Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
«Биыл Ұлт Жоспарының 5 және 6-қадамдарын іске асыру шеңберінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, Астана және Маңғыстау облыстарының әкімдіктерінде пилоттық режимде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге еңбек ақы берудің жаңа жүйесі енгізілді. Ол ай сайынғы жалақыны есептеуге және бонустық төлемдерге қатысты өзгерістерді қамтиды», - деді Н. Жахин.
Мемлекеттік қызметшілердің ай сайынғы жалақысына келетін болсақ, қазір жалақы жұмыстың сипаты мен күрделілігіне байланысты болады. Бұл тек лауазымның деңгейін және мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін ескеретін дәстүрлі жүйеден ерекшеленеді. Ескі тарифтік шкала бойынша министрліктің қызметкерлері әкімдіктердің қызметкерлеріне қарағанда жалақыны айтарлықтай көп алды, ал кез келген басшының жалақысы жұмыстың мазмұнына қарамастан орындаушының еңбек ақысынан жоғары болды. Бұл жалақыдағы негізсіз диспропорцияға алып келді және мемлекеттік орган үшін олардың маңыздылығын ескере отырып, позицияларды бөліп көрсетпеді, дейді агенттіктік өкілі.
Оның айтуынша, жаңа жүйе факторлық-балдық жүйеге негізделген, оған сәйкес барлық лауазымдар үш факторды ескере отырып бағаланады: лауазымдық міндеттерін тиімді орындау үшін қандай білім деңгейінің, құзыреттілік пен жұмыс тәжірибесінің қажеттігі; лауазымға жүктелген міндеттердің күрделілігінің дәрежесі; нәтижеге қол жеткізбегені үшін жауапкершілік дәрежесі.
Факторлардың әрқайсысы бойынша балл шығарылады және олардың жиынтығы жаңа жалақы желісіндегі лауазымның орнын анықтайды. Барлық лауазымдарды бағалау нәтижесінде олар төрт блокқа топтастырылды: жауапты хатшыларды, аппарат басшылары мен комитеттердің төрағаларын қамтитын жоғарғы басшылық құрам; негізгі (салалық бөлімшелердің лауазымдары); жәрдемдесуші (құқықтық, қаржылық, кадрлық, ақпараттық және технологиялық қолдау, жұртшылықпен байланыс үшін жауапты лауазымдар); қосалқы (әкімшілік және шаруашылық қызметке жауапты лауазымдар).
Блоктың әрқайсысы лауазымдар иерархиясын ескере отырып, 15 деңгейден тұрады. «Еңбек ақы төлеудің факторлық-балдық шкаласының енгізілуінің арқасында, биылғы жылы жаңа жүйені сынамадан өткізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда көмекші (техникалық) қызметкерлермен салыстырғанда саясатты қалыптастыратын салалық құрылымдардың қызметкерлері, сарапшылар, сондай-ақ өңірлердің қызметкерлері көбірек жалақы алады.
Аймақтар мен орталық мемлекеттік қызметшілердің жалақыларындағы диспропорцияны азайту жаңа жүйені енгізудің тағы бір маңызды жағы», - деп атап өтті ол.
Мысалы, егер бұрын орталық мемлекеттік мекемедегі бас сарапшыға қарағанда, әкімдіктің бас маманы орташа есеппен 70% (115 мың теңге) аз алса, енді айырмашылық орта есеппен 10% (210 мың теңге) болады. Жаңа жалақының мөлшері нарықтағы ұқсас қызметтердің құнын ескере отырып анықталды.
Осылайша, факторлық-балдық шкала екі негізгі принципті сақтауды қамтамасыз етеді: ішкі әділеттілік және сыртқы бәсекеге қабілеттілік, - деп түсіндірді Н.Жахин.
Қазақстанда бұл әдістемені қазірдің өзінде 174 жекеменшік және квазимемлекеттік сектор компаниялары жүзеге асырып отыр. АҚШ, Сингапур, Малайзия, Жаңа Зеландия және басқа да экономикалық дамыған елдердегі мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің жұмысы осындай тәсілмен бағаланады.
«Жаңа жүйедегі сыйақы мәселесіне келетін болсақ, біріншіден, «сыйақы» мәні «бонус» мәніне өзгертілді. Екіншіден, олар жылдың соңында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс қорытындысына байланысты төленеді. Осылайша, біз «теңдестіруден» шығамыз», - деді Н.Жахин.
Оның айтуынга, әрбір мемлекеттік қызметшінің алдында тұрған міндеттер жеке жұмыс жоспарларында қамтылатын болады. Айта кету маңызды, бұл міндеттер үрдістік (күнделікті) шараларды қамтымайды, ал мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларынан және бірінші басшылардың меморандумдарынан шығады. Сондықтан, олар бағалау процесінде субъективтіліктің алдын алуға болатын нақты және өлшенетін болуы керек, дейді Н.Жахин.
«Жалпы алғанда, жаңа жүйені енгізу практикада баламалы жұмысты орындау үшін тең сыйақы принципін жүзеге асыруды, сондай-ақ Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында көрсетілген нәтижелерге негізделген сыйақыны қамтамасыз етеді», деді агенттік өкілі.
Оның айтуынша, болашақта пилоттық сынамадан өту тиімді болған жағдайда басқа да мемлекеттік органдарға таратылатын болады.