Қазақстанның астық егетін негізгі аймақтарында 2020 жылы егістік жұмысын ұйымдастырудың ерекшеліктері жайлы
17.04.2020ж.

Қазақстанның астық егетін негізгі аймақтарында 2020 жылы егістік жұмысын ұйымдастырудың ерекшеліктері жайлы

Соңғы жылдары жаһандық жылынудың күшеюі және осы құбылыспен тікелей байланысты ауа-райындағы өзгерістер дәстүрлі агротехнологияға тиісті жаңашылдық енгізуді және ағымдағы жылда қалыптасқан табиғи жағдайға орай, ұтымды стратегия мен әдістерді қолдануды талап етеді.

 

Жалпы, биылғы жылда еліміздің астық егетін басты аймақтарында топырақ ылғалдылығы, негізінен, оңтайлы деңгейде деп айтуға болады. Біздің есептеуіміз бойынша, орташа көпжылдық ауа-райы жағдайында осы ылғалдылық егін себу кезеңінен кейін шамамен 20-25 күнге, яғни маусымның соңына дейін, жетпек. Бұл – өз кезегінде жақсы өсімнің болуына тамаша мүмкіндік, оған қоса, маусымның аяғы мен шілденің басында жауын-шашын жеткілікті мөлшерде болса, игі нәтиже күтуге әбден болады.

 

Қазақстанның орталық әрі солтүстік аймақтарында өткен қыс салыстырмалы түрде жұмсақ, температуралық жағдайы әдеттегіден мейлінше жоғары болды. Бұл егін егу жұмыстарына ертерек кірісу қажеттігін байқатады. Ондағы басты міндет: ылғалды сақтау әрі арамшөптермен күресу.

 

Жаздық бидай және жалпы дақылды себудің тиімді мерзімі жаздағы жауын-шашынға тікелей байланысты. Егер маусымда жауын-шашын мол болса, егін себудің ерте мерзімі (5-15мамыр) егіннің шығымдылығы мен бидайдың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Жазғы жауын-шашын үлесі тамызға тиесілі болған жағдайда, мамырдың соңында себілген егіннен ғана жоғары өнім мен сапаны күтуге болады. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда жаз мезгіліндегі жауын-шашынның жауу мөлшерін мысал ретінде алсақ. Орта есеппен 1961-1995 жж. жылдардың 18% жазғы маусымдағы жауын-шашынның түсуінің басымдылығы болса, жылдардың 36% – шілдеде, 21% – тамызда байқалды және жылдардың 25% жазғы жауын-шашынның басымдылығы байқалмады. Сол себепті бұл жылдары егінді 20 мамыр - 4 маусым аралығында сепкен тиімді болды. Ал кейінгі 23 жылдағы жағдай келесідей: жылдардың 24% жазғы маусымдағы жауын-шашынның түсуінің басымдылығы, 48% – шілде, 13% - тамыз айында байқалды, жылдардың 15% жазғы жауын-шашынның түсуінің басымдылығы байқалмады. Осылайша, соңғы кезде жазғы жауын-шашынның басым бөлігі шілдеде болғаны байқалады, сондықтан егін себу науқаны 17-18 мамыр – 4 маусым аралығында жүргізілді.

 

Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға бағытталған факторлар арасында сортты дұрыс таңдау және тұқым сапасы ерекше орын алады. Егін шығымдылығының 30-40% осы факторға тікелей байланысты екендігін ұмытпаған абзал. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарының 24 тұқым шаруашылығында ғалымдарымыз жасаған сараптама нәтижесі көрсеткендей, тексерілген барлық үлгіде спора тасушылық бактерия мен саңырауқұлақ патогені тұқымдығының жоғары екені анықталды. Өкінішке орай, биылғы жылы тұқым материалының басым бөлігінің өсу қуаты төмен. Агроном мамандар арасында: «Барлық қырынан сұрыпталған, ал өсу қуаты төмен тұқымды толыққанды деу қиын» деген қағидат бар. Тұқымдық материалдағы мұндай кемшіліктерді жою білікті тәсілді талап етеді. Мұнда ауа-жылуымен қыздыру, дәрілеу сияқты дәстүрлі шаралармен қатар, өсуді ынталандырғыштармен өңдеу қажет. Өз тарапынан біздің университет шаруашылық субъектілеріне тұқымдық материалдың сапасын тереңдете зерттеуге қажетті барлық кеңес беру көмегін көрсетуге дайын, ол үшін тиісті зертханалық базамыз және жоғары білікті ғалымдарымыз жеткілікті.

 

Айтарлықтай маңызды мәселенің бірі – сортты таңдау. Елімізде отандық селекцияның сапалы сорттарының болмауы мен жетіспеуі салдарынан оларды сырттан, ең алдымен Ресейден, әкелуге мәжбүрміз. Осы себепті қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы ресейлік селекцияның жаздық бидай сорттарының үлесі 60%-ға жетіп отыр. Аталмыш жағдай еліміздегі азық түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, табиғи-климаттық бейімделмеген жағдайда шеттен әкелінген тұқымның базалық сипаттамасының өзгеруіне әкеліп соқтырады, яғни мұндай сұрып тұқымының пісіп жетілу мерзімі шамадан тыс созылып кетеді. Мұндай мәселенің белең алуы астық жинау мерзімін кейінге шегеруге әкеледі, ал ол өз кезегінде климаттың өзгеруі салдарынан егістікті жинап үлгермей, қардың астында қалдырудың бірден бір себебі болмақ. Өкінішке орай, бұл соңғы жылдары үйреншікті жағдайға айналып отыр. Өз кезегінде біз отандық тұқым шаруашылығын дамыту мәселелеріне немқұрайлы қараудың келеңсіз салдары туралы үнемі айтып келеміз. Осы саланы ғылыми тұрғыдан дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету әрі реттеу шараларын күшейту, селекциалық жұмыстарға гендік инженерияға негізделген заманауи әдістерін кеңінен енгізу, зерттеудің аталмыш әдістерін игерген жас ғалымдарды даярлау қажеттілігін бірнеше мәрте ұсындық. Алайда аталған мәселелердің бәрі өз шешімін әлі де күтіп тұр, ал салдары эскпорттық әлеуеттің жойылуына ғана емес, елімізді отандық ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде де кері әсерін тигізетіні анық. Соңғы жылдары әлемде өрістеген санкциялық соғыстар, сондай-ақ, жылдар бойы қалыптасқан тұрақты мемлекетаралық шаруашылық байланыстарды бұзған короновирус пандемиясы әсерінен енгізілген қатаң шектеулер осының айқын дәлелі болып табылады. Мұндай жағдайдан кейін біз тиісті қорытынды жасауымыз қажет. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың арнайы республикалық бағдарламасын қабылдау және іске асыру дұрыс болар еді.

 

Биылғы күзгі-қысқы мезгілдің табиғи ерекшеліктері ауру қоздырғыштары мен өсімдік зиянкестерінің топырақта сақталуына қолайлы жағдай жасады. Сондықтан барлық жерде күрделі фитосанитарлық жұмыстар қажет етіледі. Дәл осы факторды ескере отырып, өсімдіктерді қорғаудың стратегиясы мен әдісін құрып, аурулармен күресудің қажетті агротехникалық және химиялық шараларын мұқият жүргізу керек болады. Мұндай жылдары септориоз және өсімдіктер таты ауруы жаппай дамып, таралады. Осыған орай, жоғарыда аталған және басқа да ауруларға қарсы тиісті препараттармен алдын ала қорлану дұрыс болар еді. Сондай-ақ, өңдеу мерзімдерін дұрыс таңдау да аса маңызды. Бұл мәселеде аурулардың даму кезеңдерін анықтаудың дәстүрлі әдістерімен қатар, егіс алқаптарын қашықтықтан зондтауға негізделген жаңа цифрлық технологиялардың көмегіне сүйену қажет. Сонымен қатар, мұндай әдіс аурулардың даму сатылары мен зиянкестердің таралуын жедел анықтап қана қоймай, уақытты, қаражат пен ресурстарды барынша үнемдеуді көздейтін дәл өңдеуді қарқынды жүргізу үшін, сол алқаптардың шекарасын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта біздің университетіміздің шаруашылық субъектілерімен жақсы жұмыс тәжірибесі бар.

 

Өткен күздегі ауа-райының қолайлы жағдайлары және көктемде топырақтың ылғалдануы арамшөптің барынша дамуына мүмкіндік береді. Арамшөптерді есепке алуды биыл сәуір-мамыр айларында, яғни 70% -ға дейін өскен кезде, жүзеге асырған жөн. Сол деректердің негізінде, егіс алқаптарының ластану картасын жасап, олармен күресудің стратегиясы мен әдістерін анықтау қажет. Гербицидтерді қолдануда, кеткен шығынның ақталынатын зияндылықтың экономикалық шегі болып, орта есеппен 1 шаршы метрде 2-4 дана көпжылдық және 15-20 дана біржылдық арамшөптердің болуымен сипатталады. Бұл ретте арамшөптердің төзімділік көріністеріне жол бермеу үшін, гербицидтерді жиі-жиі ауыстыру қажеттілігін ескерген дұрыс. Әр түрлі топтағы гербицидтердің қабілеттерін сыйғызған 2 немесе 3 компонентті құрамдастырылған препараттарды қолдану да өзін ақтайды, бұл олардың әсер ету аясын кеңейтеді.

 

Бәрімізге белгілі, минералды тыңайтқыштарды қолдануда ең жоғары нәтижені ылғалды жылдары алуға болады. Биылғы жылды, жалпы, «тыңайтқыштарды қолданудан жақсы нәтиже алуға қолайлы» деп бағалауға негіз бар. Алайда минералды тыңайтқыштарды қолдануға әрбір алқаптың агрохимиялық жағдайын ескере отырып, сауаттылықпен келу керек. Қазіргі уақытта барлық дамыған елдерде дәл егіншілік жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде минералдық тыңайтқыштарды саралап қосу қолданысқа енгізілуде. Біз де минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың осындай әдісіне көшуіміз керек, себебі ол ресурстарды ұтымды пайдаланудың және ең жоғары өндірістік және экономикалық нәтиже алудың негізі болып табылады. Ол үшін, ең алдымен, әрбір егістік алқабының нақты агрохимиялық картасын жасап, топырақтағы негізгі химиялық элементтердің әркелкі мөлшерінің деңгейін анықтап алу қажет. Қазіргі уақытта топырақтың агрохимиялық жағдайын анықтаудың мұндай әдісін біздің университет ғалымдары әзірлеп, тәжірибе жүзінде 2018-2019 жылдары Қазақстанның орталық және солтүстік аймағының шаруашылықтарында дәл егіншілік технологиясын енгізудің ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру барысында қолданысқа енгізді. Бұл орайда біздің университет шаруашылық субъектілеріне топырақтың химиялық құрамын анықтауға және соның негізінде агрохимиялық карта жасауға барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын. Ол үшін оқу орнымызда еуростандарт бойынша жабдықталып, аккредитацияланған Қазақстан-Германдық топырақ-агрохимиялық зертханамыз да бар.

 

Сондай-ақ, біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің назарын дәл егіншілік технологиясына аударғым келеді. Дәл егіншілік технологиясы алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі ғана емес, егіншілікті дамытудың болашағы болып табылатынын атап өткен жөн, өйткені онда еңбек өнімділігін және өндіріс тиімділігін арттырудың негізі қалыптасқан. Осылайша, біздің егін шаруашылығы саласының болашағы аталған технологияны игерумен тығыз байланысты болмақ.

 

Бұл мәселеге қатысты біздің ұсыныстарымыздың мазмұны осы технологияға жаппай және бірмезгілде көшуге емес, шаруашылықтардың қазіргі техникалық жабдықталу деңгейін ескере отырып, қолданыстағы техникалық паркін қосымша опциялармен жарақтандыру есебінен танаптар мен т.б. агрохимиялық карталарының деректері негізінде паралельді жүргізу, гербицидтерді, минералдық тыңайтқыштарды саралап қолдану сияқты оның жекелеген элементтерін кезең-кезеңмен енгізуге бағытталады. Өз тарапынан біздің университет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кадрларды дайындауда және осы технологияны шаруашылықтарға енгізуде ғылыми-әдістемелік қана емес, тәжірибелік көмек көрсетуге де дайын.

 

Қорытындылай келе, біздің университеттің биылғы жылғы көктемгі-дала жұмыстарын жүргізуге қатысты Солтүстік және Орталық Қазақстанның әр облысы бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар әзірлегенін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта олар өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге басшылыққа алу үшін жіберіледі.

 

Пандемия жағдайында бүгінде еліміздегі көптеген экономика салаларының дамуы шектеліп қалды. Бұдан былай ауыл шаруашылығы шын мәнінде экономиканың драйверіне айналатыны сөзсіз. Біз үшін биылғы ауыл шаруашылық жылы ерекше маңызды. Өйткені азық-түлік импортының шектеулі жағдайында халықты негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету оның нәтижелілігіне байланысты. Академик А.Бараев айтқандай: «Жерді алдау мүмкін емес, оны түсіну керек». Сондықтан, бізге егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу қажет, болашақ өнім осы жұмысымызға тікелей байланысты. Барлық ауыл еңбеккерлеріне сәттілік және астықты жыл тілейміз!

 

А.Күрішбаев,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер