Мәслихаттар және жалпы депутаттарға арналған тұңғыш кәсіби кітаптың тұсауы кесілді - Абылайхан Қалназаров
19.10.2023, 21:28

Мәслихаттар және жалпы депутаттарға арналған тұңғыш кәсіби кітаптың тұсауы кесілді - Абылайхан Қалназаров

Мәслихат депутаттарының имидждік портреті анықталып, моралдық-іскери келбеті моделделді

Бүгін елордадағы Достық үйінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен мәдениеттанушы-философ, политтехнолог Абылайхан Қалназаровтың бірлескен авторлығымен шыққан «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» атты салалық тұңғыш кәсіби кітаптың тұсауы кесілді.

 Кітап қоғам өмірінің өзекті мәселелері мен теріс құбылыстарын еңсеруде барлық деңгейдегі мәслихаттарға бағыт-бағдар беруге арнап жазылған саяси трактат. Жергілікті өзін-өзі басқарудың теориялық және әлеуметтік қатпарларын зерттеп зерделей отырып авторлар мемлекеттегі әкімшілік-аумақтық бөлік тұрғындарының және оның сайланбалы органдарының жергілікті істерді басқару жөніндегі дербес қызметін жан-жақты сипаттайды.

Автордың бірі, экс-сенатор Төлеубек Мұқашев кітаптың ілкімді тұстарын атай келе, оның мәслихаттар және жалпы депутаттар тақырыбында жарық көріп отырған тұңғыш кәсіби әдебиет екендігіне тоқталды.

«Қайта сайланған бұрынғы мәслихатшылар және ортаға жаңадан қосылып жатқан азаматтар бар, баршасы осындай күрделі кезеңде жалпы депутаттық корпус тарихында тұңғыш рет қолға алынған бұл жобаны басшылыққа алуы ұсынылады. Болашақта мінберге шықпақ мәслихатшылардың жаңа толқындарына да айталар насихат сол» деді ақсақал.

Бұған дейін бірнеше саяси-әлеуметтік политтехнологиялық кітаптардың авторы атанып үлгерген Абылайхан Қалназаров «Мәслихатшылардың кешегісі мен бүгіні, ертеңіне, сондай-ақ қоғамдағы саяси және идеологиялық рөліне қатысты соны тұжырымдар мемлекет және қоғам қайраткері Төлеубек Мұқашевтың оңашадағы ойлары мен өмірлік тәжірибесіне негізделген және мәслихаттар перспективасы ұлттық-азаматтық құндылықтар тұрғысынан қарастырылған. Бұл кітапта бай өмірлік және кәсіби тәжірибемен ұшқыр да заманауи саяси-теориялық білім шебер ұштасты» деп атап өтті.

Өз кезегінде А. Қалназаровтың қазіргі таңда үш бағыттағы тұңғыш кітаптардың авторы болып отырғанын да айта кету керек. Олар: «Диқан қазынасы» (2019 жыл, Тұңғыш агросалалық фольклорлық жинақ), «Шымкенттің жұмсақ күші» (2023 жыл, Саяси технология туралы тұңғыш қазақстандық кітап) және осы – «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» атты мәслихаттар және жалпы депутаттарға арналған тұңғыш кәсіби кітап.

Өз кезегінде Т. Мұқашев тағы бір соны жаңалығын жеткізді. Ол: «Келер жылы Қазақстанда жергілікті өкілді органдар ретінде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толады. 1993 жылы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары туралы» ҚР Заңын қабылдаса, 1994 жылы елдің жаңа өкілді органдары – мәслихаттарға депутаттарды сайлау өткізілді. Тіптен, тарих үшін айтар болсақ, алғаш рет 1999 жылы Павлодарда жергілікті бюджет ашық тыңдалып, бұқара талқысынан өтті. Сол сындарлы кезеңдерден бері біздің құрылымдар мемлекеттік басқарудағы маңызды буын рөлін абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар «Қазақстан мəслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ-ның 2005 жылы құрылғанын ескерсек, барша мəслихатшының басын қосқан бірден-бір ұйым ретінде 15 жылдық айтулы белес те келіп қалыпты. Осы ретте ол іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін мына 3 мәселені ортаға салғым келеді» дей отырып, оның бірі ретінде Қазақстан мәслихаттарының тарихы қолға алынатынын хабарлады.

«Біздің бірлестік 2024 жылдың наурызына келетін датаға орайластырып, әріптестеріңіз, менің орынбасарым Абылайхан Қалназаровтың жетекшілігімен «Қазақстан мәслихаттарының тарихы. 30 жыл» атты іргелі жобаны іске асыруды көздеуде. Осы бойынша да ұсыныстар керек» деді Т. Мұқашев мәслихат төрағаларына.

Жиынға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, 20 өңір мәслихатының төрағалары, ҚР Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдар басшылары, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Сенаты депутаты, ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының ректоры Әбікен Тоқтыбеков сөз алып, жиын көрігін қыздырды.

Айта кетейік, бұл іс-шара «Астана қаласы мәслихатының жұмысын ұйымдастыру және жергілікті өкілді органдардың қызметін жетілдіру тәжірибесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында реформаларды іске асыру жөніндегі заңнама мәселесі» тақырыбы бойынша өткізілген «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесінің отырысы аясында жасалды.

Отырыс барысында мәслихаттардың ағымдағы көкейкесті мәселелері мен салалық заңнамаға енгізілмек толықтырулар мен өзгерістер талқыланып, ортақ ұсынымдар мен ориентирлер анықталды. Сонымен қатар бірнеше пленарлық сессияда мамандар арнайы баяндамалар мен дәрістер оқыды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер