Бағдарлама негізгі бес міндетті іске асыруды көздейді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз-конференциясында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты.
«Жеке тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету бағдарламаның негізгі бағыты болып табылады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысына инженерлік-инфрақұрылымы дайындалған жер телімдері бөлінетін болады. Инфрақұрылымды салу мәселесін мемлекет қамтамасыз етеді. Мемлекет халық үшін ипотеканың құнын пәтер сатып алу кезінде 10-пайызға дейін және жеке тұрғын үй сатып алу кезінде 5-пайызға дейін төмендету үшін «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ арқылы субсидияларды ұсынатын болады»,-деп атап өтті комитет төрағасы.
Өз кезегінде, тұрғын үй салуды ынталандыру үшін құрылысшыларға «Даму» АҚ арқылы 7-пайыз мөлшерінде несиелік субсидия берілетін болады.
«Әкімдіктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары үшін несиелік тұрғын үйлер және халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тобына сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үйлер салуды одан әрі жалғастыруды көздеп отыр»,-деді М.Жайымбетов.
Айта кетейік, қабылданған шаралардың аясында 15 жылдық кезеңде 1,5 млн. отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр:
- 2017 жылы 10 млн. шаршы метрден астам, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,6 млн. ш. метр тұрғын үйді пайдалануға беру(28 мың пәтер);
- бастапқы тұрғын үй сатып алуға шамамен 8000 ипотекалық қарыз беру;
- 600 мың ш. метрден астам тұрғын үй салу үшін құрылысшылардың несиелерін субсидиялау.
«Нұрлы жер» бағдарламасы Мемлекет басшысының 2016 жылдың 9 қыркүйегіндегі тапсырмаларының және 2017 жылдың 31 қаңтарындағы халыққа Жолдауының аясында бекітіліп, іске асырылып жатқанын хабарлаймыз.