Елдос Сметов: Әр нәрсенің басын бір шалсам, мақсатқа жету қиындайды
26.10.2016, 11:47

Елдос Сметов: Әр нәрсенің басын бір шалсам, мақсатқа жету қиындайды

Рио Олимпиадасында қазақстандық екі дзюдошы жүлдегерлер тұғырынан табылды. Соның бірі - Елдос Сметов 60 килоға дейінгі салмақта күміс медальға қол жеткізді. Бұған дейін 2010 жылы әлемнің жастар арасындағы, 2015 жылы ересектер арасындағы чемпионы, 2013 жылы Азияның күміс жүлдегері атанды. Біз жақында онымен кездесіп, Ойындар әсеріне тағы бір оралған едік.

- Елдос, сізбен финалда ұшы­расқан ресейлік атлет Беслан Мудранов журналистерге берген сұхбатында: «Сметов өте жылдам қимылдайды. Бірақ соңғы ми­нуттарда шаршап қалады екен, соған қарай дайындалдым», депті…

- Жоқ, бекер әңгіме. Мен шар­шаған жоқпын және оны көрсеткен де емеспін. Бұған де­не күші дайындығым мен шебер­лік шыңдауым, психология тұрғы­сындағы ахуалым - бәрі жақсы болғаны айғақ. Сондықтан финалда керісінше жанып тұрдым. Бұл менің жеңіске деген ынтамды арттырып, қарқынымды күшейе түсті. Соның әсерімен өзіме көбірек сеніп, эмоцияға беріліп кетіппін. Менің жеңіліске ұшырауыма тікелей себепкер болған да сол.

- Демек, өкінішіңіз де жоқ емес қой?

- Олай деп айта алмаймын. Мен үшін Олимпиада сәтті өтті. Кө­ңілім толмайтын, өкінетін жерім жоқ. Тек сәттілік жетіспеді. Сонда да болса, өз күресіме тәнтімін. Екінші орынға жете алмағандар да жетіп-артылады. Оған мен жеттім. Ендеше, табысыма қуаныштымын. Бұл - әзірге менің спорттағы ең үлкен жетістігім. Енді Токиода бұдан да биік белеске шыққым келеді. Рио тұғырында өткен марапаттау сәтінде ендігі жолы мойныма қалайда алтын медаль тағылуы керек екенін іштей айтып, қатты толқып тұрдым. Мұны жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар деп білемін.

- Татами үстінде ең көп жүгі­нетін әдісіңіз қандай?

- «Балуанға оң-терісі бірдей» деп жатады ғой. Мен де екі жақтан бірдей келе беремін. Осыған орай тәсіл екі жақтан да жасалады. Не­гізі, мен белгілі бір түбегейлі әдіс­­терге телініп қалатын балуан емес­пін.

- Қарсыластарыңызбен өмір­­дегі қарым-қатынасыңыз қандай?

- Мен олармен өмірде қар­сылас емеспін. Бәрімен де сәле­міміз түзу, реті келгенінше ара­ла­самыз, бір-бірімізге жан сы­ры­мызды жайып салмасақ та, белгілі бір тақы­рыптарда өзара пікір алмасып жатамыз. Мұ­ның бәрі сыйластыққа келетін нәрсе. Араларында дос санауға тұра­тындары да бар.

- Жарысқа шығатын кезіңіз жақындады ма?

- Келесі жылдың ақпан айында Германияның Дюссельдорф қаласында халықаралық «Grand Prix» турнирі өтеді. Ендігі сайыс­тарымды сол турнирден бастаймын.

- Әлгінде Токиоға барғыңыз келетінін айттыңыз. Ал спорт­шылық мансабыңыз аяқ­тал­ғаннан кейін қайда барасыз?

- Шынымды айтсам, бұл жайында әлі дұрыстап ойланып көрмеппін. Әзірге спортшылық мансабымды жалғастыра бергім келеді. Сол үшін де алдағы Олимпиадаға осы бастан дайындала беруім керек. Басқа ештеңені ойлап қажеті жоқ. Одан пайда келмейді. Тек залалы тиюі мүмкін. Менің бар мақсатым - тезірек спорттық бабыма келіп, одан әрі жетіле беру.

Әңгімелескен: Әйгерім ТОҚСАНБЕК

Дерек көзі: egemen.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер