Қазақстан өнеркәсібіне артылатын үміт зор
10.12.2016, 12:43

Қазақстан өнеркәсібіне артылатын үміт зор

Биыл Қазақ Елінің орыс бодандығынан босап, қастерлі тәуелсіздікпен қауышқанына 25 жыл. Осы ширек ғасыр аралығында еліміз жаһан алдында өзін мойындатып, Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саралы саясатының арқасында саяси сахна төріне шығып, Америка, Ресей және Қытай секілді алпауыт елдермен терезесін тең ұстап, жетекші мемлекеттің біріне айналып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан бүгінгі таңда халықаралық аренада өз орнын айқындап, жаңа дамушы елдердің елулігіне ұмтылған гүлденуші жас мемлекет.

Тәуелсіздіктің Қазақ жұртына, елге және мемлекетімізге бергені мен берері аз емес. Осының бір дәлелі, қазіргі таңда Қазақстан экономикалық өрлеу, демографиялық өсу және даму жағынан Орта Азия елдері мен басқа да алыс-жақын мемлекеттердің көшін бастап отыр. Сонымен қатар сыртқы елдермен ұстанған саясаты, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Қазақстанның басқа елдермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің санының көптігімен дәлелденіп отыр.

Енді осы 25 жыл уақыт аралығында гүлденген Қазақстанның экономикасының өсуіне нелер әсер етті? Халық әлеуетінің артып, ел жағдайының жақсаруына себеп не? Қазақстан өнеркәсібі қаншалықты дамыды, не өндірді және экспортқа не шығарды? Шет елдіктер тамсана, ауыздарының суы құрып отырып айтатындай әлемдік брендке айналған дүниелеріміз бар ма? Осы сұрақтарға шамамыз келгенше жауап іздеп көрелік.

Қазақстан өнеркәсібі – халық шаруашылығының бірден бір жетекші саласы. Осы орайда еліміздің өнеркәсіп саласы мен өндірістік орындары Совет Одағы ыдырап тәуелсіздік алғаннан кейін жабылып, қысылтаяң уақытта жасалған батыл қадамдар мен шешімдердің арқасында, шет елден көптеген инвесторлар тартып, тоқырауға ұшыраған ірі өндіріс орындарын жеке меншікке беру арқылы бірнеше жылдың ішінде қайта бой көтеріп, іске қосыла бастады.

Қазақстан КСРО кезеңінде сол уақыттағы жетекші индустриялық аудандарын ауыл шаруашылығы шикізатымен және азық-түлікпен қамтамасыз ететін аймақ ретінде танылып келді, сонымен бірге өнеркәсіптің өндіруші салаларының көмір, мұнай, түсті металдар, тұз т.б. өнімдерін беретін шикізат көзіне айналған болатын. Сөйтіп Қазақстан индустриясының шикізаттық бағыт-бағдары кең көлемді сипатталып, ауыл шаруашылығы ғана емес, ауыр, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жетекші салаларын да қамтыған болатын.

Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер беріп отыр. Неге десеңіз, елімізде қазба байлықтарының зерттелген қоры өте мол. Олар: көмір мен мұнай, мыс пен қорғасын, темір мен хром, никель мен вольфрам, алюминий мен мырыш, алтын мен күміс, ванадий мен вольфрам және уран кен қорлары. Қазақстан — дүниежүзілік ауыр өнеркәсіп бөлінісінде өзіндік орны мен зор мүмкіндіктері бар мемлекет.

Қазақстанның сыртқы саудадағы экспортының ірі мұнай-газ тобынан кейінгі екінші тауарлық тобы металлдар мен олардан жасалған бұйымдар болып табылады. Салалық экспорттың сұрыптамасына Менделеев кестесінің барлық элементтері кіреді. Металлургия экспортының басым бөлігін (52% астам) қара металлдар құрайды, мыс (28,5%), мырыш (7%) және алюминий (4,8%). Қазақстанның металлургиялық өнімдерді өткізетін негізгі нарықтары – Қытай, Ресей, Түркия, Жапония, Иран, Германия және Пәкістан.

Ал тамақ және жеңіл өнеркәсіптерін айтар болсақ наубайханалар, сүт, ет, көкөніс зауыттары мен тігін кешендерінің басым бөлігі Қазақстанның ауылдық жерлерінде жұмыс істейді.

Тамақ өнеркәсібі - тұтас салалар кешені. Соның ішінде қарқынды дамыған май айыру өндірісі, яғни өсімдік майын алумен Қазақстанның ірі қалаларында орналасқан зауыттар айналысады. Атап айтар болсақ, осы салада қазіргі уақытта жұмыс жасап жатқан ірі кәсіпорынның бірі Алматы және Қарағанды қалаларында екі ірі өндіріс кешені орналасқан «Eurasian Foods Corporation» АҚ. «Eurasian Foods Corporation» холдингі – Қазақстан мен Орта Азия елдерінің азық-түлік өнеркәсібінің алдыңғы қатарлы және маңызды кәсіпорындарының бірі, ең жоғары дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін, өнім көлемі жылына 120 000 тоннадан астам болатын май өнімдерін өндірішулер арасындағы республиканың кең танылған үздігі. Ұн дайындау мен нан пісіру кешендері аймақтарда көптеп кездеседі. Солардың бірі Өскемен қаласында орналасқан «Кондитер +» ЖШС кондитерлік өнімдер өндіруде жоғары көрсеткіштер көрсетіп отыр. Ал Шымкент қаласында орналасқан «Алтын дән» ЖШС мен Павлодарда орналасқан «Кэмми group» ЖШС еліміздегі макарон өнімдерін өндіруде үздік көрсеткіштерге ие.

Сүт өндіретін өнеркәсіп орындары көбіне тұтынушыларға жақын мекендерге орналасады. Май шайқау мен ірімшік жасау көп сүт алынатын жерлерде көбірек жолға қойылып, жақсы дамыған. Еліміздің ең сүтті аймақтары - Солтүстік пен Оңтүстік. Ал ет өнеркәсібіне келер болсақ, орналасуы бойынша екі жақты болып келеді. Ет өнімдерін даярлау өнімді пайдаланатын аймақтарға орналастырылса, ет консервілерін дайындау өндірісі - шикізат көзіне таяу орналасады. Осы орайда Астана қаласындағы шұжық және деликатестер дайындаумен айналысатын «Шортандинские колбасы» ЖШС ерекше атап өтуге болады.

Жеңіл өнеркәсіп көп салалы өндіріс. Жеңіл өнеркәсіп еліміздің тұрғындарын әдемі, әр алуан, ең бастысы тиімді — жоғары сапалы киіммен және аяқ киіммен камтамасыз ету жолында жұмыс атқарады. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің шикізат базалары жақсы жолға қойылған аймақтар бар, мысалы, мақта, жүн, табиғи былғары. Мақта-мата, тері өнеркәсіптері Оңтүстікте шоғырланған. Шымкент қаласындағы «Бал Текстиль» ЖШС, «Azala textile» ЖШС, «Жібек Н Т» ЖШС алдыңғы қатарлы тігін және тері өңдеу өндірісімен айналысатын өнеркәсіп кешендері ретінде атап өтуге болады.

Соңғы жылдары Отандық жаңа ауыр, жеңіл және тамақ өнеркәсіп орындары көптеп ашылып, “Қазақстанда жасалған” этикетімен өнімдер өндіріп, ел игілігіне ұсынуда.

Тәуелсіз 25 жылдың ішінде әлемге танылып, өз орнын айшықтап, жаһанды мойындата білген Қазақстанның болашақтан күтері көп. Соның бірі 2017 жылы маусым айында басталатын еліміздің бас қаласы Астанада “Болашақтың энергиясы” тақырыбында өтетін әлемдік EXPO көрмесі. Бұл көрме Қазақ Елінің халықаралық аренадағы дәрежесін тағы да бір дәрежеге көтерері сөзсіз. Көрмеге жүзден астам мемлекеттен бірнеше миллиондаған туристер келеді деп күтілуде. Демек, еліміздің нағыз сыналатын, көрінетін және танылатын шағы туды деген сөз. Ендеше, болашаққа деген сеніммен қадамын нық басып келе жатқан Қазақстанның келешегі жарқын екеніне бізде сеніммен қараймыз.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер