Түркістандық қарапайым көлік жүргізушісі экзотикалық түйеқұстың екі түрін өсіруде
03.10.2016, 11:06

Түркістандық қарапайым көлік жүргізушісі экзотикалық түйеқұстың екі түрін өсіруде

Түркістандық қарапайым көлік жүргізушісі Нәлпан Мырзақұлов экзотикалық елдерде ғана кездесетін түйеқұстың екі түрін өсіріп жатыр, деп хабарлайды 24.kz

Қазақстанда жұмыртқа жарып шыққан австралиялық құстар бүгінде бір жастан асқан. Фермер енді етті көп беретін африкалық түйеқұстың балапандарын да алып келіпті. Оның бір-екеуін мініп жүруге үйретпек. Сөйтіп, отандық туризмге осылай үлес қоспақ ниеті бар. Шаруаның енді құстардың санын көбейтіп, еті мен терісін де кәдеге жаратқысы келеді. Әдетте жабайы табиғатта ғана өмір сүретін австралиялық түйеқұстар қолға жақсы үйренген. Тіпті, кейбірі сипалап еркелеткенді жақсы көреді.

Шаруа жабайы құстарды осыдан тура бір жыл бұрын балапан кезінде алып келіпті. Дала құсы Түркістанның табиғатына тез бейімделген. Жаратылысынан ерекше болып келетін түйеқұстар таң атып келе жатқанда және тамақтанып болғаннан кейін жүгіріп ойнағанды ұнатады екен. Сондықтан оларға қолайлы болу үшін ат шаптырым жер қоршалған. Тіпті, күн ысып кеткенде хауызға шомылады дейді шаруа.

Нәлпан Мырзақұлов, фермер:

- Түркістанға жерсінеді, ауа райы нағыз өзі. Нағыз осындай жерде өсетін құс. Африка да бұдан шамалы ыстық болмаса, осындай жер ғой. Бір жастан енді асқан түйеқұстардың түріне қарап, қоразы мен мекиендерін ажырату мүмкін емес. Тек жұмыртқалағанда ғана білуге болады дейді шаруа.- Қорадағы түйеқұстардың алды, бұйыртса, келесі жылдан бастап жұмыртқалай бастайды. Бір жарым келі болады мынау. Ал 2 келі жұмыртқаны 10 адам беймарал жейді. 2 келі жұмыртқада тауықтың 40 жұмыртқасы болады.

Фермер құстарды күтіп баптаудың қыр-сырын ғаламтордан оқып үйреніпті. Ерекше қоқиланып жүретін түйеқұс тамақты да талғаммен жейді. Ал жеміс-жидек – сүйікті асы. Дегенмен өзге қанаттылар сияқты қомағайланбай, барына қанағат тұтады екен.

Есімхан Көпенов, ферма қызметкері:

- Бұлар негізі жеміс-жидекті жақсы көреді ғой. Қауын-қарбыз піскен кезі ғой қазір, содан түйеқұстарға әкеліп, турап береміз. Жүгері, бидай береміз. Кейбір қойлар сияқты қомағайланып жей бермейді. Берген нәрсені қанағат қылады. Денесі ірі болғанымен, түйеқұстар балапан кезінде нәзік келеді. Жұмыртқа жарып шыққан соң аптаға дейін жем де жемейді екен. Сондықтан 2-3 ай күтімі жақсы болуы керек. Өскен соң өзіне төнген қауіптен сескеніп, басын құмға тығып алатын құс ит пен мысықты да жанына жуытпайды, - дейді шаруа.

Жуырда африкалық түйеқұстың тағы 15 балапанын алып келіпті. Өскенде бойы үш метр салмағы 150 келіге дейін жететін сирақты құсты болашақта мініп жүруге де үйретпек ойы бар.

Нәлпан Мырзақұлов, фермер:

- Ағайын-туыс келеді. Солардың балалары мініп жүретіндей етіп, қолға үйретіп қойсам деймін. Кесененің айналасына апарып қойса да болады. Туристер келеді, көреді. Шетелде бар ғой, паркке барсаң, қойып қойған. Түйеқұстың үстіне мінесің, қасына жұмыртқасын қойып, ұстап суретке түседі әрі қызық. Түйеқұстың етіне қай кезде де сұраныс көп. Терісінен аяқкиім тігуге болады екен. Оның сапасы қолтырауынның былғарысынан кем емес. Сондықтан болашақта құстың санын көбейтіп, еті мен терісін кәдеге жаратсам, - дейді шаруа.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер