"Мен ұшпасам да Қазақстан өз Тәуелсіздігін алатын еді"
29.11.2016, 12:40

"Мен ұшпасам да Қазақстан өз Тәуелсіздігін алатын еді"

Ол: «Қазақстан Тәуелсіздік алды деп естігенде қуанбаған қазақ жоқ, тымағымызды аспанға лақтырып едік» дейді.

Ол ғарышқа ұшқанда да қуанбаған қазақ жоқ. «Қазақтан да бір ғарышкер туды-ау!» деген мақтаныш кернеген жүректер оның ғарыш-сапарын аңызға айналдырды. Тіпті, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің жерге оралуы мен Қазақ елінің тәуелсіздік алуын космостық байланысқа балайтындар да жоқ емес. Ал ол болса 1986 жылы Желтоқсанда жанын қиған, жасын төккен, жастығын берген, қажыр-қайратын жұмсаған ұл-қыздарымызды, Тәуелсіздік жолында тапталған намыстар мен төгілген арды ұмытуға болмайды дейді.

1990 жылдардан да бұрынырақ Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып та үлкен үмітте болды. Ол – Қазақтан да ғарышкер шығатын болды-ау деген үміт еді. Сол үмітті ақтау үшін үлкен бастықтар, жоғарыда, ақ үйде отырғандар бұйырық беріпті, Қонаевтан бастап. Тіпті сол кезде біздің Ұлттық ғылым акедемиясы көлемді бағдарлама да жасаған екен. «Қазақстан ғарышы» деп аталған еді. Алайда қазақтан ғарышкер шығу, қазақ ұлтының үмітін ақтау Димаш Ахметұлының тұсыныда мүмкін болмады. Ешкім Қазақстан атынан ғарышқа сапар жасай алмады.

Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарау оны ұлт алдындағы абыройынан да бас тартуға мәжбүрледі. Микоян дизайн бюросындағы жұмысына деген адалдығы оны ұлтқа деген сүйіспеншілігінен, бүтін бір халықтың арманын орындауға деген жауапкершіліктен бас тартуға себеп болды.

«Дәл солай болды. Өзім ойлаған дәрежеме жеттім, содан кейін тағы да ұсыныс болды. Ұсыныс болғанда Нұрсұлтан Әбішұлынан болды. Ол кезде ол бірінші хатшы еді. Мені шақырып айтты: «Біздің жерімізден көптеген ғарышкерлер ұшып жатыр, бірақ әлі қазақ ұлтынан ғарышкер шыққан жоқ» - деді. Мен ол кезде өзім межелеген дәрежеге жеткен едім. Тәжірибем де мол болды. Нағыз әмбебап сынақшы-ұшқыш дәрежесіне жеттім. Өкінішке қарай, ол кезде менің әріптестерімнің бірі өмірден өтіп кетті, бірі денсаулығына байланысты ұшуға жарамсыз болды. Сол кездегі ең ауыр жұмыстарды атқаратын екі-ақ адам қалдық. Соңғы үлгіде жасақталған МиГ-29, МиГ-31 ұшақтарын басқаратын адам жоқ. Енді не істеу керек? Сондықтан да мен Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысынан тағы да бас тарттым» - дейді халық қаһарманы.

 Өзімен ақылдаспай-ақ қазақ атынан ғарышқа ұшады деп жариялап жіберген Елбасына деген өкпесі қара қазандай болған батыр ұлдың Президентке ашуланатын да жөні бар.

«Ашуым қатты еді. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлының күлкісі де, сөйлеген сөздері де өте қатты әсер етеді. Ашуланып барасың, күліп қайтасың. Басқаларға қандай екенін қайдам, өз басым қанша ашуланып, ренжіп барсам да, бір-екі ауыз сөзден кейін жібіп қаламын. Ашуым тарқап кетеді» - дейді аңғал мінез батыр ағамыз.

Өзінің ұлты үшін, халқының игілігі үшін, өзі айтқандай, «тапталған қазақ рухын көтеру үшін» дер шағында керек болып тұрған осы ғарыш сапарын неге кешіктіре бергенін Тоқтар Әубәкіров өзі айтып берді.

«Оның себебі мынадай. Мен әр ісімді жол ортада тастап кетпейтін адаммын. Жаңа да айтып жатырмын, тағы айтайын, мен өзім кәсіби тұрғыда қанша биікке шықсам да, өзімді әлі де сынақшы-ұшқыш ретінде жоғары деңгейге көтерілдім деп есептемедім. Өзіме көңілім толмады. Әрі қаншама сынақтан өтіп, қаншалықты қиындықпен Микоян дизайн бюросына кіргенімді жақсы білемін. Соны біле тұра оларды менсінбегендей, осы мамандықты игере алмаған адам секілді болмайын деп сынақшы-ұшқыш тәжірибесін одан ары шыңдай түскім келді. Ең жоғарғы шыңына шыққым келді. Ең үздік сынақшы-ұшқыш атануға тырыстым. Сондай мақсат қойдым алдыма. Бұл ойымды Қонаевқа да, Нұрсұлтан Әбішұлына да айтқан едім. Алайда 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алардың алдында Жоғарғы кеңес Тәуелсіздіктің алғашқы алғышарттарын жасап, декларация қабылдап жатқан кезде Қазақ жерінде жасалған ғарыштық құрылымдар, сауыт-саймандардың барлығы да осында қалады деген шешім де шыққан болатын. Дәл осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Тоқтар ғарышқа ұшуға дайын» деп жариялап жіберді», - деп әңгімесін жалғастырды Қазақтың тұңғыш ғарышкері.

Президенттің қабылдауынан шыққан болашақ ғарышкер үшін Мәскеуге жетудің өзі мұң болатын. Дегенмен, ел үшін, қазақ үшін маңызды мәселеде оның жолына ешкім де көлденең тұра алған жоқ.

«Ол кезде Нұртай Әбіхайұлы Президенттің көмекшісі еді. Шыққан соң мен ол кісіге айттым: «Нұреке, жағдай осылай. Самолет ұшып кетеді, мен үлгермеймін. Қалай болар екен» - деп. Ол кісі «Жарайды, отбасыңды алып, жинал да, әуежайға бар. Сені сол жерде ұшақ күтетін болады», - деді. Айтқанындай, мені күтіп тұр екен. Мәскеуге жеттік. Сол жерде ТАСС ақпараттық агенттігінің ғимаратында жиналыс өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы бар, Кеңес үкіметі, БАҚ министрі бар, ақпарат құралдары бар – бәрі келіпті. Сол жерде мені қазақ ұлтынан шыққан алғашқы ғарышқа ұшушы үміткер ретінде таныстырды. Сол сәттен бастап мен ғарышқа ұшуға дайындықты бастап кеттім. Бірнеше күннен кейін арнайы комиссияның тексерулері басталды. Арнайы ғарышкерлердің денсаулығын бақылайтын госпитальге жаттым. Бір айлық дайындықтан кейін госпитальден қолыма «Ғарышқа ұшуға дайын» деген анықтаманы алып шықтым. Содан 2 сәуір күні Байқоңырға – Жұлдызды қалашыққа келдім. Осы күннен бастап менің шынайы ғарышкер ретіндегі дайындығым басталды», - деп еске алады сол бір жылдардағы қорқынышынан қобалжуы басым күндерді.

«Менің ең үлкен көңіл аударған мәселем осы болды. Соған қарап отырып мен өзімді тектен-текке ұшып барып келдім деп есептемеймін» деген ғарышкер қазақ халқының тұңғыш ғарышкері ұшқан ғарыш-сапарын кімдер қаржыландырғанын да жасырмады.

«Ол кезде әлі де Кеңес үкіметінің құрамында едік. Мен Кеңес үкіметі атынан ұштым. Сондықтан қаржы да кеңес үкіметінікі болды. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де біздің елде кеңес үкіметінің ақшасы айналымда болды ғой. Ресей өз ақшасын өндіре бастаған тұста Қазақстанға вагон-вагон ақша келді. Қайда жұмсауды білмеген едік. Ол жәй ғана қағаз еді. Менің ұшып барып келуім де, бағдарламаларды жүзеге асыруымыз да сол вагон-вагон қағаздың арқасы еді. Қазақстан бір тиын да шығарған жоқ. Талғат ұшқан кезде біз өз ақшамызды, Тәуелсіз Қазақстанның ақшасын жұмсаған едік», - дейді ғарышкер.

Байқоңырды Қазақстанның өз қарамағында қалдыру үшін Тоқтар Әубәкіров бір адамдай тер төккен. Алайда, белгілі себептермен, әсіресе, бастысы, қайта құру заманына тап келіп, нарықтық экономиканың қыспағынан шыға алмай жатқан Қазақстан билігі Байқоңырды жалға беруді ұйғарған еді.

«Бұл жайлы мен 1992 жылдан бастап айтып келемін. «Біз халықаралық үлкен бір космопорт жасайық, оның құрамына бүкіл дүниежүзілік ғарыш агенттіктерін кіргізейік» деген ұсынысты көп айттым. Сырт елдер үшін біз – Қазақстан қонақжай мемлекетпіз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан халқының арасында 130-дан астам ұлт бар. Барлығы да құшағымызға сиып отыр. Сол секілді, әлемде ғарыш саласымен айналысатын елдерді де космопорттың құрамына кіргізуге мүмкіндігіміз бар еді. Одан бізге пайдадан басқа зияны жоқ болатын. Біздің балаларымыздың, ұрпағымыздың осы саланы жетік менгерулеріне мүмкіндік болатын еді. Ең соңғы технологияларды меңгеріп, жаңа білім, жаңа жетістіктерге жетер едік. Алайда менің осы Байқоңырды өз меншігіміз ретінде пайдалануға жасаған жоспарым қаражаттың жетіспеушілігінен қолдау таппай қалды. Бір жағынан саясаттың да салқыны тиді. Осы өз ғарыш кеңістігімізді пайдалана алмай, өзгеге жалға беруге мен келіспей, кетіп қалған едім. Сол кезде бізге Байқоңырды өзіміз игеруге мол мүмкіндігіміз болған еді. Қазіргі таңда да Байқоңырдың болашағы бұлынғыр. Өздеріңіз білетіндей, Ресей үш бірдей ғарыш алаңын салып алды. Бірі – Присельский, бірі – Қиыршығыста, ал үшіншісі – жарияланбайтын, әскери сынақ өткізетін әскери-космодром. Және олар алдағы 30 жылға дейін тек ресейлік зымырандарды ғана ұшырамыз деп жазып жатыр», - дейді Тотар Оңғарбайұлы.

Осы орайда Тоқтар Оңғарбайұлының ғарышқа ұшуымен Қазақ елінің Тәуелсіздік алуын байланыстырып, ырым ететіндер жайлы сұраған едік, ғарышкер ағамыз бұл тарихи сәйкестік қана дегенді айтты.

«Мен Кеңес одағының ең соңғы 72-ші ғарышкерімін. Мен жерге қондым, менен кейін 16 мемлекеттің ең соңында қалған Қазақстан да өз Тәуелсіздігін алды. Әрине, бұл – тарихи сәт және бір-бірімен өте сәйкес келген сәт. Бұған дейін қалған 14 мемлекет өз-өз жайларына кетіп, құрамда Ресей мен Қазақстан ғана қалған болатын. Мен ұшпасам да Қазақстан өз Тәуелсіздігін алатын еді. Себебі мен ұшуға дайындалып жатқан кездің өзінде Қазақстан Тәуелсіздіктің алғышарттарын дайындап қойған. Мен 2 қазан күні ұшсам, Қазақ елі 29 тамызда Конституцияны қабылдап, Жоғарғы кеңестің шешімі шығып қойған болатын», - дейді Кеңес одағының екі реткі батыры.

Әлемдік ғарыш сапары туралы сөз болғанда, әсіресе, шетелдік қалталылар ғарышқа ақшасын төлеп, турист ретінде барып келетіні ойға оралады. Ал сондай көлемдегі ақшаны біз бәленбай жыл оқып, соған жұмсаймыз. Осындайда «сол ақшаны тура төлеп, біздің елдің азаматтары да ұшып келуіне болмас па еді?» деген сұрақ көкейге келеді екен.

«Жоқ. Мен оған келісе алмаймын. Неге десеңіздер, ғарышқа ұшу үшін үлкен дайындық болу керек. Қазақстанның мақсаты – ғарышкердің санын көбейту емес. Қазақстанның мақсаты – ғарыш арқылы пайда табу. Пайда дегенге ойламаңыздар, ғарышта ақша өндіріп жатыр екен деп. Ғарыш арқылы білім жинау, ғылымды меңгеру, өзімізде болмаса ғарыш саласының ғылым-білімін өзгелерден өзімізге алып келу. Тағы қайталап айтамын, ғарышқа ұшу үшін үлкен, жан-жақты бағдарлама жасау керек. Ол ғылыми бағдарлама болғаны дұрыс. Олай болатын болса, көптеген азаматтар сонымен шұғылданады. Ғарышқа ұшуды модаға айналдыра алмайсың. Ол қазақ үшін өте күрделі мәселе. Ал осы ғарыш саласында саусақпен санарлықтай ғана қазақ азаматы жүр. Солар мына ұлан байтақ даланы мекендеген қазақ ортасынан шығып, еуропаны мойындатар болса, бұл қазаққа абырой болмай ма?! Қайда шашылмай жатқан ақша...», - деген ғарышкер қазіргі қоғамның жемқорлыққа бағыт алып бара жатқандығын айтты.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкерімізден сұхбат барысында Тәуелсіз елдің келесі ғарышкері қашан ұшатындығы туралы сыр суыртпақтаған едік...

«Оның уақытын нақты айта қою қиын. Аяқ астынан Айдын да ұшып келді. Бұған дейін де қазақты жерге қаратпайтын ұлдар дүниеге келген, әлі де өмірге келеді деп ойлаймын ғарышты бағындыратын қазақ. Бірақ қазіргі кезде ешкімді дайындап жатқан жоқпыз. Әзірге ешкімді тап басып атай алмаймын. Бір азаматымыз Ресейде оқып жатыр. Мұхтар Аймаханов деген. Сол жігітке көмектесуіміз керек еді, бірақ «ойбай, Ресей азаматтығын алып кетті, анау болды, мынау болды» деп көңіл бөлмедік. Менің ойымша, ол қай мемлекеттің азаматы болса да, қаны да, жаны да, ұлты да қазақ қой. Оны ұмытпауымыз керек еді. Мен де Кеңес одағының атынан ұштым, бірақ қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер ретінде танылдым. Менің Кеңес үкіметінің ғарышкері екенімді ел ұмытып та кетті. Мен Қазақстанның, қазақтың ғарышкерімін. Сондықтан Мұхтардың жолына бөгет болғаннан гөрі, ұшамын десе, табанына иығымызды тіреуіміз керек еді. Бірақ біздің азаматтардың осы мәселеге келгенде әйтеуір бірдеңесі жетпей қалды», - дейді Тоқтар Әубәкіров.

- Әңгімеңізге рахмет!

Дерек көзі:baq.kz  Қыр баласы    

 

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер