғандықтан біздің компания қолдау көрсетуін жалғастыра береді", -  деді "Кселл" АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталия Еськова. 

"Қазіргі кезде мектептегі мұғалімдер мен жоғары оқу орнындағы оқытушылар дәріс барысында жаңа технологияларды қолдануға қорқады немесе қашқақтайды. Сондықтан жастардың білім алуға деген ынтасы төмен. Қазір барлық жасөспірімнің қолында смартфон бар. Ал біз ұсынған онлайн дәрістерді студенттер мен оқушылар, азаматтар өздеріне ыңғайлы жерде кез келген уақытта көре береді", - дейді "Ұлттық аударма бюросы" ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Ресейде онлайн білім беру заң жүзінде қолға алынған. Қазақстанда онлайн білім беруге заңға қайшы келмегенімен, заң жүзінде реттелмеген. Егер осы салада тиісті заңдар қабылданар болса қазақстандық студенттер университетке бармай-ақ онлайн дәріс тыңдай алуы мүмкін. 

Сонымен қоса Рауан Кенжеханұлы: "Бұл жобаны жүзеге асыруға Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ - Британ техникалық университеті, Алматы Менеджмент университеті, Сүлейман Демирел атындағы университет қолдау көрсетті. Аталған жоғары оқу орындарымен қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оң нәтиже беріп жатса 3 курс студенттерінен бастап университетке бармай онлайн дәріс алып, оқу орнына тек сынақ тапсыру үшін ғана келуге болатын оқу жүйесі пайда болады", - деді. 

Жазба авторы:

Тойгүл Нұржанқызы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер