Тәуелсіздік шежіресі: Бәрін нөлден бастауға тура келді.- Ә.Нысанбаев
17.12.2017, 10:07

Тәуелсіздік шежіресі: Бәрін нөлден бастауға тура келді.- Ә.Нысанбаев

Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары көкейімізде «Кімнен тәуелсіз боламыз? Неден тәуелсіз бола­мыз? Қалай тәуелсіз боламыз?» деген сауал тұрды...

Философия ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында еліміздің Тәуелсіздігін жарияланған кездің несімен есінде қалғанын айтты, деп хабарлайды silteme.kz.

«Еліміз Тәуелсіздігін 1991 жылы алды ғой, соның алдында бірталай жиындар болды, бірақ «Еліміз Тәуелсіздігін алғалы жатыр» деп бізге ешкім айтқан жоқ. 1991 жылы Кеңес Одағындағы 15 рес­публика біртіндеп бөліне бастады. Үлкен пікірталастар болып жатты. Көптеген айтыс-тартыстар болды. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары көкейімізде «Кімнен тәуелсіз боламыз? Неден тәуелсіз бола­мыз? Қалай тәуелсіз боламыз?» деген сауал тұрды. Бірақ біреуге бағыныштылық, біреуге қызмет жасау, біреудің барлық айтқанын істеп отыру – қазақ халқына жат нәрсе. Қазақ – еркін, әсіресе, ой ер­кін­дігін жоғары ұстаған данышпан ха­лық. Кең, Ұлы далада атына мініп, қымыз-шұбатын ішіп бостандықта жүрген, біреуге бағыныштылықты өте жек көретін халық. Кеңес Одағы кезінде тәуелділіктің зиянын көп көрдік. Түрлі саяси нау­қандарды бастан өткіздік. Ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысында қаншама адамымыздан айырылдық. Бізді атты, өлтірді. Енді Құдайға шүкір, өз еліміз, өз жеріміз, өз Конституциямыз, өз Прези­дентіміз бар. Сол кездері өз мемлекеттік құрылымымыз болады деп қуандық» деген ақсақал сұхбатында.

«Тәуелсіздік алған кезімізде елде көп­теген этностардың өкілдері болды. Бір этностан тұратын мемлекет жер бе­тінде жоқ. Кеңес Одағы кезінде ең этносы аз мемлекет Армения болды. Армяндардың үлесі 90 пайыздан асатын. Елімізде 136 этностың өкілі тұрды. Қазақстанды кезінде көпұлтты мемлекет деп жүрді. Бұл қателік. Ұлт – біреу, ол – қазақ ұлты. Этностар көп болды. Шындығына келгенде, біз – көпэтносты мемлекетпіз.
Еліміз Тәуелсіз мемлекет болып жа­рия­ланды. Алғашқы Президентіміз болып Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Біз құқықтық мемлекет болу жолын таңдадық. Біздегі негізгі прин­циптер – құқықтық принциптер.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында екпін күшті болды. Жұрттың бәрі ерекше бір сезімде жүрді. Жоғары ынта-ықыласта, керемет, көтеріңкі көңіл күйде болды. Хрущев 60-жылдары «Бүгінгі жастар 80-жылдары коммунизмде өмір сүреді» дейтін. Ол жай әншейін сағым болып қалды» деп толықтырған ойын ол.

Ғалымның айтуынша, ол кезде алдымызда «Тәуелсіз Қазақ­станның жағдайы қалай болады? Мем­лекетті қалай құру керек? Оның идео­логиясы бола ма?» деген сұрақтар көлденең тұрды. Әбден идеологиядан таяқ жеп, зәрезап болған еліміз идеология деген сөздің өзінен шошыды. Біразға дейін «Ресейге қайта қосылайық» де­гендер де болды. Көпэтносты мемлекет болған соң, олардың басын біріктіру де қиынға соқты. 130-дан астам этносы бар мемлекет – күрделі мемлекет. Әр этнос­тың өзінің мінез-құлқы бар, өзіне көңіл бөлгенді жақсы көреді. Әсіресе, орыс ұлты өздеріне ерекше көңіл бөлуді қалады. Қазақ тілінің халі мүшкіл болды. Депутаттарды сайлап, Парламент құрыл­ды. Инфляция шарықтап тұрды. Ақша құнсызданып, қағаз болып қалды. Рубльді ұлттық валюта – теңгеге ауыстыру керек болды. Тәуелсіздіктің бір нышаны – ұлттық валюта. Төл теңгемізді айналымға енгізу үшін де қаншама еңбек жасалды. Бұл құпия түрде іске асырылды, бірақ бәрі сәтімен болды.

«Тәуелсіздік алған алғашқы кезде «Болды, еркінбіз, керемет жағдайға тап боламыз» деп ойлағанмен, шын мәнінде түк болмады. Қоғамда бірлік болмады, талас-тартыстар, қылмыс күшейіп кетті. Алғашқы жылдары бізге өте қиын тиді. Бәрін нөлден бастауға тура келді. Ең алдымен, мемлекеттің шекарасын айқын­дап алуға үлкен жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттің әскері, полициясы құрыл­ды. Мемлекеттік тіл мәселесі де қоғамда үлкен талқылауға түсті. «Мемлекеттік тіл екі тіл болсын, бірі – қазақ тілі, екіншісі – орыс тілі» дегенді құптағандар көп болды. Тіпті қазақтардың көбі осы ұсы­нысты қолдады. Орыстанған қазақтардың көп болғаны жасырын емес. Осындай жағдайлар қазақтар мен орыстардың арасында үлкен қақтығыстың орын алуы­на дейін алып келіп, әзер дегенде басыл­ды. Шынында да, Тәуелсіздік алғалы бері көптеген жұмыстар істелді» деп түйіндеген Ә.Нысанбаев.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер