Ақтөбеде баспанасыз қалғандар мектептерді паналап жүр
18.04.2017, 10:00

Ақтөбеде баспанасыз қалғандар мектептерді паналап жүр

Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 600-ге жуық адам баспанасыз қалды, деп хабарлайды baq.kz.

Барар жер, басар таулары қалмаған жандар қазір шаһардағы мектептерде тұрып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 Үйлері суға кеткен ақтөбеліктер үш күннен бері мектептерде жасақталған жеті эвакуациялық пункте тұрып жатыр. №40, 15, 26 және Мұхтар Арын атындағы Қарғалы орта мектептерінде бүгінге дейін 500-ден астам адам орналастырылған. 160 бала бар. Олардың жағдайлары жасалып, киім-кешек, үш мезгіл тамақ, жатын орынмен қамтылған.

«Мектебімізге 81 тұрғын орналасты. 20-дан астам бала бар. Қала әкімідігі, тұрғындар, мектеп ұжымдары қажетті дүниелерді әкеліп жатыр. Дені – жылы киімдер. Оқу құралдары да жеткізілуде. Кереуеттер әкелінді»,-дейді №15 мектеп директорының орынбасары Айымгүл Дағарова.

№15 мектепке қалалық сүт зауыты ауданы мен әуе қалашығындағы су басқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындары орналастырылған. Су тасқынынан зардап шеккендердің айтуынша, үш күннен бері ұйқы жоқ. «Көктем келді ме деп қуанғанда, қайғымыз артып кетті» деп налиды. Солардың бірі 2-топ мүгедегі Темірхан Айтқұлов. «Сосна» бау-бақша ұжымының тұрғыны мұндай суды алғаш көріпті.

«2011 жылдан бері тұрып жатырмын саяжайда. Үйіме 30-40 сантиметр көлемінде су кірді. Мұндайға мүлдем дайын болмадық. Алда не болатынын білмеймін. Әкімдіктегілердің қандай көмек беретіні де белгісіз. Осында әкеліп орналастырды. Бала-шағаммен тұрып жатырмыз»-, дейді су тасқынынан зардап шеккен Темірхан Айтқұлов.

Ал, мектепте аспаз болып жұмыс жасайтын Әлия Есбосынова қызметіне кішкентай баласын тастап шығыпты. Жұрттың қайғысына ортақтаспақ оймен. Себебі, кеше қаладағы өзге ауданда оның үйін де су басып кеткен.

«Үш мезгіл тамақтандырамыз. Жан-жақтан азық-түліктер жетіп жатыр. Қайырымды жандар балаларға да тегін тамақ әкелуде. Ас әзірлеуге өзге қызметкерлер жұмылдырылып жатыр. Жағдай қиын. Халық суға кетіп жатқанда көмектеспей қалай отырамыз? Олардың жағдайларын түсінем. Себебі, Махамбет ауылындағы өз үйім де суға кетті кеше. Менің балаларымда осы кішкентайларға ұқсап жылады. Қиналсам да қызметіме келдім»,-дейді аспаз Әлия Есбосынова.

Білім мекемелерінде тәртіп сақшылары, дәрігерлер кезекшілікте тұр. Ақ халаттылардың айтуынша, баспанасыз қалған жандардың арасында қан қысымы көтерілгендер көп.

«Мұндағы адамдардың басым бөлігі бас ауруы мен қан қысымына шағымданады. Ол күйзеліс пен уайымның әсері деп ойлаймын. Оған қоса, кішкентай балалар арасында іш ауруы, қызу көтерілуі болып жатыр. Қазір көмектер көрсетіп жатырмыз. Емханадан дәрілер әкелдік»,-дейді дәрігер Нұрбақыт Әйтімова.

Үш күнде су тасқынынан Ақтөбе қаласы бойынша мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшіріліп, құтқарылған. 700-ге жуық жан туыстарын жағалап кеткен.

Әсел АБАТ


 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер