Оқулық – оқушыны уыздандыратын құнды құрал – Ғ.Бейсембаев
11.12.2020, 17:05

Оқулық – оқушыны уыздандыратын құнды құрал – Ғ.Бейсембаев

Жуырда «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Бас редакторлар клубы арасында меморандумға қол қойылды. Құжат оқулық сапасын жақсартуға бұқаралық ақпарат құралдарының да атсалысуын көздейді. Жалпы, оқулық жазу, оны баспадан шығару қай кезде де, қай елде де өзекті. Кез келген бала үшін білім бастауы – «Әліппе». Алайда «Әліппесіз» әріп таныған бір буын өсіп жатыр қазір. Бұл – ұрпақтың жан жарасы, қоғамның үлкен қателігі. Дегенмен, келер жылдан бастап жоғалтқанымыздың орнын қайтадан толтыруымыз мүмкін? «Әліппе» мен «Ана тілі» қайтадан мектеп бағдарламасына еніп, оқушыға оралатын болды. Бұл туралы осы орталықтың басшысы бізге берген сұхбатында жан-жақты айтып берді.

Jas qazaq: Ғани мырза, келесі жылдан бастап «Әліппе» мен «Ана тілінің» қайта оралатынына қуанып отырмыз. Бірақ ол қандай «Әліппе», қандай «Ана тілі» болады? Бұрынғы оқулықтар сипатында ма, әлде жаңадан жазыла ма?

Ғ.Бейсембаев: Заман ағымына орай әртүрлі кезеңдерді бастан кешіріп, дамып келе жатқан білім беру жүйемізде «Әліппенің» алар орны ерекше. Әліппе – тарих елегінен өтіп, ұлтпен бірге жасасып келе жатқандықтан, символдық мәнге ие оқулық десек, артық айтқандық емес. Алдымен оқулық жазудың негізгі темірқазығы болып есептелетін «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерінің үлгілік оқулық бағдарламалары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында әзірленді. Бағдарлама жасауда ғалымдардың, озық ойлы педагогтердің, қоғам қайраткерлерінің талқылауынан өтіп, пікірлері ескерілді. Жаңа оқулықтың қай бағытта жазылатыны туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов мұғалімдердің өткен жылғы тамыз мәслихатында хабардар еткен болатын. Ол өз сөзінде «Әліппе» оқулығы 2021 жылы өздеріңізге жақсы таныс қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізіледі. Біз қазір осыған байланысты жұмыс жүргізіп жатырмыз» деген болатын. Міне, содан бері ұзақ уақыт бойы оқу бағдарламасы ғылыми-педагогикалық және қоғамдық талқыдан өтіп, бірнеше рет қайта пысықталып, бекітілді. Қазіргі таңда оқулық әзірлеуші баспалар осы бағдарламаға сәйкес «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтарын әзірледі. Оқулықтар «Оқулық» орталығына ғылыми-педагогикалық сараптамаға және арнайы іріктелген республика бойынша пилоттық мектептерге сынақтан өткізуге жіберілді. Бұл жолы оқулықтарды ұзақ жылдан бергі тәжірибесі бар, арнайы оқыту курсынан өтіп сертификат алған мамандар жазды.

Jas qazaq: Оқулық шығару авторлық топтар арасындағы бәсекеге айналды. «Әліппе» мен «Ана тілін» шығаруға екі, не одан да көп баспа бәйгеге түсетіні анық. Оқулықты іріктеп алатын комиссия болады екен. Ол комиссия қалай құрылады? Қандай мамандар бар құрамында? Әлгі комиссияға баспалардың «бармақ басты, көз қысты» ықпалы болмай ма? Ең бастысы, сол комиссияға еліміздегі ең білікті мамандар тартылды ма? Оқулық жазып жатқан мамандардың өзі сол комиссияда бар ма? Болса, күні ертең ол өз «баспасының» сойылын соқпай ма?

Ғ.Бейсембаев: Оқулық шығару бәсекелестік ортада екендігі жасырын емес. Әлемдік тәжірибеде бар кейс. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері «Оқулық» жазумен айналысып келе жатқан баспалар бар. Соңғы жылдарда сол қатарды толықтырып отырған баспалар да жетерлік. Оқулыққа сараптама жүргізу бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл – күрделі процесс. Біріншіден, сарапшылар базасын қалыптастыру үшін елімізге белгілі ғалымдар мен жоғары білікті ұстаздар, өз мамандығының шеберлері әдіскерлер бірнеше тәсілмен іріктеуден өтеді. Базадағы сарапшылар баспа өкілі не оқулық авторы бола алмайды. Оған тыйым салынған. Сарапшы мен орталық арасында келісімшарт жасалады. Іріктеуден сүрінбей өткендері ғана орталықтың сарапшылар базасына ену мәртебесіне ие болады. Сол базадағы сарапшылардың екі дүркін сараптамасынан және министрлік белгілеген пилоттық мектептерден сынақтан, қоғамдық ашық талқылаудан өткеннен кейін шешім шығару үшін арнайы комиссияға жіберіледі. Бұл комиссия пәндік сараптамалық комиссия деп аталады. Белгілі бір талаптарға сай таңдау конкурсынан және оқыту курстарынан өткен, сертификаттары бар білікті педагог мамандардан құралады. Олар сараптамадан өткен оқулықтарды құпия режимде соңғы рет қарастырып, қорытынды шешім шығарады. Осы комиссияның шешімі негізінде бәсекелестік ортадан ең сапалы оқулық іріктеліп алып, білім беру ұйымдарында қолданылатын оқулықтар тізбесіне енгізіледі.

Jas qazaq: Оқулық шығаруды жекелеген баспалар монополияға айналдырып алды. Былайша айтқанда, оқулық шығару – қып-қызыл бизнес. Сіздіңше, ұрпақтың болашағын жеке баспаға беріп, тіпті оқулық авторын баспаның өз таңдауына қалдыру қаншалықты қисынды?

Ғ.Бейсембаев: «Оқулық шығаруды жекелеген баспалар монополияға айналдырып алды» деген сөзіңіздің астарында оқулықтағы олқылықтарға қатысты ашу-ыза аралас реніштің болатыны заңды. Бүгінде оқушының қолында сапалы оқулық болса, мұндай ой тумас па еді? Бұған, әрине, баспалардың да ең үлкен жауапкершілігі бар екені рас. Дегенмен әлемдік тәжірибеде оқушының оқулығын әр елдің өз баспалары басып шығаратыны белгілі. Оқулықты баспадан басып шығармас бұрын, әр баспагер көзі жәудіреп сапалы оқулық күткен үш жарым миллион оқушыны көз алдына елестетсе екен дегім келеді. Оқулыққа қатысы бар кез келген маман осылай ойласа, оқулық сапасы да артар ма еді? Жалпы оқулық дайындауды баспалардан алып, кейбір сарапшылар айтып жүргендей бір орталыққа беру қисынсыз деп ойлаймын. Төл оқулықтарымыз жазыла бастаған тоқсаныншы жылдардың аяғында оқулық әзірлеу ісі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының еншісінде болатын. Оған мемлекет есебінен едәуір қаржы бөлінетін. Дегенмен ол кезде де оқулық төңірегіндегі сын бір сәт тоқтаған емес. Бүгінгі күні оқулық әзірлеу шығындары баспаның жеке қаржысы есебінен жүргізіледі. Сондықтан, қалай десек те, бәсекелестік болуы керек. Нарықтық заманда тек бәсекелестік орта тудырту арқылы ғана сапаға қол жеткізуге болады. Оны бүгінгі заманның кез келген адамы жақсы біледі. «Ұрпақтың болашағын баспаға ғана беріп қойдық» деген де қате түсінік, меніңше. Ұрпақтың болашағы әрбір азаматты алаңдатуы керек. Баспалар да, оқулық әзірлеушілер де Қазақстан азаматтары екендігін ескерсек, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидасымен жұмыс істеуіміз керек деп түсінемін.

Jas qazaq: Жазылған оқулықты сараптамадан өткізіп, кем-кетігін айтып, бағасын беретін алқа құрам болды ма? Әлде ақша бөлінді – оқулық жазу керек деген науқаншылық па?

Ғ.Бейсембаев: Орталықтың негізгі қызметі – баспалар, авторлық ұжымдар дайындаған оқулықтарды сараптамадан өткізу. Сондықтан оқулықтардың бірде-бірі сараптамадан өтпей, оқу үдерісіне енгізілмейді. Қазіргі таңда сараптама жұмысын жүргізу процесіне әр пән бойынша жауапты «Бас сарапшы» лауазымы енгізіліп отыр. Сараптама жүргізу қағидасы бойынша бір ғалым, бір практик және бір әдіскер мұғалім сыртқы сарапшы есебінде жұмысқа тартылатын болады. Оқулықты сараптау ісін құпия режимде өткізу мақсатында оқулықтардың барлығы баспа, авторлық ұжым көрсетілмеген мұқабамен сараптамаға келеді. Бас сарапшыдан бастап сыртқы сарапшыларға дейін кодпен ғана келген оқулықтың тек ішкі мазмұнына сараптама жасайды. Бұл сараптама жұмысының әділ өтуіне мүміндік береді. Биыл сыртқы сарапшыларды, оқулық авторларын арнайы екі апталық курстардан өткізіп, емтихан тапсырту арқылы іріктеп, тек сертификатталған мамандарды ғана сараптамаға тартуды жолға қоюдамыз.

Jas qazaq: Бұған дейін кейбір баспалардың оқулықты Қырғызстан мамандарына жаздырғаны туралы айтылып еді. Аз қаламақы төлеуді ойлаған болар. Бірақ бір елдің оқулығын өзге елдің авторы қалай жазады?

Ғ.Бейсембаев: Кей баспалардың типографиялық әлеуетінің әлсіздігіне байланысты дайын оқулықтарды шетелдерде басып шығаруы мүмкін. Бұл орайда отандық баспаханаларды көбірек дамыту қажеттілігін еліміздегі бизнес қауымдастығы қолға алса жөн болар еді. Алайда авторларды Қырғызстаннан тарту фактілері кездескен емес.

Jas qazaq: Оқулықтың мазмұнына да сын көп. Мысалы, 1-сыныптың оқулығында «салмақ», «жылдамдық» деген сияқты физикалық терминдер кездеседі. Есептердің сөзі шұбалаңқы, мәтіні түсініксіз. Мұның бәрі қасақана жасала ма, әлде баланың ой-өрісін дамыту үшін солай жазыла ма?

Ғ.Бейсембаев: Ондай мәселе бар екенін мойындауымыз керек. Алайда бұл оқу бағдарламаларын жасақтауда ескерілетін мәселе. Оқулықтағы мәтін мен терминдердің баланың жас ерекшелігіне сай болуы және оларды бірізділікке келтіру бойынша жақында арнайы жұмыс тобын құрып, арнайы отырыс өткізген болатынбыз. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы, қоғам қайраткерлері, ғалымдардың басын қосқан жиында аталған мәселені шешуге бағытталған нақты қадамдар белгіленді. Алдағы уақытта жемісін көреміз деген үміттеміз.

Jas qazaq: Еліміздегі ұлттық мектептерге де жекелеген баспа оқулық жазатын көрінеді. Мәселен, өзбек және ұйғыр тіліндегі мектептерге оқулықты «Жазушы» баспасы жазады екен. Олар да мамандарды сол ұлттың өкілдерінен өздері таңдап алатын көрінеді. Қалай жазып жатыр? Идеологиясы қалай? Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бала қай ұлттың құндылықтарын сіңіріп жатыр? Ертең олар Қазақ мемлекетінің патриоты бола ма? Осы жағын зерттеп көрдіңіздер ме?

Ғ.Бейсембаев: Қандай авторлық ұжым жазса да, оқулық – мемлекеттің саясатын жүргізетін арнайы мекеме – «Оқулық» орталығынан сараптамадан өтуі тиіс. Барлығы бақылауда екендігін жеткізгім келеді. Оның үстіне, биыл сараптама жұмысына тағы бір жаңалық енгіздік. Ол – оқулықтарды психолингвистикалық және этномәдени сынақтан өткізу. Осыған маманданған сарапшыларды жинап, арнайы бөлім аштық. Бұл – әрбір оқулықта қазаққа тән ұлттық нақыштың сақталуы, салт-дәстүрдің заманауи құндылықтармен ұштасуы тұрғысынан сараптама жасалады деген сөз. Оқулық мазмұнын кемелдендіре түсу үшін жаңа тетіктер қарастыру кезек күттірмейді. Ал психологиялық-лингвистикалық, яки дидактикалық сараптама әлемдік тәжірибеде бар. Біз де тұңғыш рет қолға алдық. Осы мәселелермен арнайы айналысатын құрылым құрудың сындарлылығын түсініп отырғаныңызға рахмет!

Jas qazaq: Қоғам тарапынан ең көп сын айтылатын саланың бірі, осы – оқулық. Сын көп жерде сапа да болу керек деп ойлаймыз.

Ғ.Бейсембаев: Қызметке келген сәттен бастап бірінші кезекте оқулыққа қатысты жылдар бойы елдің айтып, жазып жатқан барлық сын-пікірлерін жинақтап, оқып таныстым десе де болады. Біз үшін кез келген сындарлы сын пікірлердің барлығы құнды. Тек кей кезде сол сын айтушылардың сөзі шын сын ба, әлде алыпқашпа әңгіме ме, соны анықтау қиын. Кейбір жекелеген топтар бұл тақырыптың айналасында хайп іздеп жүргендей көрінеді. Оқулық – сенсация іздейтін тақырып емес. Оқулық – оқушыны уыздандыратын құнды құрал. Ол жерге дабыра-дақпырт жүрмейді. Біз әрбір сынға назар саламыз, негізгі жұмысымыздан былай шығып, соның анық-қанығын тексереміз. Көп жағдайда негізсіз болып шығады. Негізі сынды айту үшін де адам маман болуы керек. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар емес пе? Сондықтан да сын айтуға да жанашырлық пен жауапкершілік керектігін атап өткен жөн. Яки, «сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенді еске салғым келеді. Бұл ретте орталығымыз оқу басылымдарына қатысты пікір білдіріп отыратын бастамашыл топтармен мақсатты түрде жұмыс істеуді қолға алмақшы. Мысалы, белсенді ата-аналар, мұғалімдер, ғалымдар, БАҚ өкілдерін, айтары бар басқа сала мамандарын, жалпы осы саладан тыс қоғам өкілдерін тегін оқыту көзделуде. Сөйтіп оқулық сапасының артуына атсалысатын сарапшылардың қоғамдық ортасын қалыптастыру міндеті жүзеге асырылмақ. Оның артында сарапшылардың электронды базасын қалыптастыру секілді үлкен тірлік тұр.

Жалпы, оқулық жазудың үлкен ғылым екендігі белгілі. Ғылыми әдістемесіз іс нәтижелі болмақ емес. Сол үшін де Орталық жанынан Ғылыми әдіснамалық кеңес құрып отырмыз. Оған аты мәшһүр ғалымдар тартылған. Мұның бәрі де оқулықтың қазақ мүддесіне сай әзірленуі үшін жасалып жатқан қадамдар. Сапалы сараптамалық жұмыс қарқын ала беретін болады.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН
Мәлімет көзі: jasqazaq.kz

Газет нұсқасы: 50-1-2020.indd (jasqazaq.kz)

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер