Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ЕАЭО, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы шетелдік серіктестермен Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды арттыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Бұдан өзге, ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне жүктердің қозғалысын ақпараттық сүйемелдеу мәселесін пысықтау және негізгі транзиттік дәліздердегі жол сервисі нысандарын ұлттық стандарттарға сәйкес келтіру тапсырылды.
«ҚТЖ» ұлттық компаниясына контейнерлік тасымалдар көлемін арттыру бойынша жұмысты жандандыру және ел ішінде, сондай-ақ шет елде көлік-логистика орталықтары желісін уақытылы құруды қамтамасыз ету қажет.
Сондай-ақ, Үкіметте туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасының жобасы қаралды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жоба Мемлекет басшысының «Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының 86-қадамын жүзеге асыру аясында әзірленгенін айтып өтті. Тұжырымдаманы екі кезең бойынша: 2018-2020 жылдары және 2021-2023 жылдары іске асыру көзделген.
Тұжырымдама бойынша алты өңірлік мәдени-туристік кластер құру жоспарда бар: «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Алтай інжу маржаны», «Ұлы Жібек жолын жандандыру», «Каспий қақпасы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің біртұтастығы».
Өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, туризмнің жаңа бағыттары дамтитын болады: сакралды, кемпингті, гастрономиялық, аңшылық, этнографиялық, әлеуметтік және т. б. Жағымды имидж қалыптастыру мен маркетинг жұмыстарын жүргізу үшін «Қазақтуризм» ұйымы құрылады.