Аталған құжатқа «Нұр Отан» партиясы жанындағы үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев пен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қол қойды.
«Келісімнің мақсаты азаматтық қоғам саласын одан әрі дамытуға, қоғамды біріктіруге, мемлекеттік жастар саясатын жүргізуге және Қазақстан Республикасында әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыру болып табылады», - деді Дархан Кәлетаев өз сөзінде.
Жол картасы азаматтық қоғамды дамыту саласындағы, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясаты саласындағы бірқатар іс-шараларды қамтиды.
Атап айтқанда, әлеуметтік даму саласында заңнаманы жетілдіру, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қатысуын арттыру және жастар саясаты саласында сараптамалық және ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау бойынша бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Жол картасы азаматтық қоғам, ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің үш жақты ынтымақтастығы және халықаралық жастар ынтымақтастығы салаларындағы сұхбат алаңдарын дамытуды көздейді.
Айта кетейік, кеңестің жұмысына мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» партиясының және бизнес-қауымдастық өкілдері, республикалық және өңірлік қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.