Показать содержимое по тегу: ауыл шаруашылығ
Бүгін Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды деп хабарлайды mgov.kz.
Жұмыс сапарының барысында “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының жүзеге асу барысымен танысты.
Елбасы агроөнеркәсіптік кешен экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс деп тапсырма берсе, соның негізінде Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.
Аталған бағдарламада әкімдіктер үшін әр жылға нақты индикаторлар белгіленген. Жұмыс сапарының басты мақсаты қойылған индикаторларды талқылау және орындалу барысын бақылау болып табылады.
Жаңа бағдарламаға сәйкес ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, қайта өңдейтін және құрама жем кәсіпорындарының жүктемелігін арттыру, мал шаруашылығындағы жемшөп базасын нығайту мақсатында егістік жерлерді әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда Ақмола облысындағы 6 май өңдейтін зауыттардың жүктемелігі – 30%, ал құрама жем зауыттарының жүктемелігі 56% құрап отыр.
Сондықтан, зауыттардың жүктемелігін арттыру мақсатында 2021 жылға қарай майлы дақылдар алқабын 380 мың га, мал азығы дақылдарын 490 мың га, арпаны 670 мың га арттыру жоспарлануда. Ал бидай алқабын 680 мың га қысқарту көзделуде.
2017 жылы Ақмола облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын 5,1 млн га аумаққа егу жоспарлап отыр.
Кооперативтерге қолдау білдіру үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қарастырылған, мысалы: құрал-жабдықтар бағасын 50% арзандату, жем-шөпке субсидия беру, өндірілген және өңдеуге тапсырылған өнімдерді субсидиялау, жеке қосалқы шаруашылықтарға төмен пайызды несие қарастыру және т.б.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды белсенді жүргізу мақсатында, Министрлік тарапынан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы лизингке берілетін сүт қабылдау және мал бордақылау пункттерін алғашқы жарнасыз құрудың сызбасы жасалды. Алғашқы жарна ретінде жалпы құнынан 50% көлемінде бөлінген инвестициялық субсидияны пайдалану көзделуде. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кооперативтерге тапсырылған 1 литр сүт үшін 10 теңге субсидия берілмек. Әрбір мүйізді ірі қара үшін 20 мың теңге және ұсақ малдарға 1500 теңге көлемінде субсидия беру қарастырылған.