Жолдаудағы әрбір он бағытқа жеке тоқталған аймақ басшысы Мемлекет басшысының бұл саяси құжаты төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап бергенін айтты.
«Бірінші бағыт. «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атап көрсетті Елбасымыз. Бұл бағыттағы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы барынша жеделдететін болады. Өңірімізде 11 индустриялды аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін барынша тиімді жүзеге асыруымыз керек. 2017 жылы индустриялды аймақты дамытуда 9,4 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асты. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге міндеттіміз. Бүгінде қолданыстағы кәсіпорындарда жаңа цифрлық технологиялар енгізіліп, өндірістер дамуда. Мәселен, өндірісте заманауи технологияны пайдалану арқылы атмосфераға кететін залалды төмендетіп, өндіріс циклінің уақыты мен энергия шығынын азайтқанға дұрыс. Бұл өнімділікті еселеп, арттырады деген сөз.
Елбасының екінші қойып отырған міндеті «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту». Президент бұл салада табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, энергия көздерін табу мен үнемдеуге үндеп отыр. Өңірімізде бұл бағытта да жұмыстар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен кейін белсенді түрде қолға алынғанын білесіздер. Өткен жылдың өзінде Сайрам, Қазығұрт аудандарында гидро-электр станциялары іске қосылды. Сонымен бірге, Шымкент қаласында кәріз су қалдықтарынан биогаз алатын Орта Азияда баламасы жоқ кешен пайдалануға берілді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып отыр. Қазіргі уақытта облысымыздың бірнеше аудандарында шетел инвесторларымен біріккен күннен электр энергиясын өндіретін нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жасыл экономиканы дамыту бойынша облыста жүзеге асырылатын 26 жоба енді жаңа бағытта қарқын алатын болады»,-деді Ж.Түймебаев.
Жолдаудағы үшінші міндет «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» болып отырғанын айтқан облыс әкімі аграрлық аймақ Оңтүстік Қазақстан еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды қолдануда көш басында тұрғанын атап өтті.
«Мәселен, тамшылатып суару әдісі 7,5 мың гектар жерге ендіріліп, жалпы көлемі 58,5 мың гектарға жетті. Бұл республикалық үлестің 72 пайызын құрап отыр. Ал қарқынды баудың көлемі 2,8 мың гектарға жетіп отыр. Интенсивті бақ, тамшылатып суғару, жылыжайлар бағыттарында озық технологиялар енгізу арқылы өнімділіктің жоғарғы деңгейіне жетіп отырмыз. Биылда жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. Ал Мемлекет басшысының айтқан төртінші бағыты, яғни, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бойынша берген міндеттемесін жүзеге асыруда Оңтүстіктің мүмкіндігі мол екені өздеріңізге аян. Мәселен, «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпір барысында Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталығында А + санатындағы кешен іске қосылған болатын. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралі мен теміржол желісіне жақын орналасқан жаңа көліктік-логистикалық орталығының географиялық тұрғыдан тиімді орналасуында. Бұл өңірді көліктік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыруға және Қазақстанның аумағы арқылы айналымды ұлғайтуға ықпал етеді. Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектарды құрайтын «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында инвестиция құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Аумағы – 242 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де қарастырылған»,-деді облыс әкімі.
Қазақстандықтардың ең өзекті әлеуметтік проблемасы – баспана. Сондықтан да Елбасы өзінің Жолдауында тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударып отырғанын айтқан Ж.Түймебаев биыл Оңтүстікте 245 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүрзіліп, оның 91-і немесе 4 733 пәтер пайдалануға берілгенін жеткізді. Сондай-ақ, әкім өткен жылдан өтпелі болған 154 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысынан бөлек, осы жылы тағы да 100 көпқабатты үй құрылысы басталатынын мәлім етті.
Дамудың 10 бағытын айқындаған Елбасы Жолдауы – жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат болып табылатынын айтқан өңір басшысы саяси құжатты түсіндіру және насихаттау жұмыстары бойынша желілік кесте, медиа-жоспар жасауды тапсырды. Сонымен қатар, әкім барлық деңгейдегі әкімдер мен халық қалаулыларын, ардагерлер және қоғамдық ұйымдар мен сала белсенділерін халық арасында насихаттау жұмыстарына, негізгі басымдықтарының жоғары деңгейде жүзеге асырылуына белсенді атсалысуға шақырды.