Елімізде 100 адам жүрек алмастыру операциясына мұқтаж
30.09.2016, 15:38

Елімізде 100 адам жүрек алмастыру операциясына мұқтаж

Дәрігерлердің мәліметінше, қазір елімізде 100 адам жүрек алмастыру операциясына мұқтаж, деп хабарлайды islam.kz.

Ал ақ халаттылар жан дертінің шипасын іздегендерге қалай көмектесуде?  32 жастағы Данияр Абдулов осыдан бір жыл бұрын дүние есігін қайта ашты деуге болады. Жұдырықтай жүрегі сыр беріп, дәрігерлер: «Шұғыл трансплантация жасау керек», – деп шешеді. Небәрі екі айда оған донор табылған. Данияр Абдулов, жүрек ауыстырған науқас: - Мен – Қазақстанда жүрек ауыстырған 28-інші науқаспын. Операция былтыр, қыркүйек айының 23-і күні жасалды. Жақында екінші туған күнімді атап өттім. Бірақ, бұл – ілуде біреуіне ғана бұйыратын бақ. Себебі, елімізде донор тапшы. Ол аздай, статистикаға сай, жүрек сырқатына шалдығатындар арасында жастар көбейген. Жақсылық Досқалиев, республикалық трансплантация орталығының директоры: - Біздің заңда жазылған, егер де адам тірі кезінде «рұқсатымды бермеймін» деп қолхаты болса, ол кезде ешкім де ол адамның ағзасына қол тигізе алмайды. Бірақ, ондай қолхат болмағаннан кейін миы өлген соң, сол адамның ағзасын алып, басқа адамға қондыруға біз толық құқымыз бар. Елімізде трансплантация жасауға заң тұрғысынан кедергі  болмағанымен, адами фактордың әсері көп. Көбіне қайтыс болған донордың туыстары келіспейді. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бұл мәселе әлдеқашан шешілген. Махаббат Бекбосынова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары: - Өркениетті елдерде кез келген адамның жүргізуші куәлігінде дене мүшесін беруге келісім бергені не бас тартқаны жайлы ақпарат болады. Бізде мұндай әзірге жоқ. Өкінішке қарай, туабітті жүрек ауруларымен дүниеге келген сәбилерге біздің дәрігерлер көмек көрсетуге дәрменсіз. Себебі, елімізде балаларға донорлық орган салуға рұқсат ететін және оны қадағалайтын заң жоқ. Бұл келеңсіздікті білікті xирург Махаббат Бекбосынова жақсы біледі. Тек қолдан келер шара жоқ. Махаббат Бекбосынова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары: - Балалар да күрделі операцияны қажет етеді. Бірақ, бізде тиісті заң жоқ. Сондықтан, олар операция жасатуға шетел асады. Келген соң емін осы клиникада жалғастырады. Сонымен, біреудің дене мүшесін басқаға орнату қаншалықты дұрыс? Бұл сауапты іс пе? Әлде дін мен наным-сенімімізге қайшы ма? Мұны біз «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб-имамы Әділхан Серікбайдан сұрадық. Әділхан Серікбай, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб-имамы: - Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Кімде-кім бір адамның өмір сүруіне көмектессе, кімде-кім бір адамға тіршілік берсе, яғни, өмір сүруіне қолайлық жасаса, ол бүкіл адамзатты тірілткенмен бірдей», – деген мағынадағы аят бар. Осы аяттың негізінде біздер ауырған адамдарға көмек ретінде донорлық жасауға болатындығына осы бір аят дәлел болады. Қазір бір науқастың жүрегін ауыстыруға 25 млн теңгеге дейін жұмсалады. Бірақ, бәрі тегін, шығынды мемлекет өтейді. Дене мүшесін басқа қаладан жеткізуден бастап, операция жасау мен ем-домды түгел өз мойнына алады. Оған қоса, органын ауыстырған адамдарға моралдық тұрғыдан да қолдау көрсетеді екен. 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер