"Әйелімді қуып жүріп ұратынмын" депті белгілі әдебиет сыншысы
08.01.2018, 09:18

"Әйелімді қуып жүріп ұратынмын" депті белгілі әдебиет сыншысы

Белгілі журналист Сәкен Сыбанбай Фэйсбук парақшасында әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекеге қатысты бір қызықты оқиғаны есіне алды, деп хабарлайды silteme.kz.

"Осы ғасырдың алғашқы жылдарында «Жас Алашта» белгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекемен бірге жұмыс істедік. Ағамыз сондай әзілкеш, әсіресе ұжымдағы қыз-қырқынды күлкіге қарық қылады да жүреді. Бірде жұмысқа жаңадан кірген жас қыздар түскі шай үстінде Әбекеңнің әңгімесін тыңдап отырды. Менің де құлағым түрулі.

Әмірхан ағаның Шымкенттен екенін білген бір қыз:

– Аға, осы шымкенттіктер әйелдерін ұрады дейді ғой, рас па? – деп сұрап қалды.
Мұндай сұраққа «серьезно» жауап беретіндей Әбекеңді жын ұрып па:

– Рас, – деді сыр білдірмей.
– Сонда... сіз де ұрасыз ба?
– Ұрам... Шынымды айтсам, бұрын ұратын ем, кейінгі уақытта онша ұра алмай жүрмін.
– Неге?
– Шырақтарым-ау, әйелді әншейін құр ерігіп ұра салмайсың. Ол деген – тұтас ритуал ғой!
– Қандай?

– Алдымен ол жәйлап ұрыс шығарып бастайды. Мен жауап қайтарамын. Ақырындап ол күшейе береді. Қатынмен қашанғы салғыласып отырамын, бір кезде шыдамай орнымнан атып тұрамын. Ол тұра қашады. Ал кеп қу! Ана бөлмеден мына бөлмеге, мына бөлмеден ана бөлмеге... Кейде далаға шығып кетеміз. Үй айнала безектеп қайта үйге кіреді, артынан далақтап мен жетемін. «Қыз қуу» деген сияқты сондай шарты бар салт қой ол, қуып жетіп барып ұрасың.
Қыздар кәдімгідей сілтідей тынып, тыңдап қалыпты.
– А-а-а-а-ал қазір неге ұра алмай жүрсіз? – деді біреуі ашылған аузын әрең жиып алып.
Әмірхан ағаның бетінен ешқандай мимика білінбейді ғой:
– Жас келді ме, атасына нәлет, қуып жете алмай қала беремін...
Шыдай алмай, күлкіден жарылдым. Ағаның қуақыланып отырғанын қыздар сол кезде аңғарып, олар да сылқылдап қоя берді...
...ИМАМНЫҢ былжырағына да күле қарау керек қой, достар!" деген ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ризабек Батталұлының "Әйелді əркез ұрып тұруға болады", - деген уағызы қоғам тарапынан сынға ұшырап, қызу талқылану үстінде.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер