Қазақ ешқашан діни фанат болмаған!
08.10.2016, 17:55

Қазақ ешқашан діни фанат болмаған!

 

 Асылхан Өмірзақұлы Аманқұлов әсем шаһарымыз Алматының Медеу ауданындағы «Әл-Хамид» мешітінің Бас имамы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған жылдардан бастап, Алматы қаласының Бас имамы, наиб мүфти сияқты жауапты қызметтер атқарған. Ширек ғасыр бойы асыл дінімізге аянбай қызмет етіп келе жатқан есімі елге белгілі, тәжірибесі мол діндармен асыл дініміздің өткені мен бүгіні, теріс ағымдардың алдын алу мен өзге де өзекті мәселелер жөнінде әңгімелескен едік.

– Асылхан аға, жас кезіңізде өнер жолын таңдап, әртіс болуға талпыныс жасаған көрінесіз. Бірақ, бүгінде, елімізге белгілі имамсыз. Өміріңіздің күрт өзгеруіне не себеп болды?

– Бала кезімнен өнерге құмартып, түрлі мәдени шараларда домбырамды құшақтап, ән мен терме айтып, елдің назарына ерте іліктім. Оның үстіне Құдайдың берген бағы шығар суырып салма ақындықтан да құралақан емес едім. Осындай талантымды байқаған ауданымыздағы сол кездегі автоклуб меңгерушісі Тілеу Ақанбаев деген азамат мені Алматыдағы өнер ордасында білім алуға үгіттей бастады. Мұны байқап қалған әкем Өмірзақ: «Балам, өнер жолын таңдасаң екі дүниеде де риза емеспін. Сен балаңның баласына дінді үйретуің керек. Артымнан дұға жасайтын ұрпақ қалмаса, батамды бермеймін», - деді. Әкеден артық кім бар бұл дүниеде? Мен үшін оның әрбір сөзі бұлжымайтын заң. Ойланып жатпастан сол кездегі Орта Азия мен Қазақстандағы жалғыз діни оқу орны Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесіне құжаттарымды тапсыруға бардым. Алайда, түрлі себептерге байланысты тек төртінші жылы ғана оқуға алындым. Дегенмен, біз оқуды тәмамдайтын жылы Кеңес Одағының іргесі шайқатылып, құрамындағы республикалар тәуелсіздігін жариялай бастады. Бас кеңсесі Ташкент қаласында орналасқан Орта Азия және Қазақстан мүфтилігі таратылып, елімізде жаңа діни басқарма өз алдына бөлек шаңырақ көтерді. Осыдан болар оқуымызды бітіруге шамалы уақыт қалғанына қарамастан, ораза айының ішінде олар бізді елге қайтарып жіберді. Амалсыздан, бір жақсылықтан үміттеніп, Алматыға қарай құстай ұштым. Келсем, еліміздің алғашқы мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлының бастамасымен имамдарды дайындайтын екі жылдық Ислам институты ашылып, әне-міне дәрістер басталғалы жатыр екен. Алғашқы 40 шақты шәкірт те жиналыпты. «Жас келсе іске» демекші, өзгелерге қарағанда діни білімім болғандықтан, қырағаттан, хадистен оларға сабақ берсем, екінші жағынан білім ала жүріп, аталмыш оқу орнын бітіріп шықтым. Ол кезде, тіпті отыратын партаның өзі жоқ еді. Алғашқы дәрістерімізді жерде отырып оқығанымызды қалайша ұмытарсың?!

Әрине, имамдыққа түбейлі бет бұрғаныммен өнерді де тастағаным жоқ. Жақын-жуық, ағайын- туыс, дос-жаранның басы қосылғанда қолыма қара домбырамды алып, әу деп қоятын әдетім бар. Біз ежелден дін мен дәстүрді қатар алып жүрген халықпыз. Мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ, керісінше өнерге біртабан жақын болу діндардың артықшылығы ма деп ойлаймын.

Еліміздің бірінші мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлының кезінде наиб-мүфти, Алматы қаласы орталық мешітінің Бас имамы болып қызмет атқардыңыз. Сол кез бен қазіргі дін саласында қандай өзгерістер бар?

– Ол уақытпен қазіргіні, тіпті, салыстыруға келмейді, айырмашылығы жер мен көктей. Бір ғана мысал айтайын. 90-жылдардың басында қайтыс болған адамдарға костюм-сымын кигізіп, табытпен бізге әкеліп, жаназасын шығаруды талап ететін. Біз әрқайсысына ағалап, көкелеп жүріп, мұның дұрыс еместігін түсіндіріп, оларды көндіріп қайтадан кебіндеп, жаназасын оқитынбыз. Құдайға шүкір, бірде-бір марқұмды үстіндегі киіммен, жерлеген кезім болған емес. Алланың қалауымен, алты алаштың ардақтысы, ширек ғасыр Қазақстанды басқарған алып тұлға Дінмұхаммед Қонаев марқұмды өз қолыммен жуындырып, ақтық сапарға шығарып салу құрметіне ие болдым.

Мен қызметке келгенде Алматының орталық мешіті ағаштан салынған шағын ғана құлшылық үйі болатын. Сондықтан жаңа ғибадат ордасын салу күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе еді. Алматы қаласының сол кездегі әкімі марқұм Заманбек (Нұрқаділов) ағамыз мешіттің жерін кеңейтіп берген соң құрылыс жұмысына бел шеше кірістік. Алғашқы іргетасының қалану рәсіміне еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қатысып, игілікті ісімізге сәттілік тіледі. Дегенмен, бізді үлкен қиыншылықтар күтіп тұрғанын сездік. Бір ғана байланыс желісін (бұл байланыс желісі мешітіміздің астынан өтетін қауіпсіздік саласына қатысты екен. Олардың келісімінсіз алып тастасақ, қылмыстық жазаға тартылып, айыппұл да қоса төлейді екенбіз.) ауыстыруға рұқсат алу үшін бірнеше жылымыз кетті. Іргетасы қаланып, қаңқасы қарайған ғимарат құрылысының неліктен тоқтап қалғанын халық түсінбей дал. Жамағат та құрылыс жұмыстарының қашан жанданатынын сұрап, әбден мазамызды алды. Осылай жүргенде тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атып, шаруамыз дөңгеленіп сала берді. Егемен мемлекеттің жас кәсіпкерлерінің басын қосып, мән-жайдан хабардар етіп, іске кірістік. Бұл кезде шекарамыз ашылып, алыс-жақын мұсылман елдерінен дін саласына жауапты адамдар келіп, құлшылық үйінің құрылысын толық аяқтап беруге ықылас танытты. Алайда, «жаным арымның садағасы» деп алғашқы мешітімізді өзіміз салайық деп намысқа тырыстық. Аллаға шүкір, ел-жұрттың тілеуімен, көптің қолдауымен бірнеше жылда құлшылық үйін жамағаттың пайдалануына бердік.

– Шетелдік мамандар жай келмей, басқа да ұсыныстарымен келген шығар...

Дұрыс айтасыз. Иран, Сауд Арабиясынан, Мысырдан және өзге де елдерден келген қонақтарымыз шәкірт тәрбиелеп беруге ықылас танытты. Алайда, сол кездегі мүфтиіміз Рәтбек қажы Нысанбайұлы ирандықтарға біздің ақли-сунна жамағат екенімізді (сүнниттер) сездіртіп, арнайы хат жазып жіберсе, саудиялықтардың да ұстанымы бізге сейкес келмейтінін айтып, ұсыныстарынан бас тартты. Тек ғана әлем мұсылмандары мойындаған Мысырдың «Әл-Азһар» университетіне шәкірттер жіберуге уағдаласты. Өйткені, халқының әдет-ғұрпын білмейтін, дін мен дәстүрді қатар алып жүрмеген, өзгеше ойлайтын азаматтың елдің береке-бірлігіне сызат түсіріп, бүлік салатынынан қауіптенген еді.

– Өкінішке орай, ата дініміздің ұстанымына жат теріс ағымның жетегінде кеткендер біртіндеп ел аумағына сыналап кіріп, лаң салып жатқаны ащы шындық. Оларды қалай тыюға болады?

– «Жат ағым өкілдерінің іс-әрекетіне тек заңмен ғана тоқтау салмасақ, басқа жолмен тоқтату мүмкін емес»,–деген пікірді қуаттаймын. Бірақ, мұнан алдын құқық қорғау орындары өзара бірлескен шешім қабылдап, жат ағымның өрісін тарылтып, нақты қадамдарға барса, ешкім қолдарынан қағып жатқан жоқ ғой. Өйткені, оларды үгіт-насихат арқылы қайтару мүмкін болмай барады. Теріс ағымды ұстанатындардың әлеуетті қолдаушысы бар және діни фанатизмге шектен тыс берілген.

Ертеректе қазақ жеріне дінді жамылған жат пиғылды адамдар өз ұстанымын таратып, жаю үшін келмеді дейсіз бе? Келді. Бірақ, дінмен біте қайнасқан дәстүрімізді мықтап ұстанған, ата-бабамыз оларды әй-шайға қарамай елден аластатты. Көнбегендерін тезге салды. Қазақ ешқашан діни фанат болған жоқ! Көршіміз Өзбекстанды алайық. 1999 жылғы Ташкенттегі жарылыстардан кейін теріс ағымдарға заңмен тыйым салып, елдерінен түре қуды. Міне, содан бері 20 жылға таяу уақыт болды, көршімізде тыныштық. Сондықтан, билік заңды қатайтып тізгінді қаттырақ тартып, тезге салатын уақыт келді.

 – «Туған жерге туыңды тік» дейді халқымыз. Сіз де осы аталы сөзге амал етіп, ауылыңызда мешіт салдырыпсыз. Сондай-ақ елімізге танымал діндарлардың арасында шәкірттеріңіз көп көрінеді.

– Саф ауасын жұтып, көшесінде дос-жарандарыңмен тай-құлындай тебісіп асыр салып өскен туған ауылым киелі Қазығұрт өңіріндегі Үшбұлақта ел-жұрттың қолқалауымен мешіт салдырдым. Ауыл тұрғындары да қолынан келген көмегін аянып қалған жоқ. Бұл менің перзенттік борышым, әрі парызым деп білемін. Бүгінде құлшылық үйінде бес мезгіл азанның дауысы есітіліп, намаз оқылып, көптеген шәкірттер тәрбиеленіп, ауылдың рухани орталығына айналды. Республикалық «Көрікті мешіттер» байқауына қатысып, жүлдеге ие болды.

Шәкірттеріме келетін болсам, Құдайға шүкір, еліміздің қай түкпіріне бармайын, алдымнан «ағалап» жүгіріп шығып жатқанда бір марқайып қаламын. Бүгінде көпшілігі ата дініміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай тер төгуде. Солардың қатарында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, "Нұр Астана" мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Өтпеновты, ҚМДБ-ның іс басқарушысы Ербосын Орынды және тағы басқаларын атауға болады.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін Алла разы болсын!

Сұқбаттасқан Кеулімжай Құтты

Дерек көзі: old.muftyat.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер