Дін мәселелерін БАҚ-та жариялау ерекшеліктері
13.11.2019ж.

Дін мәселелерін БАҚ-та жариялау ерекшеліктері

Материал "Егемен Қазақстан" газеті мен басқа да порталдарға шыққан ақпараттардың негізінде толықтырылып әзірленді!

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің тапсырысымен «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингі» атты астаналық және аймақтық БАҚ өкілдері қатысқан арнайы семинар-дәріс болып өтті.

Іс-шараның мақсаты – діни тақырыпты жариялау мен дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша журналистердің кәсіби біліктілігін арттырып, халыққа дұрыс әрі шынайы ақпарат жеткізудің оңтайлы әдістерін қарастыру болды.

Оның аясында екі міндетке баса назар аударылды:

Біріншіден, журналистерді арнайы дағдыларға оқыту және дін саласындағы ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша тиімді жұмыс тәжірибесімен алмасу.

Екіншіден, дін саласындағы тақырыптарға қатысты мәселелерді ақпараттық тұрғыдан іске асыру бағыттарын түсіндіру.

 

 

Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Алайда діни және этникалық мәселеге қатысты БАҚ-та жарияланатын материалдардың басым бөлігі сын көтермейді. Масс-медиа мазмұнында руханилықтың, гуманистік идеялардың орнына меркантильді, прагматизм идеясы алға шығып кетті. Медиакеңістікті әсіресе, дін тақырыбында расталмаған және негізсіз ақпарат ағынымен толтыру журналист қауымына үлкен сын болмақ. Яғни, терминологияны білмеу және сарапшылар қауымдастығының бағалауынсыз күдікті тұжырымдамаларды қолдану күрделі салдарға әкелуі ықтимал.

Сондықтан да БАҚ-тың ақпарат таратудың арнасы ғана емес, азаматтардың санасына әсер етуші күшті, ықпалды құрал, қоғамдық-саяси, оның ішінде дін мәселесіне қатысты үдерістердің белсенді қатысушысы болатынын ескере отырып, ақпарат айдынында жариялауға болатын мәселелер ауқымы мен шегін анықтау, этика мен заңға қайшы келетін немесе қоғамда жағымсыз резонанс тудыратын, дінаралық немесе конфессияаралық араздыққа әкелетін жариялымдардың ара жігін ашу аса маңызды.

Жиын басында осыны баса айтқан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов семинар-тренингті ашты.

 

 

«БАҚ-тың барлық түрлері, әсіресе, телеарналар мен радио басшыларының дін және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар тақырыбындағы сарапшылық және аналитикалық материалдарды зерделеуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Ал бұл үшін журналистер арнайы білім мен білікке ие болуы керек. Тиісінше, дін саласында жиі орын алатын оқиғаға немесе жиі қайталанатын жағымсыз үрдістерге қатысты журналистік зерттеулер мықты сарапшылық қолдау арқылы әзірленгені жөн. Материалдарды дайындау кезінде құзыретті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ресми хабарламаларын пайдалану, эксперттерден – ғылыми-сараптамалық қауымдастық өкілдерінен кеңес алу сұралады», - деп Комитет төрағасы атап өтіп, кез келген уақытта талдама мен консультация беруге әзірлігін айтып, өзінің жеке телефон нөмірін ұсынды.

 

 

Мұнан кейін сөз тізгінін алған басты медиа-тренер Абылайхан Қалназаров бүгінгі зайырлы қоғамымыздың басты ерекшеліктерінің бірі – халықтың ұлттық және діни дәстүрлерінің жаңғыруы – Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуымен тұспа-тұс келгені екендігін айтты.

«Діни сала өзгермелі сипатқа ие. Сондықтан да, бұл ұдайы назарда ұстауды және оған мониторинг жүргізіп, ақпараттық соғыстарда жалпыадамзаттық құндылықтармен бірге елдік мүддені қорғап отыруды қажет етеді. Бұл жерде БАҚ-қа, оның мазмұнын жасаушы журналистер қауымына артылатын жауапкершілік зор, кәсіби біліктілікке қойылатын талап жоғары болмақ», - дей келе, спикер «Діни журналистика және оның типтері. Діни журналистика – сарапшы журналистика» тақырыбында өз ойларын ортаға салды.

 

 

Ол діни журналистиканың түрі жағынан зайырлы, конфессиялық және диаспоралық болып іштей бөлінетінін, сипаты жағынан кәсіби немесе популизаторлық бағыттарға тармақталатынын жеткізді.

«Біз діни журналистика ұғымын терең түсіну үшін ең алдымен оның қай тармақ-бөлігінде жасап жүргенімізді, яғни, ондағы өз орынымызды біліп алуымыз қажет. Сонда ғана дін тақырыбын қозғағанда орын алуы мүмкін қателіктер мен олқылықтардан аман бола аламыз», - деді медиа-тренер.

Сонымен қатар, діндер және діни терминдердің білу деңгейін анықтау бойынша тест алып, ситуациялық ойындар ойнатты жәнеден терроризм мен экстремизмді БАҚ-та жариялау ерекшеліктері мәселесін көпшілік талқысына сала отырып саралады.

 

 

 

 

Бұдан бөлек, тренинг қатысушылары алдында дінтанушы Тұрар Әбуов «Дін және дәстүрдің сабақтастығы» тақырыбы, Kazislam.kz порталының бас редакторы Саясат Қабдрахманов «Дін тақырыбын жариялаудағы этика мәселесі» тақырыбы, «Ақниет» оңалту орталығының теологы Серік Тәжібаев «Деструктивті діни ағым өкілдерімен оңалту жұмыстарын жүргізудің әдістемелік негіздері» тақырыбының аясында тренинг-дәрістер жүргізді.

 

 

 

 

Олардың бірауыздан айтуынша, журналистер сенсация жасау үшін сенімсіз ақпарат көздеріне жиі жүгінеді. Өзекті емес деректерді немесе ресми түрде жоққа шығарылған мәліметтерді пайдалануға әуес, тіпті қандай да бір үдерістерді сипаттауда асыра сілтеушілікке жол беріп, жағдайды одан сайын ушықтыра түседі. Мұндай ұстаным күрделі салдарға, тіпті діни немесе конфессияаралық араздыққа да әкелуі мүмкін. Яғни, барынша сақтанбай болмайды.

Шара соңында, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасының басшысы Нұрлан Шубаев дәріс қатысушыларын арнайы тәлімнен өткендері туралы сертификаттармен марапаттап, бұған дейін дін мәселелерін көптеп көтеріп жүрген журналистер – Baq.kz ақпарат агенттігінің продюсері Олжас Сәндібек, Kazislam.kz порталының тілшісі Ермұрат Назарұлы, «Заң» республикалық газетінің тілшісі Ерлік Ержанұлы, HOLA News ақпараттық порталының журналисті Айжан Қалиева, SAF MEDIA студиясының директоры Салтан Сайранұлының әрқайсысына 70 мың теңгеден сыйақылар тапсырды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Айта кетейік, оқыту шарасы барысында медиа-тренерлер мен дәріс алушылардың пікір алмасуы мен талқылауы нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарына басшылыққа алуы ұсынылатын басты 4 қағида түйінделді.

Біріншіден. «Зайырлы мемлекет және жоғары руханилық». Бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарда еліміздің өмірінің барлық салаларында зайырлылық қағидаттарын дамыту қажеттілігіне басымдық беру аса маңызды. Осы тұрғыда зайырлы және дамушы мемлекет ретіндегі Қазақстан болашағы, ал рухани және діни құндылықтар мемлекеттің барлық салаларын дамыту мен елдің жалпы гүлденуіне жағдай жасайтынын қоғам санасына жеткізу стратегиялық мәнге ие мәселе. Осының аясында зайырлылықты сонымен бірге дамуға, адам құқықтарының сақталуына және елдің демократиялық болашағына бағыт деп түсіндіру.

Екіншіден, «Бірлік пен келісім – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі». Бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарды жүзеге асыруда азаматтарды еліміздің тәуелсіздігінің арқасында Қазақстанда берік орныққан конфессияаралық келісім арқылы қол жеткізген жетістіктерді сақтау мен дамыту қажеттілігіне баса мән берген абзал.

Үшіншіден, «Патриотизм, ұлттық дәстүрлер мен мәдениет – ұлтымыздың рухани іргетасы». Бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарда тұрғындардың санасына отансүйгіштік пен тарихи сананы, азаматтардың болашаққа қатынастағы оңды рухани-адамгершілік бағдарларының құрамдас бөліктері ретіндегі ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті сақтау мен дамыту қажеттілігін жүйелі түрде сіңіре беру аса маңызды.

Төртіншіден, «Радикализммен және экстремизммен күрес – бүкіл қоғамның міндеті». Бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарда қоғам назарын мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне біртұтас шепте қарсы шығу керектігіне бұру ұсынылады. Сондықтан, халықтың құқықтық және дінтанулық сауаттылығын қамтамасыз ету кезек күттірмейді. Өз кезегінде, бұл дін атын жамылған деструктивті және экстремистік идеологияға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастырудың кепілі мен негізіне айналуы керек.

 

БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ СҰХБАТ БЕРУ СӘТІНЕН:

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер