Қанатың талмасын, Қанат!
29.10.2016, 23:05

Қанатың талмасын, Қанат!

Қанатың талмасын, Қанат! Авторы: Алмас Мұқашұлы

Алматыда, бокс кешінде өткен жекпе-жекте Қанат Ислам ганалық боксшы Патрик Аллотейден  12 раунда ұпай санымен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің де салмағы 68 келі.

Жеңіске жеткен Қанат Ислам супер орта салмақта (69 кг ред) WBO (Әлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион және IBO (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағын алады. Ал Қанат Ислам WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғап қалды.

 


 

Бұған дейінгі кездесуде сұхбат берген жекпе-жек демеушісі Бауыржан Оспанов: «Қанат Ислам қазір WBC (Әлемдік бокс кеңесі) рейтингінде 5-орында тұр. Егер ол Аллотейді жеңсе, рейтингте үздік үштікке енеді. Бұл рейтинг Қанат Исламға кез келген уақытта әлем чемпионы атағына таласуына мүмкіндік береді», деген болатын.

Ресейлік сарапшы Григорий Стангрит кездесуге дейін Қанат үшін Патрик «проблема» емес екенін айтқан.

«Патрик Аллотей - маған аса таныс емес, алайда оның маған таныс Патрик Тейшейр мен Чарльз Маньючиден жеңілгеніне қарағанда, ол Ислам үшін проблема тудырмайды. Әсіресе, Қанат 100% пайыз дайын болса, - деген болатын сарапшы.

Жекпе-жекке дейінгі БАҚ-пен кездесуде Қанат: «8-ші раундта бастаймын» деген болатын. Бұған оның демеушісі Бауыржан Оспанов: «Қанат қазақ емес пе, сырды ашып тастады» деп журналистерге бұл сөзін жарияламауды ыммен жеткізген болатын. Залда отырған тілшілер Қанаттың бұл сөзін ағылшын тіліне аудармай-ақ қоялық деген.

Қанат айтқанында тұрды.

Қанат Ислам Аллотейге дейін 2016 жылдың 9-мамырында Флорида штатында колумбиялық Хуан де Анхельмен кездесіп, алтыншы раундта жеңіске жеткен.

Қытайда туған Қанат Ислам сол елдің атынан Бейжің Олимпиадасына қатысып, қола медаль иеленген. Бейжің Олимпиадасынан кейін ол Қазақстанға қоныс аударған. Қанат Ислам 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына Қазақстан атынан қатыспақ болған кезде азаматтық-құқықтық дау туған соң, кәсіпқой боксқа бет бұрған. Кейін Майамиге (АҚШ) барып, Нельсон Лопестің проумоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан. Қазір Қанат Исламның барлық кездесуін осы компания ұйымдастырып жүр.

Бұған дейінгі берген сұхбатында Қанат қарсыласының осал емес екенін, Отанында өтіп жатқан кездесудің жүгі ауыр екенін айтқан болатын.

«Мен Қанаттың белбеуін тартып алуға келдім»,- деген Патрик Аллотей де осал емес екенін көрсетті.







Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер