«Пәтер алсам» деп алаяқтарға алданғандар саны азаймай тұр
23.12.2017, 16:01

«Пәтер алсам» деп алаяқтарға алданғандар саны азаймай тұр

Биыл тек Астананың өзінде осындай 50 шақты дерек анықталған, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл ішкі істер органына тіркелгені ғана. Біреудің табан ақы, маңдай терімен тапқан ақшасын оңай олжа қылатын арам ойлы алаяқтарға қандай жаза бар?

Алаяқтар баспанаға зәру адамдарды әлеуметтік желі, сайттар арқылы  алдап арбайды. «Бәрі заңды түрде» деп жалған құжат көрсетіп, жалған есіммен келісімге отырады. Кейін ақшаны алған соң теріс пиғылдарын жүзеге асырушылар ізім-ғайым жоқ болады.

Кезек күтіп, сарылмай арзан пәтерге әп-сәтте қол жеткіземіз деп сан соғып қалғандар жетерлік. Солардың бірі – Қуаныш Нұрхаев. 2015 жылы ол 5 млн теңгесін белгісіз азаматтың қолына ұстатқан. Содан бері не үй, не ақша жоқ.

Қуаныш Нұрхаев, Астана қаласының тұрғыны:

- Ақшамды бергенмін. Содан үйді әперемін деген әлгі жігіт жоқ болып кетті. Арыз жазайын десем, ешқандай қолхат та алмағанмын. Ақшам сол күйі алаяқпен кетті.

Нұрзат Секербай, Астана қаласы ІІД тергеу басқармасының тергеушісі:

- Пәтерге қатысты алаяқтықтың 50-ден аса түрі тіркелді. Қылмыстың ішінде 10 дерек үлескерлердің істері бойынша. Үлестік құрылыс бойынша компаниялардың басшылары жауапқа тартылды.

Жылжымайтын мүлік агенттігінің мамандары: «Үй сатып аларда ең алдымен құжаттарға жіті назар аудару қажет», – деп кеңес береді.

Темірлан Қабышев, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

- Жаңа пәтердің арзан екендігіне қызығып, алаяқтарға алданып қалғандар бізге жиі келеді. Ақшасынан айырылып, опық жеп қалмау үшін сатушының нақты жылжымайтын мүліктің, яғни  пәтер иесі екендігіне көз жеткізген жөн. Оның жеке басының куәлігін көріп, суретімен бірге өзіңізге көшірмесін түсіріп алыңыз және келісім құжатын да ресми тіркеген дұрыс болады.

Алаяқтықтың жазасы ауыр. Жалпы мұндай кезде қылмыскер 10 жылға дейін түрмеге қамалып, дүние мүлкі тәркіленеді. Жаза қатты болғанымен, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қатары азаймай тұр. «Сондықтан пәтердің арзандығына қызықпай, алдымен тиісті құжаттарды түгендемек керек», – дейді мамандар. 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер