Сириядан оралған әйел жазаға тартылмайтын болды
05.12.2017, 13:46

Сириядан оралған әйел жазаға тартылмайтын болды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сириядан келген әйелдің соғыс қимылдарына қатысы жоқтығын анықтап, теріс ағымның құрбаны деп бағалады. Оған қатысты қылмыстық жаза қолданылмайтын болды, деп хабарлайды QAZAQSTAN ұлттық телеарнасына сілтемемен silteme.kz.

Сириядан құтқарылған әйел 2011 жылы ғаламтор арқылы дағыстандық жігітпен танысқан. Шаңырақ көтереміз деп Пәкістанға шақырады. Сол жылы Түркия арқылы Иранға, одан әрі Пәкістанның солтүстік-батысындағы Уәзірстанға барады. Ұлты авар жігітпен некесін қияды. Өзінің айтуынша, әйелдерді адам санамайтын, өркениеттен жұрдай, су, жарық атаулы атымен жоқ ортағасырлық қышлақта 1 жыл 3 ай әрең күнелтеді. Кейін Түркияға көшеді. Отбасымен 2,5 жылдай Стамбұлда тұрады. 2014 жылы Сирияда халифат жарияланғанда Ракка қаласына жол тартады.
Ракка-Шайтат-Меядин. Бұл оралдық қыз Сирияның осы үш аймағында болған. 3 жылға жуық содырлардың қоластында өмір сүрген. Күйеуін айлап көрмей, тіпті ішерге ас, киерге киім таба алмаған кезі болған. Лаңкестердің шынайы бет-бейнесін көргеннен кейін қателескенін түсініп, елге қайтқысы келеді. Бірақ, қапастан шығар жол жоқ. Тек осы күзде ғана ретін тауып, қашып құтылады.

Еске сала кетсек, осыдан үш апта бұрын 29 жастағы Қазақстан азаматы кәмелетке толмаған төрт баласымен елге әкелінді. Ол соғыс өртінің ошағынан Шешенстанның Грозный қаласына арнайы ұшақпен жеткізілді. Қазір жақындарымен Орал қаласында тұрып жатыр. Отандасымыз шет елде 6 жылын өткізген. Үш жылға жуық ИГИЛ лаңкестік ұйымының құрсауында болған.
Соңғы мәлеметтер бойынша, 150-ге жуық Қазақстан азаматы шетелдегі радикалдық топтардың құрамында жүр. Олармен бірге 200-ге жуық әйел мен бала, жетім-жесір бар көрінеді.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер