Араб-мұсылман еліндегі теология мен әдебиеттің дамуы
20.08.2020ж.

Араб-мұсылман еліндегі теология мен әдебиеттің дамуы

«Ихса әл-Улум» яғни «Ғылымдар классификациясында» Әбу Насыр фәлсафалық, лингвистикалық, теологиялық және құқықтық ғылымдар жүйесін зерттеген.

Бұл еңбегінің кіріспесінде ойшыл түрлі ғылымдарды басы бүтін түгендеп, өсиетті сарын әдісімен тарауларға бөліп, олардың оқытылу әдісін қанағаттанарлықтай сипаттай алған. Әуелі ойшыл барлық ғылымдарды бес тармаққа бөледі:

-тіл туралы ғылым және оның тармақтары;

-логика және оның тармақтары;

-математика ғылымдары;

-физика мен метафизика, олардың тармақтары;

-азаматтық ғылым және оның тармақтары, юриспруденция және дін ілімі.

Бірінші тарауды әл-Фараби лингвистикалық ғылымға арнап: 1) Әуелі кейбір ұлттардың өз тілдерінде кез келген сөзді немесе сөздің жанама мағынасын яғни коннотациясының пайдалану әдістерін; 2) Сол сөздерді ауыз екі тілде дұрыс қолдану жолдарын ұсынады. Лингвистикалық ғылым,- дейді Әбу Наср әл-Фараби,- жеті бөлімнен тұрады дей келе оны төмендегідей етіп жіктейді:

-жай сөздер туралы заң;

-сөз тіркестері туралы заң;

-жай сөздер заңдары туралы ғылым;

-сөз тіркестері заңдары туралы ғылым;

-жазу емлесі;

-дұрыс оқу ережесі;

-өлең құрылысының ережесі.

Бұл тізімдемеде ойшыл лингвистикалық ғылымдарға сипаттама жасап, оны тарауларға бөліп қарастырады. Әр түрлі халықтардың әдеби мұралары мен шешендік өнерін зерттеп ұлттық ақындарға баға беруге ұмтылыс жасаған.

Кейінгі кезекте ойшыл логиканы қарастыра отырып, оны сегіз тармаққа жіктейді:

-силлогизм түрлері;

-пікір айту түрлері;

-өнер түрлері;

-ойлаудың бес түрі: дәлелдеуші, диалектикалық, софистік, шешендік және поэтикалық.

Ясауи ілімі. Ерік бостандығы адамды өмірдегі барлық ләззаттарға жетелеп, пендешілік қызыққа іңкәр етуі де мүмкін, сонымен қатар, олардың бәрінен де бас тартып, жалпы өмірге, тіршілікке немқұрайлылықпен қарауға әкелуі де мүмкін. Осы сарын қазақ мәдениеті мен философиясының тікелей рухани атасы болып табылатын Қожа Ахмет Ясауи философиясында дамыған. «Диуани хикмет» деген шығармасында рухани жетістік нәрін сопыларға ғана жарасатын бір тілмен жеткізеді. Жеті жасында әкесінен жетім қалған Ахмет басқа рухани әкеден тәрбие көреді. Әзіреті пайғамбарымыздың рухани ишарасымен сахабаларының бірі болған шайқы Арыстанбаб Сайрамға келіп оны оқытады» . Оның ілімінің негізі – бұл дүниедегі қызықтың бәрі күнә. Сондықтан, өзінің Алла алдындағы адалдығыңды ұдайы сақтау үшін күйкі тірліктегі барлық қызықтан шамаң келгенше бас тартып отыруың керек. «Әзіреті пайғамбар 63 жасында мынау фәни дүниеден көшкені үшін Қожа Ахмет Ясауи де сүнетті берік ұстағандықтан жер астына түспекші болады. Теккенің (дәруіш, сопылардың жиналатын жері) бір жағынан құдық қаздырып, баспалдақпен түсетіндей етіп жасайды. Жол ашып, кірпіштен кішкене бөлме жасайды. Әзіреті Ілияс пен Әзіреті Қызырдың да қолдауымен жүздеген жылдар бойы бұл құрылыс бұзылмай сақталған. Ахмет Ясауи ол жерден бір шұқыр қазып, сол жерді мекендейді. Ол бір аңыз бойынша жүз жиырма, басқа бір аңыз бойынша жүз отыз үш, бүгіндері Ясыда тарап жүрген аңыз бойынша жүз жиырма бес жасына дейінгі бүкіл өмірін сол тар азапханада, қабірде жатқандар сияқты мына дүниенің бар ләззатынан бас тартып, нәпсісін тиып, құлшылық етіп, нәпсісімен талассыз күресе отырып өткізген».

Сүлеймен Бақырғани адам туралы. Сүлеймен Бақырғани Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті. Туған жылы белгісіз, Түркістан қаласында дүниеге келген. Халық арасында оны Әкім Ата деп атайды. «Оның басты және көпке танымал «Ақырзаман», «Бақырғани кітабы» еңбектерінде эстетика, этика, тазару, адам жанының үндестігі (гармония) мәселелеріне көңіл бөлінеді. Оның ойынша, мәңгілік әдемілік – Құдай. Алла – таза абсолюттік болмыс. Алла төрт бірліктен (от, су, жер, ауа) құралатын төрт тарап дүниені жаратты. Сосын өсімдіктерді, жәндіктерді, жан-жануарларды, оларға әмірін жүргізуші төрт мүшеден (аяқ, қол, бас, дене) тұратын адамдарды дүниеге келтірді. Бақырғани пікірінше, құдайдың сұлулығын пәни жалған пендесі танып, біле алмайды. Өйткені қарапайым адам мен Алла тағала арасында көзге көрінбейтін «перде» ілінген. Аталмыш «пердені» ысырып, құдайды танып-біліп, дидарына тәнті болғысы келген адам, ең алдымен, сопылық жолға түсіп, оның негізгі сатыларынан (шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат) өтуі қажет. Нәтижесінде «ішкі көзі» ашылып, рухани тазарған адам Аллаға бір табан жақын болады. Құдайды ақыл емес, оған деген махаббат арқылы танып-білуге болады. Махаббат – жоғары сезім. «Құдайды не үшін сүюге болады?» – деген сұраққа Қасиетті Алла кітабының 61-аятымен жауап береді. Құдай сұлулығы – оның рақымшылдығында, кешірімділігінде, пенделеріне жасайтын шексіз жақсылығында. Жақсылығы өзі жаратқан пенделеріне деген махаббатында. Тек жаны жомарт, сабырлы, білімді адам ғана Құдайға жақын тұра алады. Алла адам мен оның жүрегінің ортасында. Бір кездері адамдар оның қол астына жиналады. Табиғат пен адамзат заңдары бір-бірімен байланысты. Адам өзін-өзі танып-білу арқылы ғана Құдайды тануы мүмкін. Менмендік, сараңдық, қызғаншақтық, көрсеқызарлық, ұрыс-керістен тазарған адам ғана толық рухани азаттық алмақ. Сопылыққа барар жол соқпақты. Қиындығынан қорықпай, белді бекем буғандарға алғы шарт – өзіне ұстаз белгілеп алу. Тарихат сатыларынан өтіп, кемелденген шәкірт дәрежесіне жеткенше, ұстазының қолында тәрбие көріп, білім алмақ. Ол үшін шәкірт бірнеше сатылардан өтеді. Тарихат деп аталатын бірінші сатыда ол толығымен тазарады. Ал екінші сатыда шәкірт біреу жайында жаман нәрсе айтпақ түгіл, сынай да алмайды. Үшінші сатыда жас сопы жан тыныштығына енеді. Адам әрқашан да кімге көмек қажет болса, соған көмектесуі керек. Бесінші сатыда адам жаны қанаттанады. Мұнда сопы Алла дидарын тамашалай алады». Хаққа махаббатты Сүлеймен Бақырғани «Ұлы Алла сипаты таза заты» деп мадақтай отырып, енді бір жерде «махаббаттың майданында «ғашықпын деп жүргендер, сүйгенінен өзгеге уәде бермес болар» деп ғашықтарды бір-біріне адал болуға шақырады. Махаббатқа берік болу, оның сырын жүрегіңнің түбінде сақтау, жария етпеу туралы сопылардың ұғымындағы орталық тақырып.«Сүлеймен Бақырғани әдемілікті 3 түрге бөлген: 1. Абсолютті өзгермейтін Алла сұлулығы; 2. Жаратылыс сұлулығы немесе Құдай сұлулығының шағылысып түскен жердегі көрінісі; 3. Рухани сұлулық. Адам жерге Алла арқылы рухани сұлулыққа жету үшін жіберілген. Философияның түсінігінше, шынайы өмірдің негізін адамгершілік, демократия, әлеуметтік әдемілік құрайды. Міне, осы ойлардың бәрі сопылық ілімнен бастау алып жатыр. Дәлірек айтқанда, өз ұстазы Қожа Ахмет Ясауи көзқарасын ұстанып, оны ілгері дамытқаны ақиқат. Діни аңыздар желісінде жырлар жазу арқылы Сүлеймен Бақырғани түркі әдебиетінде ХӀӀӀ-ХӀV ғасырларда кең өріс алған нәзирашылдық (бұрыннан белгілі сюжеттерді жаңғыртып жазу) алғашқы бастауларына жол салған еді. С.Бақырғани 82 жасында Түркістанға жақын жерде дүние салды.

Теолог және әдебиетші Ибн Хазм әуелі заңгер ретінде танымал болды, алайда сәтсіз саяси байланыстардың нәтижесінде қуғынға түсіп, Жерорта теңізі жағалауындағы Альмерия қаласына жер аударылады. Сол жердегі достарының бірі оған махаббат туралы трактат жазуға ұсыныс айтады. Бұл тақырып Шығыстағы арабтар арасында сәнге айналғанғашықтар Мәжнүн мен Ләйлә, Жәмилә мен Бусейн сарындарымен танымал. Бұл тақырыпты бастай отырып, Ибн Хазм бедәуи поэзиясының дәстүрлерін ұстанғысы келмеді. Ибн Хазм теориялық ұстанымдарындағы көптеген мысалдар сол кездегі испан өмірінен алынған. Оның туындыларының құндылығы осында. Ойшыл еңбектерін оқи отырып, біз мұсылмандық Андалусияның дәстүрлерін түсінеміз, Батыс пен Шығыстың әр түрлі халықтардың конгломератының тұрпатымен танысамыз, әйелдерге қатысты немқұрайлылық қатынастар, тірі тауарретінде қарау сияқты ұғымдардың күрт өзгергенін байқаймыз.

Ол көрнекті теолог және жақсы әдебиетші болды. Оның 400 қолжазбасы болған. Өкінішке орай Ибн Хазм қуғын-сүргінге ұшыраған кезде, оның қолжазбаларының көп бөлігі жойылып кетті. Севильяда жұрт алдында оның туындыларын өртеу кезінде ол: «сендер қағазды өртей аласыңдар, оның ішіндегіні жоя алмайсыңдар, мен оларды кеудемде сақтаймын» деген ащы мысқылы белгілі. Ибн Хазмның махаббат тақырыбына жазылған прозалық және поэзиялық үзінділерден тұратын «Ғашықтар алқасы» атты туындысы танымал. Бізге осы бір ғана қолжазба келіп жетті. Ол Лейден университетінің кітапханасында сақтаулы. Осы қолжазба негізінде Ленинград университетінің профессоры, испантанушы Д.К.Петров арабтанушылармен кеңесе отырып, бұл еңбектің мәтінін жарыққа шығарды. Осы басылымға М.А.Салье түсіндірме жазған. Кітап бірінші рет 1933 жылы шығыстанушы И.Ю.Крачковскийдің редакциялауымен басылды.

 

Т.Советов,

Нұр-Сұлтан қаласының

Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер