А.Мырзахметов: Бізде экспорттық саясат болуы керек
05.09.2016, 19:25

А.Мырзахметов: Бізде экспорттық саясат болуы керек

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен Алматы қаласы мен Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерін талқылауға арналған селекторлық режимдегі кезекті отырыста қара қойдың жүнін қабылдау және өңдеу орындарын ашу мәселесі көтерілді, деп хабарлайды silteme.kz.

Жетісулықтардың хабарлауынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін мемлекет тарапынан қабылдайтын орындарды көптеп ұйымдастырған жөн. Атап айтқанда, қара қойдан қырқылған жүн ешнәрсеге жаратылмай, өртеліп, текке шашылып жатыр.

Бұған қатысты ведомства өкілдері қазіргі уақытта Министрлікпен АӨК өнімдерін өндіру көлемін арттыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану бағдарламасы шеңберінде тері және жүн дайындау ұйымдарын да құру бойынша жобалардың жоспарланып жатқанын айтты. Мысалы, бірінші кезеңде Алматы облысының өзінде Шонжы, Ұзынағаш маңында жүн жуу орындары құрылуда.

Осы орайда, А.Мырзахметов жүн жуатын цех ашудың «мәселенің жарты ғана шешімі» екендігін атап өтті.

«Оны жуғаннан кейін не істейді? Бар әңгіме сонда болып тұр. Оны өңдеп, сататындай мүмкіншілік бар ма? Өткізу нарығы қалай?», - деп сауал тастады ол.

«Бәріңіз ең жақын тұрған әлеуетті нарық ретінде Қытай нарығын айтатындарыңыз түсінікті. Бұл енді заңды да. Дегенмен, Қытай бұл жүнмен не істейді? Қытайда оны қалай өңдейді? Меніңше, ҚазАгро саясаты міне, осындайда көрінуге тиіс. Бізде экспорттық саясат болуы керек», - деді А.Мырзахметов.

Оның айтуынша, Қазақстан шетке тек шикізат беріп қана қоймай, оны өзі де өңдей алуы керек. Яғни, сол шикізатты алып жатқан Қытай тәрізді елдерге барлау жасап, озық технологияларды қолға түсіріп, еліміздің өз ішіндегі кәсіпорындар жұмысын жолға қою керек.

«Әлемде жүннің мұндай түрін өңдейтін қандай технология бар? Одан не жасалады? Маған толық ақпарат ұсынуларыңызды тапсырамын. Мұны неге айтып отырмын. Бұл Алматы өңірі үшін ғана емес, бүкіл елдік ауқымда маңызы бар мәселе және де өндірістік жоба ғана емес. Мұның әлеуметтік қыры да бар. Әр ауылдағы отбасылардың 10-15-тен қойы бар. Әрбір өңірде бір-бірлеп болса да жүн өңдеу орындары ашылатын болса, ел жұмыстанбай ма? Мәселенің, осы тұсына тереңірек үңілуге шақырамын», - деп атап өтті министр.

Айта кетейік, жаңа форматтағы бұл үрдіс Жамбыл облысының мәселелерін талқылаудан басталған болатын. Яғни, еліміздің барлық өңірлерінен агроөнеркәсіптік кешеннің көкейкесті проблемалық мәселелері жинақталып, олардың негізінде арнайы кесте түзілді. Қазіргі таңда сол реттілікке сәйкес бейнеконференциялық байланыс арқылы мүдделі тараптардың қатысуымен әр аймақтың агросаладағы түйткілдері жеке дара қаралуда.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер