Алып империяның іргесін шайқалтқан, ел тәуелсіздігіне себепкер болған әйгілі көтеріліс төңірегінде күні бүгінге дейін беті ашылмай келе жатқан талай-талай шындықтар бар екені ақиқат. Бір анығы, тәуелсіз қазақ елі сол ауыр күндерде ұлттың жоғын жоқтап, ел намысын биікке көтерген ержүрек ұландарына деген құрметін ешқашан төмендеткен емес. Сол күндерді көзі көрген, оқиғаның басы-қасында болған қыз-жігіттердің қай-қайсысын болсын ардақ тұтып, бастарынан өткерген ерлік оқиғаларын өз ауыздарынан естіп қалуға тілек білдіріп жататынымыз тағы бар. Бүгін бір батыр ұлмен сұхбат құрудың сәті түсті. Өзін-өзі қаһарман етіп көрсетуді ұнатпайтын, сол күндерде көрген қиындықтарына бола ешкімге бұлданғысы келмейтін азаматтың көңіл түкпірінде ашылмаған талай сыр жатқандай. Әңгімеміздің бас кейіпкері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың экономика факультетінің доценті, ғылым кандидаты, жастық көктемінің бірнеше жылын темір тордың арғы жағында өткізген Бауыржан Қайранбеков мырза еді.
— Бауыржан аға, алаңға қалай шыққандарыңыз туралы қысқаша айта кетіңізші. Марқұм Қайрат Рысқұлбековпен бір оқу орнында оқыған екенсіз ғой, алаңда да бірге болдыңыздар ма?
— Мен ол кезде Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтының 1-курс студенті едім. Соның алдында ғана әскерден келген болатынмын. Алаңға көппен бірге өз ұстанымымызды білдірейік, қазіргі тілмен айтқанда, бейбіт шеру жасайық деген ниетпен шықтық қой. Алаңға шыққан адамдардың қарсы алдына өзге ұлт өкілдерін, оның артына милицияны тұрғызды. Кейін ерекше жасақтың сарбаздары тартылды. Болған оқиғаның негізгі барысы, қандай қайғылы жағдайлардың болғандығы көпшілікке жасырын емес деп ойлаймын. Желтоқсан оқиғасы туралы талай кітаптар мен естеліктер, мақалалар жазылды ғой. Сол кезде ақ-қарасын айырмай, жаппай түрмеге тоғытып жатты. Кісі өлімі болды. Опат болғандар туралы нақты мәлімет күні бүгін де анық емес. Негізінде студенттерден көп адам шығыны болды. Райымбек батырдың кесенесі жанында 50-ден астам «белгісіз» адамдардың қабірлері сол кезде пайда болғанын білемін. Кейбір ауыр жарақат алған қазақ жастары арнайы қызметтің адамдары арқылы үйлеріне жеткізіліп, сол жерде қайтыс болғаны да бар. Із-түзсіз кеткендер туралы айтуға, оларды іздестіруге мүлде тыйым салынған еді сол кезде. Шынымды айтсам, кімді-кім өлтіргендігі анық емес. Барлығының жаласы студенттерге жабылды ғой. Солардың бірі — Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков. Қайрат екеуміз оқу тобымыз басқа болса да, жатақханада бірге тұрдық. Алаңға шыққанда Қайрат басқа жақпен өтіп кетіпті, біздер қазіргі Желтоқсан алаңының басқа жағынан келдік. Бір кезде бір жігіт қолындағы ұранын ағашқа ілісіп жіберуге шақырды. Ондағысы Лениннің «Әр халықтың өзінің көсемі болуы керек» деген сөзі екен. Оған көмектестім, арада талай-талай қақтығыстар да болып жатты ғой, енді олардың қайсыбірін айтамыз. Біз қыздарды таяқтан қорғау үшін қалқалай бердік. Ақыры милицияға тұтқынға түстік. «Жаппай тәртіпсіздік тудырғандығым», «ұлтшылдығым» үшін 3 жыл 6 айға, қатаңдатылған режимдегі түзеу мекемесіне жіберді. Өскемендегі түрмеде 2 жылдан аса уақыт отырдым. Одан соң босатты.
— Бұл оқиға төңірегінде ашылмаған әлі де талай сырлар жатқаны шындық. Сіздер ақталып шыққаннан кейін сол кездегі кінәлілер жауапқа тартылған жоқ па?
— Желтоқсан оқиғасын ақтап алуда Мұхтар Шаханов ағамыз үлкен ерлік жасады, үкіметтің шешімі өзгеріп, жаппай ақтала бастағаннан кейін ең алғаш рет, сол оқиғаның басы-қасында болған, түрмеге отырып келген азаматтардың ұйымдастыруымен «Желтоқсан қозғалысы» қоғамдық ұйымы құрылған еді. Ондағы мақсат 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды ақтау, түрмеден келген жігіттердің жұмысқа тұруына жәрдем беру секілді бірнеше міндеті болды. Біз қазірге дейін сол ұйымның мүшесіміз. Тәуелсіздіктен кейін Республикалық мәртебеге ие болды.
— Қазір тегіс ақталып шықтыңыздар ма?
— Әлі күнге дейін «ақталған» жоқпыз. Бас прокуратураның мұрағатында «кезінде қылмыс жасап сотталған» деген анықтамамыз әлі жатыр.
— Бұл қалай болғаны сонда? Кезінде ақтау туралы қағаздарыңызды бермеген бе еді?
— Кезінде ақталғанды-ғымыз туралы қағаздары-мызды алдық. Тәуелсіздіктен кейін Желтоқсанға жаңаша сипат берілді. Желтоқсаншылар тегіс ақталды. Алматыдағы Бас прокуратураның ақтаған қағазын 1997 жылы алдым. Оны ешкім кешіктірген жоқ, реті солай болды. Ал облыстық прокуратура 1990 жылы ақтаған болатын. Арада қаншама жылдар өтті. Бұл туралы ескіре бастаған болатын. Тек биылғы сайлау кезінде біраз жігіттер маған Астана қалалық мәслихатқа депутаттыққа үміткер ретінде түсуге ұсыныс жасады. Мен осы жұмыстың төңірегінде тиісті анықтамалар жинап жүріп, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, «сотталмағандығым туралы анықтама» алуға өтініш қалдырған едім. Соны алуға барсам, Бас прокуратурадан «қылмыс жасап сотталған» деген анықтама келіпті. Ондағылар бұның жәй-жапсарын білмейтіндіктерін айтып, Бас прокуратураның өзіне баруға кеңес берді. Ақыры сол жақтың есігін тоздырып, ақталғандығым туралы барлық анықтамаларымды көрсетіп жүріп, «сотталмағандығым» жөніндегі анықтаманы алып шықтым.
— Сонда бұның белгілі бір астары бар ма? Тек сіз ғана «ақталмай» жүрсіз бе, әлде барлық желтоқсаншылар бүгінге дейін «қара тізімде» тұр ма?
— Меніңше, мұнда ешқандай саяси астар, басқаша мақсат жоқ. Тек прокуратураның жауапсыздығы дер едім. Қазір барлық салада құжат-материалдар дерлік электронды нұсқаға көшіріліп жатыр ғой. Алматының жауапты мекемелеріндегі ісқағаздарын Астанаға алдырып, Бас прокуратураның арнайы статистика орталығына дұрыстап тіркемеген секілді. Маған солай түсіндірілді. Ал «ақталмаған» жалғыз мен ғана емес, талай адам бар көрінеді. Шымкентте тұратын Шәкіржанов Мұратжан деген жігіт бар еді. 1986 жылы Жезқазғанда оқып жүріп, Алматыдағы оқиғаға сол жерде тұрып үн қосқандығы үшін сотталған екен. Өткенде сол азаматтың баласы әскерге баратын кезде «әкесінің кезінде істі болғандығы» көп кедергілер келтіріпті. 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Репрессияға ұшырағандар» туралы жарлығының 27 бабының 2 тармағында «1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқандар тегіс ақталсын» деп ашық жарияланумен қоса, «қызмет бабында жүрген тұлғалар мен орган қызметкерлеріне зақым келтіріп, қылмыс өткізгендер ақталмасын» дегенге саятын тұстары бар еді. Сол кездегі Желтоқсанның белсендісі болған Тайжұмаев Жамбылбек «милицияны ұрғандығы үшін» 15 жылға сотталған болатын. Кейін босап шықты. Алайда күні бүгін ақталған жоқ. Сонда Жамбылбектің ақталмай жүргендігі «өлмей қалғандығы үшін бе»? Тағы да бір жігіт бар, ол — Мырзағұл Әбдіқұлов. Ол өлім жазасына кесіліп барып, артынан ұзақ мерзімге жабылды. Ол да кейін бостандыққа шықты, бірақ ақталған жоқ. Осы тектес мәселелер туралы қазір Алматы қаласындағы Республикалық Желтоқсан отаншылдық-патриоттық қозғалысындағы жауапты адамдарға хабарласып жатырмыз. Бас прокуратураға өтініш беріп, бұл іске түбегейлі нүкте қойғызсақ деген ойымыз бар.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали
Дерек көзі: elana.kz