Түркия «төңкерiсi» бөлiнген елде бүлiк болатынын ескерттi
21.07.2016, 23:34

Түркия «төңкерiсi» бөлiнген елде бүлiк болатынын ескерттi

Айдар Құлжанов Айдар Құлжанов okg.kz

«Iштен шыққан жау жаман» деген даналықты халқымыз сан ғасырлар бойғы тарихи тәжiрибесiне сүйенiп, дөп айтқан екен. Түркия бүгiнде өз iшiнен, өз әскерiнiң iшiнен шыққан бүлiкшiлер мен сатқындардың әрекетiнен қара жамылып отыр. Бейбiт тұғындардың қазаға ұшырауына әкеп соқтырған қанды оқиғалар жайлы хабарды бауырлас Қазақ елi де күйзелiспен қабылдады.

Үш жүзге тарта адам, оның iшiнде 190 бейбiт тұрғын қазаға ұшыраған осы оқиғаға қатысты 6 мыңнан астам адам тұтқындалды. Олардың қатарында бас бүлiкшi Акын Өзтүрiк бастаған 50 генерал мен әртүрлi шендi 3 мыңдай әскери және 2700-ден астам соттар мен әскери прокурорлар бар.

Түркияның мемлекет басшысы Реджеп Тайып Ердоған бұл iске АҚШ-та жүрген дiни уағызшы Фетуллах Гюлен жауапты екенiн мәлiмдедi. Президенттiң айтуынша, «ол АҚШ-та отырып төңкерiсшiлердi басқарып, оларға тапсырма берiп, демеп отырған». Бiрақ уағызшының өзi бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ екенiн, төңкерiс жасау әрекетiн қатаң айыптайтынын мәлiмдедi. Сонымен Түркиядағы төңкерiс жасау әрекетi нәтижесiз аяқталды. Халық заңды сайланған билiктi жақтап, ол өз үстемдiгiн сақтап қалды. Ендi осы қанды оқиғадан қандай қорытынды жасауға болады? Мұның пайда болуының алғышарттары қандай едi?

Бiрiншiден, егер бұл әрекеттiң артында Фетуллах Гюленнiң тұрғаны рас болса, онда жағдай өте күрделi деген сөз. Себебi, бұл текетiрестiң тамыры тереңде жатыр. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Мұстафа Кемал Ататүрiк Батыспен байланысын нығайтып, зайырлы мемлекет ретiнде даму үшiн елдегi дiни қайраткерлердiң ықпалын азайтқан. Ататүрiк пен одан кейiнгi президенттердiң «үлкен қалаларда әйелдердiң орамал тағуына тыйым салу», «жас балаларға Құран үйретудi шектеу», «азанды түрiк тiлiнде айту» жөнiндегi талаптары халықтың едәуiр бөлiгiнiң наразылығын туғызған.

Сол кезде астыртын түрде халыққа дiндi түсiндiрумен, оқытумен айналысқан тұлғалар болған. Солардың ең танымалдарының бiрi Сайд Нұр Сейд болса, кейiннен оның соңынан ерген «нұршылар» жамағатының өзi оншақты тармақтарға бөлiнiп кеткен. Кейбiр сарапшылар «халықтың наразылығын тиiмдi пайдаланған Батыс Түркияны және жалпы мұсылман әлемiн бөлшектеп, iштен iрiту үшiн сол жамағаттарға дем берiп, оларды билiкке қарсы айдап салып келедi» деген пiкiрде. Сол топтардың iшiнде ең белсендi әрi танымалы – Фетуллах Гюленнiң жолын ұстанған «гюленшiлер» жамағаты. Мұсылман әлемiнiң артта қалу себебi бiлiм мен ғылымның кенжелеп қалуында деп түсiнетiн Гюлен тобы бiлiм мен ғылымды насихаттағанымен, түбiнде панисламшылдықты қолдайды. Мухаммед Фетуллах Гюлен негiзiн қалаған «Хизмет» ұйымының әрекетiне Түркияның өзiнде және көптеген шет мемлекеттерде тыйым салынған. Бiрақ қазiр түрiк қоғамында және зиялы қауымында бұл идеяларды қолдайтындардың қарасы қалың. Демек, әскери төңкерiс тоқтатылғанымен, билiкке, оның ұстанып отырған саясатына және мемлекеттiң зайырлы сипатына қарсы адамдардың санасы мен жүрегiнде наразылық оты сөнген жоқ.

Екiншiден, бұл оқиғаларға Гюленнiң қатысы жоқ болған күннiң өзiнде, бұл жағдай Түркия қоғамында iшкi қарама-қайшылықтардың пiсiп-жетiлгенiн көрсетедi. Әскери төңкерiс жасау әрекетi елдегi лаңның басы ғана болуы ықтимал. Өйткенi, төңкерiс жасауға ұмтылған әскерилердiң шағын тобы болса да олар осыншалықты батыл қадамдарға барды. Демек, қоғам мен саяси-интеллектуалды элитаның билiкке наразылығы шегiне жеткен. Өткен жылғы сайлауда Түркиядағы билiк партиясы Парламенттегi басымдыққа екiншi ұмтылыста зорға қол жеткiзiп, өз үкiметiн үлкен қиындықпен қалыптастырғаны белгiлi. «Ақ партияның» өз iшiнде де талас-тартыстар жүрiп, алдымен Абдулла Гүл, одан кейiн Давутоғлы партиядан шеттетiлген-дi. Оның сыртында аймақтық держава болуға ұмтылған Анкара түрлi авантюралы қадамдарға барды. Сыртқы саясатқа қатысты қарама-қайшылықтар мен келiспеушiлiктер iшкi ортаға да ұласып, қазiр Түркия бұрынғыдай күрдi сепаратистерiнен ғана емес, ДАИШ содырларынан да сақтануға мәжбүр болып отыр. Салдарынан Түркия қоғамында үлкен келiспеушiлiктер орын алып, жiктелу жүрiп жатыр. Мұны өз кәдесiне жаратуға ұмтылған сыртқы күштер де аз емес. Олай болса, Түркия үшiн бүгiнде басты қауiп – әскери төңкерiстер емес, қоғамның iшiндегi алауыздық, жiкшiлдiк. Белгiлi саясаттанушы Ерлан Қариннiң «Ердоған бәрiне төтеп бердi-ау, ендi Түркия төтеп бере алар ма екен» деп жазуы да, мiне, содан.

Бауырлас елде орын алған қайғылы жайттан бiз қандай сабақ алуға тиiспiз? Ендi осы сауалға тоқталсақ...

Қазiр «дiннiң тазасы арабта» деп көкiп, ұлттық құндылықтарымызды қаралап жүрген салафилердiң зұлымдығына әлем куә болып отыр. Мұсылман әлемiн өркениетке бастайтын Түркия деп, сол гюленшiлердiң ұстанымын қолдайтындар да арамызда жетерлiк. Айтайын дегенiмiз, бiзге олардың ешқайсысы да керек емес, бiзге халықтың тұтастығы, ұлттық бiрлiк керек. Ал, ұлттың бiрлiгi мен ынтымағын сақтаудың бiрден-бiр жолы – ұлттық дәстүрдi жаңғыртып, ұрпаққа ұлттық құндылықтар негiзiнде тәрбие беру. Күнделiктi тiршiлiк пен ұрпақ тәрбиесiнде ұлттық дәстүрiмiзден ажырап қалсақ, әсiресе, жастар жағы көрiнген ағымның жетегiнде кетiп, өздi-өзiмiз алауыз боларымыз анық. Бабаларымыз «бөлiнгендi бөрi жейдi» десе, қазiр бөлiнгеннiң елiнде бүлiк болып, басына бомба құлайтынын ұмытпайық.

Балаңызға жастайынан өзара бауырмашылдықты, ата-анаға, үлкенге құрмет пен кiшiге iзеттi, қандасқа деген сүйiспеншiлiк пен отандасқа деген мейiрiмдi, ұлтқа деген махаббат пен мемлекетке адалдықты үйрете алсаңыз, ол есейгенде ешқандай жат ағымның жақтаушысы болмайды. Олай болса, ұрпаққа дiн үйретпес бұрын оның бойына ұлттық құндылықтарымызды сiңiрiп алайық.

Бiрлiгiмiзге бекем болайық!

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Дерек көзі: okg.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер