Обалы қайда қағаздың?
28.03.2018, 18:16

Обалы қайда қағаздың?

Қазақстанда қалың орман жоқ. Қағазды негізінен Ресейден аламыз. Қанша көршіміз, мәңгілік доспыз десек те Ресей өз қағазын тегін бермейді. Жыл сайын қағаз құны қымбаттайды. Бір ғана осы қағаз саудасы арқылы біздің ел орыс орманының орнын нақты ақшамен толтырып отыр.

Елімізде қағаз ең көп жұмсалатын мекемелердің дәл санын анықтау мүмкін бе? Осыған арнайы зерттеу жүргізіп көрген сарапшы бар ма? Менің ойымша, Қазақстандағы мұға­лімдер мен дәрігерлер «қағаз құртуда» алдарына жан салмайтын тәрізді. Мектептегі қағазбастылық туралы қайта-қайта жазылса да, жағдай еш өзгерер емес. Әр сыныпта 20-30 бала болса, соның әрқайсына «құшақ-құшақ» қағаз толтырылады. Дәрігерлер де мұғалімдерден қалыс­пайды. Науқас туралы бір деректі қағазға, денсаулық сақтаудың ақпа­раттық жүйелеріне және ішкі ақпа­раттық жүйеге 3 рет енгізеді. Мұға­лім­дер мен дәрігерлердің түрлі қағаз толтырудан қолдары мүйізгек болуға қарады…
Астанада Денсаулық сақтау са­ласын цифрландыруға арналған жи­налыс өтті. Республикалық электрон­ды денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішев биыл республикамызда мемлекеттік тап­сырыспен жұмыс істейтін 900-ден астам медициналық ұйым қағазсыз форматқа көшетінін хабарлады. «Барлық мәліметті интернет арқылы ЖСН мен цифрлы қолтаңба бойын­ша Қазақстанның кез келген нүкте­сінде, тіпті шет мемлекетте де алуға болады. Қазір төрт пилоттық өңірде қағаз түріндегі есеп үлгісін алып тас­тадық. Дәрігер бір рет қана деректерді енгізеді, «бір терезе» арқылы барлық деректерді ала алады және бұл дерек­тер денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп оты­рады. Енді амбулаториялық карта, дәрігер жолдамасы, дәрілер тізімі дегендерді алып жүрудің қажеті бол­майды».
Жап-жақсы бастама. Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінен алғанда, өмір­дің өзекті салаларын жаппай цифр­ландыруға бағытталған. Ме­дицина саласында цифрландыру ісінің қолға алынуы қуантады. Әйтсе де жаппай қолжетімді интернет желісі болмай тұрғанда, елдімекендер компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілмей жатқанда бұл бастама аяқсыз қалмас па екен деген де күдік жоқ емес.
Әлем цифрландыру мәселесі жа­ғынан алға кетіп қалды. Елдегі Білім-ғылым саласы – нағыз цифрлы дәуір­ге бірінші болып өтуге тиіс сала. Өкінішке қарай, мектептердегі және жоғары оқу орындарындағы ұстаз­дар­дың алды қағаздан, қолы қалам­нан бір босамай-ақ қойды. Деректер мен мәліметтердің бәрі қағазда қат­талады. Сонда осыған дейін жүзеге асырылған компьютерлендіру ісінің керексіз болғаны ма? Неге біз қағаз­бастылыққа ерекше құмартып кет­тік? Бұл аздай, мектептердегі оқу­шылар жүктемесі жыл сайын ауырлап барады. «Қағазда қатып тұрса» болды ма? Білім сапасын қадағалап жатқан кім бар?
Елбасы биылғы Жолдауында «Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек. Бар­лық өңірлердегі Оқушылар сарай­ларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3D-прин­тер­лерді қоса алғанда, барлық қа­жетті инфрақұрылымдары бар бала­лар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек», – деп нақты тапсырма да берді. Президент бастамасымен «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды.
Заман алға озған сайын ұстаздар мен дәрігерлердің ғана емес, бүкіл қазақстандық азаматтардың қолы ұзаруы тиіс еді: мәліметтер базасы, ақпараттық деректер жиынтығы цифрлы нұсқаға жинақталып, жұмыс істеу жеңілдеуі қажет-ті. Оның ор­нына бір қағаз – мың қағазға көбейіп, адамдардың санасы сансырап, жан­далбаса күн кешуде. Осы дұрыс па?
Елбасы соқырға таяқ ұстатқандай етіп, барлық меже-міндеттерді сара­лап, жөн-жобасына дейін көрсетіп беріп отыр. Қазір «өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деп бұқпантайлап отыратын кез емес. Онсыз да ғасыр­лар белесінен кеш аттап келе жатқан елміз, әлемдік бәсеке «қазақтар қа­шан қозғалар екен?» деп күтіп тұр­май­тынын қаперге неге алмаймыз?
Сондықтан да Жолдаудағы Прези­дентіміздің «Ақпараттық жүйе­­лерді біріктіру, мобильдік цифр­лы қосымшаларды қолдану, элек­трон­­дық денсаулық паспортын ен­гізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арт­тыру қажет. Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиім­ділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек», – деген тапсырма­сын Үкімет мүшелері қайта бір оқып алса, артықтық етпейді.

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер