бағдар

Показать содержимое по тегу: бағдар

Белинскийдің: «Тарих не болғанын айтады, көркем шығарма қалай болғанын айтады» дегені бар-тын. Демек өткен-кеткен тарихтың жылнамасы мен статистикалық ақпарынан бөлек сонау нәубет жылдарды суреттейтін шығармалар қазаққа ауадай қажет. Бірақ соңғы кездері қазақ әдебиетіндегі жанрлардың жұтаңдығы жанға батып жүр. Сонымен бүгінгі таңда қазақ әдебиеті қай жанрларды жазбайды? Жазушыларымыз кімнен қаймығып, неден жүрексінеді?

Алдымен әңгімемізді сонау соғыс жылдарындағы шығармалардан бастасақ... Қазақтардың алғаш солдат қатарына алына бастаған кезінен қазақтың әскери көркем әдебиеті де өз бастауын алды деуге болады. Қазақ тарихында соғыс туралы әңгімелердің аз еместігі осыдан белгілі. ХХ ғасырдың басындағы Азамат соғысы, ортасындағы Отан соғысы, одан қала берді қазақ, түркі хандықтары тұсындағы, Алтын орда кезіндегі, арыдағы сақ, ғұн тайпалары кезіндегі соғыстар... Әйтеуір қазақ қазақ болғалы да бітпейтін жаугершілік туралы жазылған туындылар тола. Сол шығармалар керуенінің көшін соғыс өнерін ерекше айшықтаған «Күлтегін» бастайды. F.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндері», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы», Ә.Нұрпейісовтің «Күткен күні», Ә.Шәріповтің «Партизан қызы», Қ.Қайсеновтің «Партизан хикаялары» жалғайды. Осылардың бәрін «әскери әдебиет» деп атау қаншалықты орынды? Жоғарыдағы жазушылардың әңгімелерін ел кезінде жылы қабылдады, әліге дейін кейінгі буын қаузап келеді. Иә, бүгінгі бейбіт заманда мұндай туындыларды жазуға екінің бірінің тәуекелі жете қоймас. Бұл тақырыпта қазір көсіле кітап жазбақ тұрмақ, ақындарымыз да қалам тербей бермейді. Кешегі Бауыржан Момышұлы мен Баубек Бұлқышевтің әдебиетте ізбасарлары жоқтың қасы. Соңғы жылдары әдебиетшілер С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттары» мен «Құлынына», Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасына әлем поэзиясында тең түсер туындылар жоқ деген баға беріп жүр. Бірақ бұл тақырыптың ауқымды екені, оған қалам тербеуге кез-келген адамның пайым-парасаты жетпейтіні де талай тілге тиек болған-ды. Бірақ мұндай әңгімелердің тиегін ағыту үшін соның бәрін бастан өткеру маңызды ма? Онда Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз», О.Бөкейдің «Бәрі де майдан» повестері, Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Н.Ғабдуллиннің «Жігер» романдары, Белоруссиядағы тылды суреттейтін Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы ше? Олар қай туындыдан кем?

Әдебиеттегі тоқырау деген сөзді жиі естиміз. Бұл қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің басына түсетін хал. Ал қазіргі қаламгерлер не жазып жүр? Неге тарихи тақырыптарға тым құмар? Әрине, өйткені тарих дегеніңіз дайын дүние. Мұрағатқа сүңгіп, сүйріктей-сүйріктей әңгімелерге сүйсінту де оңай болса керек.

Жазушы Серік Нұғыманның айтуынша, қазіргі әдебиет жаңа бағытта, қазіргі заман талабына сай болуы керектігі көп айтылғанмен, қай бағытта жазу емес, көркем деңгейде жазу маңызды. Бірақ, бірағы сол бүгінде ғылыми-фантастикалық жанр мен детективтік шығармаларды шырамыта еске түсірудің өзі қиын. Бүгінгі таңда шығарманың танымдық мазмұны көбіне роман мен повесть, әңгіме мен пьесамен белгілі. Ал басты кейіпкер ретінде тыңшылар мен барлаушыларды, қылмыскерлерді сөйлететін шығармалар қазақта жоқ деуге болады. Американ жазушысы Э.По әкелген жанр жат елдерде кең таралды. Әлемге әйгілі Шерлок Холмс образы соның бір айғағы. А.К.Дойлдың бұл шығармасы детективтік әдебиеттің деңгейін едәуір дәуірлетті. Ал Агата Кристидің, Ж.Сименонның кітаптары күні бүгінге дейін үлкен сұранысқа ие. Ал қазақ жазушыларының ішінде Қ.Исабаевтың «Ажал құрсауында» және «Коменданттың жазбалары», Қ.Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» сынды санаулы туындылары болмаса, бүгінгі жазушылардың арасынан бұл жанрмен жарқ етіп шығатын жазушылар тіптен байқалмайды.

Бәрінен бұрын, қара жамылғандай күйге түскен біздің ғылыми-фантастикалық жанр шығар. Көркем әдебиетте ғана емес, кино саласында да қалыптасқан жанр елімізде кенже қалып келеді. Аталмыш жанр XX ғасырда қалыптасқанымен, қазақта 70-80 жылдардағы «Ер Төстік», «Ұшқыр кілем» сынды санаулы ертегілерден басқа дәнеме де жоқ.

Жоқ дей берген жоғалады. Бірақ бар деуге тағы негіз таппай біраз қиналдық. Осылай жанрлар жыл өткен сайын жұтаңдай түссе, қазақ әдебиеті қашан оңалады?

 

Мақпал Төребек

Опубликовано в Қоғам

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер