01.09.2016, 13:47
Адамды қинау заңды сыйлауға жатпайды
Қазақстанның бас прокуроры Жақып Асанов құқық қорғау органдарының қызметкерлерi қылмысты тез ашу үшiн азаптау, қинауға жүгiнетiнiн мәлiмдедi. Астанада Конституция күнiне арналған жиында бас прокурор полициядағы, түрмедегi зорлық-зомбылықты азайтумен күресiп жатқандарын жеткiздi.
Қызметiне кiрiскенiне көп болмаса да Жақып Асанов құқық қорғау органдарындағы күдiктiлерге қатысты зорлық-зомбылықтың адам шошырлық деңгейде екенiне көз жеткiзiп үлгерiптi.
“Бүгiнде прокурорлар адамдарды азаптауға қатысты iстердiң 70%-ын тергеп жатыр. 5 жылдың iшiнде 146 қызметкер сотталды. Қолдан келгеннiң бәрiн жасап жатырмыз. Бiрақ азаматтарды азаптау тыйылар емес”, – дедi ол.
Бас прокурордың баяндамасынан заңдылықтың сақталуын қадағалаушы органның басшысы ретiнде өздерiне айтылған сындардан хабардар екенiн және одан қорытынды шығаруға ұмтылатынын байқадық. Бас прокуратура БҰҰ мен құқық қорғаушылардың түрмедегi азаматтар мен күдiктi ретiнде қамауға алынған жандарды азаптауға байланысты 732 шағым мен оған қатысты 485 қылмыстық iстi қарап шығыпты. Түрмелерден бөлек тәртiбi қиын балаларға арналған арнайы мекемелер, уақытша қабылдау мекемелерiн тексерген. Бас прокурордың сөзiнше, прокуратура өкiлдерi қазiр жауапқа тартылғандардың азаматтарды не үшiн азаптағанын, сондай қадамға баруының себебiн зерттеп жатқан көрiнедi.
Нәтижесiнде соңғы жарты жылда прокурорлардың араласуымен тергеу абақтыларынан заңсыз ұсталған 205 азамат қамаудан босатылған. 2 мың күдiктiнiң iсiндегi дәлелдердiң жеткiлiксiздiгiн анықтап, оларды қамау туралы заңсыз шешiмдi бұзған. Прокуратураға шағымданған 14 мың азаматтың iсi бойынша 40 мыңнан астам лауазымды қызметкер жауапқа тартылып, 209-ының үстiнен қылмыстық iс қозғалыпты. 698 заңға қайшы сот шешiмi прокурорлардың талабымен өзгертiлген. Бұл осыншама адамның тағдыры әдiлетсiздiктен талқан болудан аман қалды деген сөз.
Әрине, полиция бөлiмдерiндегi, тергеу абақтыларындағы, уақытша оқшаулағыш пен түрмелердегi адамдарды азаптау мен зорлық-зомбылық оқиғалары бас прокурор келтiрген деректерден әлдеқайда көп. Полицейлер мен тергеушiлердiң озбырлығы мен зорлығынан зәбiр көрген жандар шағым айтып редакциямызға күн сайын дерлiк келедi. Неге бiздi қорғайды деген құқық қорғау органдарының қызметкерлерi бiздi қорлайды?
Мұның себебi көп. Бiрiншiден, құқық қорғау жүйесiндегi жемқорлық iндетi асқынып кеттi. “Қарға қарғаның көзiн шұқымайды” деген қағидамен кез келген заңсыз iстердi “жабулы қазан” күйiнде қалдырады. Жазатайым бiрдеңе болса, жоғарыдағы басшылықтың құлқынын толтырып, құтылып кетуге болады.
Екiншiден, полицияға, тергеу орындарына жастар қылмыскер ұстау үшiн емес, буда-буда ақша ұстау үшiн барады. Бас прокурор болып тағайындалысымен екi ай бойы ешкiмдi жұмысқа алмаған Жақып Асанов өзiне прокуратураны “майлы жiлiктiң басына” балайтын жастардың көкелерi күн сайын жұмыс туралы өтiнiшпен келетiнiн айтып мұңын шаққаны бар. Және бұған ең алдымен мемлекеттiк қызметке әдiлеттi жолмен қабылдау жүйесiнiң жоқтығы себепшi екенiн мойындайды.
Кеңес кезiнде милицияға жұмысқа тұру үшiн арнайы заң бiлiмiмен бiрге үмiткердiң идеялық тұрғыдағы дайындығы мен психикалық, психологиялық жай-күйi де ескерiлетiн. Ал қазiр “бармақ басты, көз қыстымен” жұмысқа аларда әскери билет қана сұрайтынын да көрiп жүрмiз. Заңнан хабары жоқ, мiнез-құлқының қандай екенi белгiсiз адамның қолына қару мен өкiлет берiп қояды. Ондайлардан қолына тапанша ұстап көшеге шығып кеткен маймыл секiлдi не нәрсе күтуге болатынын бiлiп болмайсыз.
Үшiншiден, мұндай жүйе ондағы қызметкерлердi адамның тағдыры мен құқық қорғау деген ұғымдардан алыстатып жiбередi. Ең бастысы, басшыларға ай сайын “салығыңды” төлеп, өтiрiк есеп-қисабыңды берiп тұрсаң болды, сенiмен ешкiмнiң шаруасы болмайды.
Демек, құқық қорғау органдарындағы зорлық-зомбылықты жою үшiн “Авгийдiң ат қорасына” айналып кеткен жүйенi тазалау керек. Құқық қорғау саласына бiлiмдi, көзi ашық, дұрыс тәрбиеленген жандар көптеп келгенде және ондағы өзгерiстер жария түрде өткенде ғана жағдайды өзгертуге болады. Құқық қорғау органдарының қоғамның назарынан таса қалғанын Жақып Асанов та ашық айтты. Бас прокурордың “Қоғам керiсiнше бiздiң - ең басты тапсырыс берушiмiз” дегенi қызылсөз болып қалмаса, бұл Бас прокуратураның заңдылықты қадағалау жағында оң бетбұрыс жасауға талпынғанының белгiсi.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ
© zhasalash.kz
Тегтер:
Пікір жазу
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13